Басты жаңалықтар

Қайырымдылық қуаты

Қайырымдылық қай кезде де адамгершіліктің биік өлшемі іспетті бағаланады. Ол негізінде байлыққа да, билікке де, тіпті жоқтыққа да тәуелді емес. Ең бастысы көңілің кең болсын.

Міне, нақ осындай ізгі қасиетті бойына сіңірген, өзінде барды бөлісіп, қоғамымыздың кем-кетігін аналық жүрегімен сезініп, айналаға алаңдап қарап жүретін Мәрия қажы Сейіткамалова апа қай кезде де қысылғанға қайырым жасаудан тартынған емес.

Менің балалық кезім заманның қиын тұсына тап келді. Жетімдікті де, жоқшылықты да бастан өткердім, талай тығырыққа да тірелдік. Соның бәрі артта қалып, еңбекпен жетіліп, балаларымыз өсіп, бүгінгідей жағдайға жеткенде өткенді ұмытып кеткеніміз дұрыс болмас еді,дейді Мәрия апа Жұмағалиқызы. Сондықтан да жетім көрсем басынан сипағым келіп тұрады, олардың тағдырын жеңілдеткім келеді.

Жақында Ақтөбе өңірінде «Қайырымдылық даналыққа бастар жол» атты шараның ұйымдастырылуы осы айтылған ойлардың бір көрінісі іспетті болды. Қазақстан қажылары қауымдастығының әйелдермен, қыз-келіншектермен жұмыс жөніндегі саласында белсенді еңбек етіп жүрген қажы апа бұл жолы Алматы облысындағы «Нұр» қайырымдылық балалар үйі мен Алға қаласындағы облыстық балалар үйі тәрбиеленушілерімен кездесу ұйымдастыруды көздепті. Осы мақсатта алматылық қонақтарды Ақтөбе жеріне шақырыпты.

Негізінде Қазақстан қажылары қауымдастығы «Нұр» балалар үйін бұрыннан қамқорлыққа алған екен. Ал Мәрия апа осы байланыс арқылы сол мекенде бірнеше рет болып, ата-анасыз өскен балалардың хал-жайымен танысыпты. Жас жеткіншектердің тұрмыс-тіршілігі, барлық жағдайы жеткілікті болғанымен әке-шеше мейірімінің бір жетпестігін бәрібір сезінген соң олар көңіл көтерсін, жер көрсін деп Ақтөбеге арнайы шақырыпты.

Жүз он бала тәрбиелеп отырған Тұяқ Есқожина бұл шақыруды қуанышпен қабыл алып, он ұл-қызын соңына ертіп, балапандарын қанатының астына алған ана қаз секілді жолға шыққан екен.  

Қандыағаштағы кездесу

Алматыдан шыққан пойыздың кішкентай жолаушыларын Мәрия қажы бастаған ақтөбеліктер Қандыағаш станциясында күтіп алды. Балалардың жүзінен өздеріне жасалған ізет-ілтипатқа, ерекше құрметке қуаныш сезімі байқалады. Олар — Сұлтан Нұрманов, Қанат Әнуарбек, Жұмат Ахметов, Қайсар Мошанов, Аружан Орынтаева, Зәуреш Тілемісова, Жүзім Ахметова, Гүлзия Есқожина, Ұлболсын Құдайбергенова, Даниля Түргенбаева — барлығы да Ақтөбе жеріне алғаш рет аяқ басып тұр екен. Сондықтан да бұл сапар олар үшін жер тану, ел көрудің үлкен мектебі іспетті екендігін бәрінің ортақ аналары Тұяқ ана қуанышпен хабарлады.

Аудандық мәдениет үйіндегі кездесу нағыз мерекеге айналды. Облыстық филармонияның директоры Қанат Айтбаев зайыбы Светамен бірге тамаша концерттік бағдарламасын ұсынды.

Аудан әкімі Серік Шаңғұтовтан бастап ел азаматтары бүлдіршіндердің өздерін жақсы сезінуі үшін жағдайлар жасады, қамқорлық қолдарын созды.

