Басты бет » Денсаулық » Үйлесімді тамақтанасыз ба?

Үйлесімді тамақтанасыз ба?

Гиппократ «Дәрі — тамақ, ал тамақ — дәрі болуы керек» депті. Расында, үйлесімді тамақтана білсеңіз, ауырмайтын боласыз.

Мысалы, қан қысымының көтерілуін емдеуден де, алдын алу оңай. Дәрігерлердің айтуынша, тиімді тамақтану — гипертензияның алдын алудың алғашқы шарты. Ол үшін әуелі күніне кем дегенде 400 грамм жемістер мен көкөністерді пайдаланыңыз. Керісінше, майлы, тәтті тағамдарды азырақ жеңіз. Дәнді дақылдардан жасалған ботқаларды күнделікті рационға қосыңыз.

Құрамында магнийі көп мейіз, итмұрын, інжір, құрма, жүгері, кептірілген өрік, калийі көп банан, қара өрік, мандарин, қырыққабат, қызылша, картоп, қауын және кальцийі көп сүт, сүзбе, балық секілді тамақтарды көбірек жеңіз. Тұзды тәулігіне 5 грамнан артық пайдаланбаңыз.

Кофе, қою шайды сирек ішіңіз. Тәулігіне сұйық тамақтарды қосқанда 1,5-2 литр сұйықтық ішкен жөн. Күніне 4-5 рет тамақтануға дағдыланыңыз, кешкі астың мөлшері орташа болсын, әрі оны ұйықтардан екі сағат бұрын ішкен дұрыс.

Атам қазақ «ауру астан» деп бекер айтпаған ғой. Ал сіз үйлесімді тамақтанып жүрсіз бе?

Айгүл ДӘРІБАЕВА,

Темір жол ауруханасының медбикесі.