Денсаулық

Дәуірдің дерекшесі еді

Адамды жақыннан танудың, ішкі жан-дүниесіне тереңдеп үңілудің бір реті болады. Тарихшы-ғалым Беркін Құрманбековпен менің білісуімнің сәті түскен күн әлі жадымда. 

2006 жылы маусым айында 1916 жылғы дүбірлі оқиғалар — майдандағы қара жұмысқа қазақ жастарын алу, оған елдің қарсылығы, ала тайдай бүлінген ел іші, көтеріліс — міне, осы нәубетті кезеңге 90 жыл толып, қазақ елі өз тарихының осы бір белесті кезеңін атап өтіп, түрлі жиналыстар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, теледидар бағдарламалары өтіп жатқан кез болатын.

Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы университеттен осындағы конференцияда менің бас баяндамашы болуыма ұсыныс жасалған хат алдым. Конференция сәтті өтті, баяндамалар жарияланып, жинақ шықты. Мен осы сапарда аталған университеттің кафедра меңгерушісі Беркін Жолмырзаұлымен жақын таныстым. Оның зайыбы Сәуле келін де қазақы дәстүрде тәрбиеленген, есігі ашық, дастарқаны жаюлы ақ көңіл жан еді. Осы бақытты шаңырақта күлім көз, ай маңдайлы бес қыз жоғары білім алып, азамат болып тәрбиеленген екен. Жалпы бұл әулет еліне қадірлі, ортасына сыйлы екендігі білінді.

Беркіннің ағасы Еркін Жолмырзаұлы Ақтөбе өңіріне танымал азамат. Партия, кеңес қызметтерінде болған, облыстың мәдениет саласын ұзақ жылдар басқарған, білгір, шешен, елдің сөз ұстар тұлғасы.

Аға сыйлайтын жақсы іні қасиетіне қосымша Беркін Жолмырзаұлымен әріптес болдық. Алдағы күндерге ортақ шаруаларымызды жоспарладық. Екеуміз алдымызға Ресей Мемлекеттік думасының қос қайраткері туралы дара-дара кітап жазуды мақсат еттік. Бірінші кезекте, 1906 жылғы Ресей Мемлекеттік думасына депутат болған Темір уезінен шыққан қайраткер Алпысбай Қалменовтің өміріне байланысты кітап шығаруды қолға алдық. Беркін Ақтөбедегі мұрағат материалдарын, ел арасындағы әңгіме, ескі жәдігерліктерді жинаса, мен Астана, Алматы, Санкт-Петербург мұрағаттары жағын өзіме алдым. Сөйтіп, іздестіру, зерттеу жұмыстары басталып кетті.

Көп ұзамай «Қайраткер Алпысбай Қалменов» атты кітап жарық көріп, оның Темір ауданында, Ақтөбе қаласында тұсаукесері өтті. Халық жылы қабылдады. Осы шаруаға жан-жақты қолдау көрсеткен елдің Ахат Мырзалин (сол кездегі Темір ауданының әкімі), Боран Ізбасов, Жаңылсын сияқты азаматтарына ризашылығымызды білдірдік.

Беркін Құрманбеков інім екеуміздің бірлікте жазған екінші кітабымыз «Қайраткер Қаратаевты» ол көре алмай кетті. Ғалымның туған күніне арнап сол кітапты шығарып, ақтөбеліктердің орталарына әкеліп, тұсауын кестік.

Бұл кітапта халқымыздың біртуар қайраткер ұлдарының бірі Бақытжан Қаратаевтың өмірі мен қызметі сараланады. Б.Қаратаев XX ғасырдың басындағы қазақ халқының күйін күйттеп, жоғын жоқтаушы азаматтардың алдыңғы легінде болды. Ол Ресей империясы Мемлекеттік думасының екінші шақырылымына депутат болып сайланған. Жоғары білікті заңгер ретінде қазақ мүддесіне байланысты мәселелерге

белсенді түрде атсалысып, отаршыл патша өкіметінің бұратана халықтарға қарсы жүргізіп отырған саясатын Дума мінбесінен әшкерелеген. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде халық жағында болды. Оның кеңес өкіметі тұсындағы қызметін қарастырып, тың деректер ұсынылды.

Ғалым Беркін Құрманбеков «Батыс Қазақстан тарихының» II томында «Батыс Қазақстан аймағындағы жәрмеңкелер тарихынан» тарауын жазып, өлкеде сауда- саттықтың даму қозғалысын көрсете білді. Жәрмеңкелердің маңызы, ел мен елді табыстырар, көптеген түйінді мәселелерді шешер орталық қана емес, сондай-ақ елге өнер көрсетер дала сахнасы екендігін де зерттеген.

Ресей империясының құрамына енгеннен кейін қазақ даласында сауда-саттық қатынастарының жаңа түрі — жәрмеңкелер кеңінен тарала бастады. Қазақстанның батыс бөлегінде — Кіші жүзде — Ішкі Бөкей Ордасында (Жәңгір хан жәрмеңкесі), Оралда, Гурьевте, Ырғыз (Жармола), Темір (Қарақамыс), Көкжар (Ойыл), Ақтөбе жәрмеңкелері пайда болды. Бұл жәрмеңкелер Қазақстандағы ірі сауда орындары ғана емес, қазақ өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан өнер ордалары да бола білді.