Ақтөбелік кәсіпкер Светлана Балпейісова Мәрия апасының оң жағынан табылып, қандай да ұйымдастыру шараларына белсене қатысып жүрді.

Мәдениет үйіндегі шара барысында алматылық қонақ балалардың сахнаға көтеріліп, өнер көрсетуі, олардың тағдыр-талайынан хабар беретіндей мұңды әндерді айтуы тыңдармандарын тебірентті.

Мәрия қажының балалары да бұл имандылық шарасына белсене қатысты. Өңірдің танымал азаматы, мұнай саласының белгілі басшыларының бірі Нұрлан Сейіткамалов көп істің кідіріссіз жүруіне көмектессе, апаның күйеу баласы, талантты өнер иесі Жетес Жәмеков рухани қолдау жасады.

Айтпақшы, алыстан келген қонақтар құрамында қызылордалық термеші, бір кездері «Жез киік» әнімен талайдың құмарын қандырған Әлмырза қажы Ноғайбаевтың болуы да кездесу мерейін жоғары көтеріп тұрды.

Қандыағаштағы осындай әсерлі сәттерден соң балалар мінген жеңіл де жайлы көліктер Ақтөбеге қарай бет алды. Олар Көктөбедегі Көтібар батыр Бәсенұлының, Бестамақтағы Есет батыр Көкіұлының кесенелерінде болды. Үлкендер батыр бабалар туралы қысқаша әңгімелер айтып берді.

Ал Алға балалар үйіндегі кездесу тағдырлас жандардың табысуына, кеңірек танысуына жол ашты.

«Нұрдың» нұрлы әлемі

Тұяқ Есқожина Ақтөбедегі «Нұр Ғасыр» мешітінде ақтөбелік қажылармен болған кездесуде өздерінің тыныс-тіршілігі, өмір тарихы туралы кеңінен баяндап берді.

— Өзім жалғыз өскендіктен, атымды Тұяқ деп атап кеткен. Ал негізі, азан шақырып қойған атым Гүлзия екен. Алды-артымда бауырларым болмағаннан кейін көпшілікке, көп балалы отбасыларына қызығып өстім. Өмірде осы жасыма дейін талай жағдайларға куә болдым. Балаларды бауырыма салуыма себеп болған оқиға да бар. 1998 жылы, әлі есімде, жолдасым бір реттермен француздармен кездесетін болып, базарға аяқ киім сатып алуға бардық. Кенет сыртымнан біреу түрткендей болды. Алғашында мән бермедім. Үшінші ретте бұрылып қарасам, үсті-басы кір-қожалақ, жұпыны киінген кішкентай қыз: «Апа, қарным ашып тұр», — дегені. Содан базарға жақын маңдағы, кішкене қыз тұратын үйге еріп бардым. Жағдайларымен таныстым.

Сол оқиғаның маған әсер еткені соншалық, балаларға деген ерекше мейірімім оянып, қараусыз қалған балаларды қамқорлығыма алсам деген ойға тоқтадым. Өзіміздің үш баламыз бар, отағасымыз бәріміз ойласып, ақыры Талғар қаласындағы №2 мектеп жанындағы малшылардың интернатын баспана етуге рұқсат алдық. Сол үйге жөндеу жұмысын жасадық. Сөйтіп, үлкен іске тәуекелмен кірісіп кеттік. Басты ойымыз ата-анасыз балаларға алақан жылуын беру ғана болды.

Тұяқ Есқожина ақжарылқап көңілін білдірген ақтөбеліктерге мол алғысын айтты.

Ақтөбелік қажылардың үлесі

Мәрия Сейіткамалова бастамашы болған «Қайырымдылық — даналыққа бастар жол» атты шараға ақтөбелік қажылар да ынтамен қолдау көрсетті.

