Спорт

Жасыл алаңда — журналистер

Өткен жексенбіде Кірпішті ауылындағы теннис орталығының футбол алаңында шағын футболдан журналист Әмір Оралбай атындағы екінші турнир болып өтті. Турнирді екінші жыл қатарынан Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы мен «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС ұйымдастырды.

Турнирдің ашылуында Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев, марқұмның анасы Әмида сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Әмір Оралбай С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін журналистік еңбек жолын бұрынғы Октябрь аудандық «Октябрь туы» газетінде бастады. Кейін облыстық «Коммунизм жолы» газетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Сондай-ақ «Лениншіл жас» газетінің батыс облыстар бойынша меншікті тілшісі болып жүріп республикаға танылды. Одан соң «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі болып, табандай 13 жыл еңбек етті. «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторы қызметтерін атқарды.

Әбекең журналистика саласында еңбек ете жүріп, шәкірттер тәрбиеледі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөлімінде ұстаздық етіп, болашақ журналистерге дәріс берді. Айта кету керек, өткен жылы Әмір Оралбай атындағы футболдан турнир өткізу туралы ұсыныс жасаған журналист Серік Әбдібек Әмірдің шәкірті болып табылады. Бұл ұсынысты іліп әкеткен Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Өтеулиев турнир ауқымын кеңейтіп, жалғасын таба береді деген болатын. Міне, журналистер командалары биыл да жасыл алаңға шықты және қатысушы командалар саны көбейді.

Әмір Оралбай тек журналистикамен шектеліп қалмады. Студенттік жылдардан бастап фантастикалық әңгімелер жазды. Кейін шығыстың қос шынарының бірі Әлия Молдағұлова туралы деректі хикаяты кітап болып жарық көрді. Ақтөбе мемлекеттік университетінде еңбек еткен жылдары журналистика саласы бойынша диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты атанды. Газеттегі қызметімен қатар, жергілікті телеарналарда спорт тақырыбында хабарлар жүргізді.

Осылайша ойы да, қаламы да жүйрік Әбекең өмірі қысқа болғанымен, артында ізі қалатын бірталай шаруа істеді. Сондай-ақ журналист ретінде ғана емес, азамат ретінде де сыйлы болды. Астанадан, Алматыдан және басқа қалалардан қоңырау шалған әріптестер «Әмірдің үй-іші аман ба?» деп сұрап жатады.

Енді турнирге оралайық. Биылғы жылы турнирге алты команда қатысып, екі топқа бөлінді. Бірінші топтың командалары арасындағы кездесулер қызықты өтті. Алғашқы ойында «Шамшырақ-Ақтөбе» командасын 3:2 есебімен жеңген «рикалықтар» екінші ойында қалалық газеттер командасына дәл осындай есеппен есе жіберді. Ал «Шамшырақ-Ақтөбе» қалалық газеттер құрамасынан 4:2 есебімен басым түсті. Бірдей ұпай жинаған үш команданың арасында доп айырмашылығы бойынша «Шамшырақ-Ақтөбе» футболшылары өз тобында бірінші, қалалық газеттер командасы екінші орынға шықты.

Екінші топтағы командалар арасындағы кездесулер де тартысты өтті. Бұл жарысқа Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімі командасы тыңғылықты даярлықпен келгендерін көрсетті. Алғашқы ойында аудандық газеттер құрама командасын 10:2 есебімен ойсырата жеңген қалалық ішкі саясат бөлімінің қарқынын «Қазақстан-Ақтөбе» командасы тоқтатты. Телевизия қызметкерлері әкімдік қызметкерлерінің қақпасына жауапсыз екі гол соқты. Одан кейін аудандық газеттер құрамасын 3:2 есебімен ұтқан «Қазақстан-Ақтөбе» командасы өз тобының көшбасшысы болды.