Батыс Қазақстан жәрмеңкелері қазақтың ұлттық ойындары мен қол өнерін насихаттауға қолайлы жағдайлар туғызды. Жәрмеңкеге жергілікті халықты көп жинау үшін арнайы ат жарыс бәйгесі өткізіліп отырды. Ақтөбе жәрмеңкесіне ат жарысты көру үшін Торғай облысының губернаторы өзінің қызметкерлерін ертіп келген. Жәрмеңкелерде ақын, жырау, сал-серілердің дәстүрлі өнерлері орыстың цирк өнерімен толыға түсті. Халықтың жәрмеңкелерде сүйсініп тамашалайтын балуандар күресі, кірдің тасын көтеру, арба сүйреп, темір иіп, төске тас қойып ұрып сындыру, т.б. жәрмеңкелердің міндетті атрибутына айналды.

XIX ғасырда пайда болып, қалыптасқан жәрмеңкелер Батыс Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық өміріне үлкен үлес қоса отырып, халықтық мәдениеттің орталықтары ретінде ел тарихынан үлкен орын алды.

Осы жайлардың бәрін ол ғылыми байыптап, тарихи деректермен көмкеріп, бүгінгі оқырманның санасына сіңіретіндей етіп жеткізді.

Беркін Құрманбеков XIX ғасырдың екінші ширегінде Бөкей Ордасында тауарлы-ақша қатынастарының дамуын да зерделеді.

Біз бірігіп жазған еңбектерімізде қайраткер тұлғалар туралы ғана айтып қоймай, бүгінгі күннің мәселелерін де көтердік. Ескінің көзі, көне тарихтың өзі болып табылатын тарихи қалаларға ерекше мәртебе беріп, арнайы бағдарлама арқылы қорғау қолға алынса ғана оларды сақтауға болатын секілді. Сондай қалалардың қатарына Ырғыз, Торғай, Қарқаралы, Форт-Шевченко, т.б. ондаған қалалар кіреді. Ежелгі Темір қаласы да солардың қатарына жатады. Бұл қалаларға қазақ халқының басынан өткерген қилы тарихының, түрлі нәубеттер мен жасампаз оқиғалардың куәсі деп қарау керек. Сонымен бірге олар өз дәуіріндегі өркениеттің ошағы болып, айналасындағы халықтың прогреске, оқу-білім мен мәдениетке, алдыңғы қатарлы тұрмысқа ұмтылуына ерекше еңбек сіңірген. Халқымыздың тарихында елеулі орын алған тарихи оқиғалар да осындай жерлерде өтіп тұрған. Сол оқиғалардан ескерткіш ретінде бұлардың көбінде көптеген мұражайлар да ашылған. Мәселен, ежелгі Торғай мен Форт-Шевченко қаласында қазір төрт-төрттен мұражайлар жұмыс жасайды. Ал тарихи оқиғалары мен шыққан тұлғаларының саны жөнінен олардан еш кем болмаса да Темір қаласында С.Бәйішев атындағы мектептің шағын мұражайын есептемесек, сол кезден бірде-бір мұражай жоқ болатын.

Беркін інімізбен жұмыс істеу барысында осындай көптеген жайларға ол алаңдаушылық білдіретін. Кешегі күннің жәдігерлері тарих тасасында тот басып қалмаса дейтін. Өзі де осы мақсат жолында аянбай еңбек етті.

Ол дүниеден өткеннен бергі уақытта ғалымның мұраларына арналған «Өлке тарихының өзекті мәселелері» атты конференция өткізілді. Бұл да ел азаматтарының атқарған ізгі шаруасы болды ғой деп ойлаймын.

Беркін Жолмырзаұлының Батыс Қазақстандағы сауданың дамуы туралы жазған ғылыми еңбегі — докторлық диссертациясы да дайын болатын. Кезінде оны қорғаудың жолдарын да ойластырған едік. Бірақ өлшеулі өмір оған мүмкіндік бермеді.

Қорыта айтқанда, ғалым Беркін Құрманбековтің артында «Батыс Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс», «Ақтөбе округінде 1928 жылы байларды кәмпескелеу», «Ідіріс Үргенішбаев», «Қайраткер Алпысбай Қалменов», «Қайраткер Қаратаев», т.б. кітаптары мен мақалалары қалды. Ірі халықаралық конференциялар өткізіп, Ақтөбе жерінде көптеген ғалымдардың басын біріктірген сәтті шаралары жадымызда.

Оған берілген «Ең үздік кафедра меңгерушісі», «Ең үздік зерттеуші» атақтары, «Қазақстандағы 1916 жылғы көтерілістің өзекті мәселелері» тақырыбына сәтті қорғалған кандидаттық диссертациясы оның мұқият зерттейтін ойлы ғалым екендігін көрсетті.

Ол осы өлкенің үлкен патриоты болатын. Ондаған жерлестерінің атын, еңбектерін   әйгілеп, ғылыми айналымға қосты. Нұрпейіс Байғанин, Алтай батыр, Әбдіғаппар Жанбосынұлы, Тайшым Орысұлы, Ахмет Бірімжанов, Ідіріс Үргенішбаев, т.б. тұлғалардың халық үшін еткен еңбегі оның ғылыми еңбектеріне арқау болды. Зерттеу жұмыстарында Ақтөбе облысымен шектеліп қалмай, Батыс Қазақстанды қамтитын. Қазақ елінің «Мәңгі ел» болуын армандайтын. Ғалым Беркін Құрманбеков отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейтін білімдар, парасатты азамат еді.

Мен ғылым жолында осындай жақсы азаматпен кездескенімді көңіліме бір медет тұтамын. Жақсы жанның жарқын бейнесі әлі де талайға сәулесін түсіріп тұратындығына сенемін.

Ол парасатты азамат еді. Парасаттың биігін аласартпай кетті бұл өмірден…

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЙ,

академик, философия, тарих

ғылымдарының докторы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button