Облыстық қажылар қоғамымың төрағасы Ғалым Дәулеталин өздерінің жас ұрпақ тәрбиесіне, балалар тағдырына бейжай қарай алмайтындықтарын айтып, мұның өзі имандылықтан туындайтын іс екендігіне көңіл бөлді. Ол зайыбы, белгілі кәсіпкер Сәуле екеуі алыстан келген қонақ балаларға лайықты қомақты сый — жаңа киім-кешектер берді.

Өмірдің талай белестерін бастан өткерген, өзі де ұрпақ өсіріп, айналасына мейірім шуағын шашып жүретін Балжібек қажы, «Нұр Ғасыр» мешітінің қызметкері Жайылхан қажы, қаржы-салық қызметінің ардагері Имұхамбет қажы, Ақтөбе әйелдерді қорғау орталығының директоры Айгүл Дүйсенова, «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғаудың Ақтөбе қалалық қоғамының төрайымы Құралай Бәйменова, тағы басқалары өз сөздерінде ана мейірімі, бала тәрбиесі, ұрпақ болашағы туралы ойларын ортаға салды, жетім балаларға жылы шуағын төгіп отырған Тұяқ сынды абзал жанға ыстық лебіздерін білдірді.

Осы шараға Алматы қаласынан арнайы шақырумен келген Қазақстан қажылары қауымдастығының төрағасы Еркін Дуанаев: «Алла бізді бұл дүниеге келтірген кезде бар мүмкіндікті берді. Ал бүгінде рухани байлық жетімсіреп, материалдық байлықтың соңынан кеттік. Ата-аналарды бала-шағалары қарттар үйіне апарып тастаған көріністер көңілімізді қобалжытады.  Жақында мынадай деректі оқыдым. Мысалы, 12 000 отбасы шаңырақ тіктесе, оның ішінде 4 500 отбасы бұзылған. Мұның барлығы рухани дағдарыстан туындап отырған мәселелер. Құндылықтарымыздың қадір-қасиетін біліп жүрміз бе? Бала — болашағымыз дейміз, ендеше кімнің баласы демек көңіліне кіреуке түскен нәрестені бауырымызға тартайық» деді.

Ал Қазақстан қажылары қауымдастығының төраға орынбасары, теолог-ғалым, профессор Мұрат қажы Мыңбаев: «Бүгінде бізді толғандырар мәселелер өте көп. Егер де жас ұрпақты рухани-өнегелік тәрбиелеу шараларын түбегейлі шешпесек, бұл жақын арада маңызды әлеуметтік мәселеге айналуы мүмкін. Бұл қауіп-қатердің түбірі — имансыздықта, Алладан қорықпағандықта. Біз Алматыдағы, осында болғанымызда Алға балалар үйіндегі ахуалды көзімізбен көрдік. Балалардың қамқорлық құшағында екенін сезіндік. Бірақ бәрібір бір ой мазалай береді. Ол —балаларымыз неге осындай күйге душар болды деген сұрақ».

Осындай үлкендер арасындағы әсерлі әңгімелер өз өрісін тауып жатқанда, балаларға арнап жайылған бөлек дастарқанға түрлі тәтті-дәмділер молынан қойылып жатты.

Сөз түйіні

… Сонымен, қайырымдылық шарасы аяқталды. Алайда оның әсері жүректерде жалғасып жатты.

Имандылық бағытындағы көп тірлігімен жұртшылық алғысына бөленіп жүрген Мәрия қажы Сейіткамалова алыстан келген қонақтарына барлық құрмет-ниетін білдіру арқылы жалпы жұртшылыққа үлкен үлгі көрсетті. Ол осы шара тұсында «Нұр» балалар үйіне де, Алға балалар үйіне де өз жанынан қомақты материалдық көмек көрсетті.

Алайда Мәрия апа үшін маңыздысы бұл емес. «Менің ойлайтыным — ата-ана алақанына зәру балапандардың бір сәтте болса да жүрек жылуымызды сезінгені», дейді ол.

Иә, қайырымдылық үлкен жүректен туады. Сондай ізгі ниетті адамдардың бар екендігі айналаны шуаққа бөлей түседі.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button