Сонымен бірінші орын үшін болған «Шамшырақ-Ақтөбе» мен «Қазақстан-Ақтөбе» командалары арасындағы кездесуде телевизияшылар 3:1 есебімен жеңіске жетіп, ауыспалы кубокты жеңіп алды. Екінші орынды «Шамшырақ-Ақтөбе» командасы иеленді. «Рика» командасынан 6:3 есебімен басым түскен қалалық ішкі саясат бөлімі үшінші орын алды. Ал футболдан Ақтөбе қаласының біріншілігінде ойнап, беделге ие болып жүрген «Рика» командасы биылғы жылы да жүлдеден құр қалды.

Турнир жеңімпазы атанған «Қазақстан-Ақтөбе» командасына диплом мен теледидар табыс етілді. Екінші-үшінші орын алған командалар да дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Турнир қорытындысында үздік ойыншылар да анықталып, оларға да бағалы сыйлықтар тапсырылды. Мұратбек Биманов (Қалалық газеттер командасы) «Үздік қақпашы», Айбек Ерғалиев (Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімі) «Үздік шабуылшы», Асхат Қалжанов («Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС) «Үздік қорғаушы» атанды. Ал аудандық газеттер командасының капитаны, «Ойыл» газетінің редакторы Серікбай Қойбағаровқа ұялы телефон тапсырылды. Өйткені Серікбай әріптесіміз Ойылда жатып өзге аудандардағы әріптестеріне қоңырау шалып, екінші жыл қатарынан команда жасақтап отыр. Өткен жылы алғашқы турнирде Серікбай Қойбағаров бастаған аудандық газеттердің командасы ауыспалы кубокты жеңіп алған болатын. Биыл бұл команда бабында болмады.

Осы турнирді ұйымдастыруға басшылық жасап, басы-қасында болған Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

— Бұқаралық ақпарат құралдары командалары арасында болған бұл жарыс өз деңгейінде өтті деп ойлаймын, — деді Бауыржан Бабажанұлы. — Әрбір кездесу қызықты, тартысты болды. Өткен жылы ауыспалы кубокты аудандық газеттердің командасы жеңіп алған еді. Биыл жаңа жеңімпаз пайда болды. Бұл жерде ауызбіршілік, достық жеңді деуге болады. Бұл шараны ұйымдастыруға көптеген азаматтар үлес қосты. «Жаңа толқын — Ақтөбе» қоғамдық бірлестігі, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттары Искандер Назарбаев, Әнуар Тасимов, Болат Жампейісовтар демеушілік жасады. «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС бірнеше номинация бойынша жүлделер тағайындады. Қалалық спорт бөлімі мен теннис орталығы ұйымдастыру жұмыстарына көмектесті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлерін жіберді. Турнирді өткізуге жәрдем берген барлық азаматтарға алғыс айтамын.

Турнирден соң теннис орталығының асханасында ас беріліп, марқұм Әмір Оралбайдың рухына бағышталып құран оқылды.

— Балам Әмірдің өмірден ерте озғаны болмаса, қалғанымыз шүкірміз ғой, — деді анасы Әмида апай. — Әріптестері ұйымдасып, екінші жыл қатарынан жарыс өткізіп жатыр. Жарысты ұйымдастырушыларға және оған қатысқан командалардың бәріне аналық алғысымды білдіремін.

Әмір Оралбайдың зайыбы Меңдігүл де турнирді ұйымдастырушыларға рахметін айтты.

—«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген бар ғой, — деді Әмірдің зайыбы Меңдігүл. — Әмірдің көзін көрген, қызметтес болған әріптестері биыл да турнир өткізіп отыр. «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлына, Қазақстан Журналистер одағының облыстық ұйымының төрағасы Бауыржан Өтеулиевке, Әмірдің шәкірті Серік Әбдібекке, жалпы журналистер қауымына және футбол турнирінің өтуіне жағдай жасаған теннис орталығының директоры Самат Сәрсенбаевқа шын жүректен алғысымды айтамын.

Осылайша өздерінің төл мерекелері — Баспасөз қызметкерлері күні қарсаңында журналистер жасыл алаңға шығып, бір сергіп қалды.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button