Білім

Жазғы жоспар осындай еді

Ақтөбе қаласындағы №14 орта мектеп жазғы каникулда оқушылардың қайда демалатынын, демалысты қалай өткізетінін, ересек балалардың жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру үшін алдын ала жоспар жасады. Алдымен мектеп жанында жыл сайын жазғы каникулда ашылатын «Қарлығаш» лагерінің жұмысына көңіл бөлінді. «Қарлығаш» маусым басталысымен жұмысқа кірісіп, ата-аналары келісім берген 50 оқушыны қабылдады. Оның ішінде аз қамтылған, толық емес, көп балалы отбасылардың балаларын қамту мәселесі бірінші орында тұрды.

Демалыспен қатар балалар еңбектің де денсаулыққа пайдалы екенін білуі үшін мектеп жанында 5-8 сыныптардың оқушылары кезек-кезек маусымнан тамызға дейін қатыса алатын тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырылды. Оған ықылас танытқан 275 оқушы жазылды.

Мектептің барлық оқушысын жаз айларында назардан тыс қалдырмас үшін мектеп жанынан демалыс алаңын да ашып қойдық. Оған үш кезең бойынша 130 бала келіп, интелектуалдық ойындарға, викториналық сұрақтарды шешуге қатысып жатыр. Танымдық сабақтарды өздері өткізуге мұрындық болуда. Бұл демалыс алаңының жұмысы балалардың дүниетанымын кеңейтуге, мектеп бағдарламасында қаралмаған көркем әдебиеттерді оқуға бағытталды.

Ал қаланың шағын ауданында тұратын балаларға арнап мектеп шағын футбол алаңын ашып қойды. Жаз бойы футбол алаңына келуге 150 бала ынталы болып отыр.

Біздің мектебіміз тек мектепішілік демалыс бағдарламасымен ғана шектеліп қалмай, балалардың қаладағы әртүрлі лагерьлерде демалуына мұрындық болды. Мәселен, қала сыртындағы лагерьлерде, сауықтыру-оңалту орталықтарында 20 бала демалып, ем алып жатыр. «Восток», «Әсем», «Достық» лагерлеріне 14 бала, «Ақбөбек» оңалту орталығына 6 бала жіберілді. Мектеп әкімшілігі, әсіресе, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балаларының, мүгедек балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушылардың демалысын осы аталған демалыс орындарында өткізуге себепші болды.

Егер осы жолы балалардың жазғы демалыстағы бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру жоспары 625 оқушыны қамтыды десек, бұл №14 мектептің барлық оқушысының 85 пайызын құрайды.

Сара ӘМІРҒАЛИЕВА,

директордың бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары.      

Ақтөбе қаласы.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button