Құқық

ӨТКЕН ЖЫЛ ЖӘНЕ ОБЛЫСТАҒЫ 5712 ҚЫЛМЫС

Өткен аптада облыстық прокуратурада баспасөз мәслихаты өтті.

Әуелі облыстық прокурордың орынбасары Манарбек Сәдуов өткен жылға шолу жасады:

– 2008 жылы облыс бойынша 5712 қылмыс тіркелді. Жасалған қылмыстардың басым бөлігі жеке адамдарға қатысты. Қылмыстардың өсуі, әсіресе, төрт ауданда – Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз және Шалқар аудандарында байқалып отыр. Бұл  осы аудандарда құқық қорғау органдары тарапынан тиісті деңгейде профилактикалық жұмыстардың жоқтығын көрсетеді.

Облыста бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарының 4,3 пайызға өскені байқалады, әсіресе, мал ұрлығы 170 пайызға өскен. Мал ұрлығы Әйтеке би, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Ойыл, Темір, Қобда және Шалқар аудандарында көп орын алған, – деді ол. Одан әрі ол сөзін былай сабақтады:

– Облыс бойынша тіркелген қылмыстардың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың үлестік салмағы 1,1 пайыз болды. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарды ашудың азаюы – Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгертулер енгізілуіне байланысты. Дегенмен осы санаттағы қылмыстардың 85 пайызы тергеу нәтижесі бойынша өндірістен аяқталды. Төрт сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстық істер қозғалып, тергеу нәтижесі бойынша барлығы да сотқа жолданып, кінәлі тұлғалар әр түрлі жазаға сотталды.

Облыстық прокуратура басқармасының бастығы Жандос Өмірәлиев заң бұзушылықты жою мақсатында әлеуметтік-экономикалық сала бойынша 989 тексеру жүргізілгенін, 2015-тен астам заң бұзушылық анықталғанын айтты.

– Жалпы, 8713 адамның конституциялық құқықтары қорғалды. Мысалы, тек бір ғана Дөң-кен байыту комбинатында 2600 қазақстандық жұмысшының конституциялық құқықтары қалпына келтіріліп,  үш миллионнан астам жалақы өндірілді. Ал салық төлеу саласы бойынша «Алтиес Петролеум» шетел компаниясынан 45 млн. теңге мөлшерінде нөлдік ставка бойынша қосымша құн салығын заңсыз қайтару фактісі анықталды. Келтірілген залал мемлекет пайдасына толығымен өндірілді, облыстық салық комитетінің лауазымды тұлғалары қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 15 миллиардтан астам салық қарызы жойылған жалған мекемелерді тарату туралы 26 шешім, оның ішінде сот шешімдері бұзылды.

Үлескерлердің бұзылған құқығын қалпына келтіру жөнінде заңмен көрсетілген қатаң шаралар қолданылды. Атап айтқанда, «КазГлавСтрой» ЖШС-ның 69 үлескердің 232 миллионға жуық қаржысын талан-таражға салғаны үшін біздің құжаттар бойынша қаржы полициясы құрылыс салушыға қатысты қылмыстық іс қозғады. Кінәлі тұлға қамауға алынып, қазір 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына тартылды, – деді Ж.Өмірәлиев.

Мұнан соң ҚР Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық басқармасы бастығының орынбасары Қали Данияров, облыстық прокуратура басқармаларының басшылары Руфат Құттықов және Серік Сасаев, Алмас Шәкіровтер өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесімен таныстырды.

А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button