Спорт

Газет жүлдесі сарапқа салынды

 Зияткерлік спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтан «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында қалааралық турнир болып өтті.

Ұлттық спорт түрі — тоғызқұмалақ ойыны кенже қалып, енді-енді дамытамыз деп жатқан кезде «Ақтөбе» газеті турнир ұйымдастырып, алғашқы жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтаған еді. Одан бері де он бес жылдай уақыт өтті. Ең алғашқы жарысқа жиналған небары 14 тоғызқұмалақшы газет редакциясының аядай бір бөлмесінде ғана күш сынасты. Содан бері жыл сайын ұйымдастырылған турнирлерге куә болып келе жатқан газеттің бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев биылғы он бесінші турнирдің ашылуында сөз сөйлеп, ойыншыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл Нұркеева тоғызқұмалақтан ұйымдастырылып келе жатқан турнирдің маңызына тоқталды.

— Соңғы жылдары қалааралық турнирге айналған бұл жарысқа Қостанай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан спортшылар қатысып келеді, — деді тоғызқұмалақтан облыстың аға жаттықтырушысы Қабидолла Нұршин. — Биыл Батыс Қазақстан облысынан 18 ойыншы келді. Осы турнирде жеңімпаз немесе жүлдегер атанған бірнеше ақтөбелік бүгінгі күні Қазақстан спорт шебері атанып, халықаралық жарыстарға қатысып жүр.

Екі күн бойы ойналған 7 турдың қорытындысында 112 ойыншы жас ерекшеліктеріне қарай жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. 10 жастағылар арасында бірінші орынды оралдықтар иеленді. Қыздар арасында А.Шамрухова мен балалар арасында Д.Әженғали бас жүлдені Оралға алып кетті. 12 жастағылар арасында ақтөбеліктер Г.Алдабергенова мен Б.Мұхамбетсапаевтың мерейі үстем болды. 14 жастағы ақтөбеліктер де бірінші орынды басқаға бермеді. М.Серікқызы мен А.Құрмансейітов чемпион атанды. Айта кету керек, бұл екі ойыншы енді Қостанайда ересектер арасында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысады.

 ТУРНИРДІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МЕН ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ

 10 жас

Қыздар

1-орын — А.Шамрухова (Орал)

2-орын — Н.Жоламан (Орал)

3-орын — Д.Абдуллина (Жаңақала, БҚО)

Ұлдар

1-орын — Д.Әженғали (Орал)

2-орын — Е.Ешмұқанов (Ақтөбе)

3-орын — А.Сағынғалиев (Жаңақала, БҚО)

12 жас

Қыздар

1-орын — Г.Алдабергенова (Ақтөбе)

2-орын — Г.Нұрлыбаева (Ақтөбе)

3-орын Н.Қалымбет (Хромтау)

Ұлдар

1-орын — Б.Мұхамбетсапаев (Ақтөбе)

2-орын — А.Бекет (Ақтөбе)

3-орын — Е.Ақылбеков (Ақтөбе)

14 жас

Қыздар

1-орын — М.Серікқызы (Ақтөбе)

2-орын — Ж.Хамит (Ақтөбе)

3-орын — Э.Жайханова (Ақтөбе)

Ұлдар

1-орын — А.Құрмансейітов (Ақтөбе)

2-орын — Н.Тельман (Ырғыз)

3-орын — А.Қайыржанов (Орал)

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button