Спорт

Үзілістен соң

Премьер-лига

Мамыр айының соңында басталған үлкен үзілістен соң, 14 маусымда өткен 15-турдың бір ерекшелігі — командаларға жаңадан алынған ойыншылар гол соқты: Эдин Юнузович («Ордабасы»), Жамбыл Көкеев («Қайрат»). Ал «Атырауға» келген Ненад Иньяц тіпті екі гол соқты. «Қайратқа» оралған танымал Самат Смақов қорғаушыларды он бір метрлік айып добына лайық қателік жіберуге мәжбүр етті. Сондай-ақ «Астана» «Ақтөбеге» екі қадам жақындай түсті. «Қайрат» сырт алаңдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, қайтадан үшінші орынға шықты.

Енді ретімен баяндайық.

15-турда «Ақтөбе» Талдықорғанда «Жетісумен» кездесті.

Бірінші орын мен көштің ең соңында келе жатқан командалардың кездесуі жанкүйерлердің аса ынтықтығын оятпағаны белгілі. Дегенмен көшбасшының биік тұғырынан түспеуге тырысатындығы мен «Жетісудың» ілгері жылжығысы келетіндігі мәлім еді. Кездесуден кейінгі нәтижеге қарасақ, «Ақтөбе» кейін сырғыған жоқ, «Жетісу» да бағзы орнында қала берді.

Ал ойын барысына келсек, чемпионат серкесі бірден-ақ шабуылға көшкенімен, талдықорғандықтар мығым қорғана білді. Тпті таймның орта тұсына таман біздің Андрей Сидельниковтің жұмысы көбейіп кетті. Ақтөбеліктер қарсыластар қақпасын таймның соңына таман ғана түртпектей бастады. Бірақ Асхат Тағыбергеннің көздеп-ақ тепкен добы қиыс кетті, Андрей Харабараның соққысы қорғаушыдан аспай қалды. Солайша ойынның бірінші бөлігі тең дәрежеде өтті.

Екінші таймда, расын айту керек, «Жетісу» зор басымдық көрсетті. Сергей Скорыхтың бір өзі гол соғарлық үш бірдей мүмкіндікті пайдалана алмай қалды. Иван Перичтің қауіпті соққысынан Роберт Примус құтқарып үлгерді. Кездесудің соңына қарай талдықорғандықтар жауар бұлттай тіпті төніп-ақ бақты. Дегенмен Андрей Сидельников пен футболшыларымыз қақпа кілтін берік ұстап қалды — 0:0.

Бұл ойынға «Ақтөбенің» негізі ойыншыларының бірнешеуі қатыса алмағаны рас: Тимур Кападзе мен Александр Гейнрих Өзбекстаннан орала қоймаған еді, Марат Бикмаев ота жасатуға кеткен, Эмиль Кенжесариевтің ескі жарақаты сыр берген. Бірақ «Жетісудың» құрамы да кіл мықтылардан жасақталмағаны аян еді.

Қалай болғанда да, тең ойын арқылы желкемізден демалған «Астананы» тағы да жақындата түстік.

«Жетісу»»-«Ақтөбе» — 0:0.

Талдықорған. «Жетісу» стадионы. 2500 адам.
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Юрий Сидельников, Алексей Мулдаров, Андрей Харабара, Петр Бадло (капитан), Дмитрий Мирошниченко, Марат Хайруллин, Роберт Примус, Сергей Гридин (Сергей Лисенков, 70-минут), Роберт Арзуманян, Асхат Тағыберген, Сергей Ковальчук (Алдан Балтаев, 90-минут),

«Ақтөбе» командасының футболшыларына ескерту қағазы көрсетілген жоқ.

«Жетісу» командасының 1 футболшысына ескерту қағазы көрсетілді.

*    *    *

Басқа кездесулер:

«Тобыл»-«Қайрат» — 2:3

Гол авторлары: Момоду Сиссей, 20-минут (0:1); Жамбыл Көкеев, 24-минут (0:2); Никола Тонев, 44-минут (1:2); Йосип Кнежевич, 73-минут, пенальти (1:3); Игорь Бугаев, 78-минут (2:3).

«Тараз»-«Ордабасы» — 0:1

Гол авторы: Эдин Юнузович, 83-минут (0:1).;

«Ертіс»-«Ақжайық» — 3:1

Гол авторлары: Игорь Юрин (1:0); Қуаныш Бегалин (2:0); Дмитрий Шомко (3:0); Саджо Хаман (3:1).
«Атырау»-«Восток» — 2:0

Голдар авторы: Ненад Иньяц, 28-минут (1:0); Ненад Иньяц, 49-минут (2:0).

«Астана»-«Шахтер» — 1:0

Гол авторы: Филип Ивановский, 83-минут (1:0).

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп

1 Ақтөбе      15       10       4          1          21-6    34 

2 Астана      15       10       2          3          26-16  32

3 Қайрат         15   6          4          5          22-19  22

4 Шахтер      15       6          3          6          17-18  21

5 Ертіс           15       5          6          4          16-15  21

6 Ордабасы 15       5          5          5          13-12  20

7 Тобыл        15       4          5          6          22-20  17

8 Атырау          15   4          5          6          9-19    17

9 Восток        15       3          5          7          8-16    14

10 Тараз       14       3          4          8          13-19  13

11 Ақжайық*           14       4          5          6          21-20  11

12 Жетісу*   14       2          8          5          10-18  11

(О — ойын; Ұ — ұтыс; Т — тең; Ж — жеңіліс; Д — доп айырмашылығы; Ұп — ұпай).

*Ойыншылар мен бапкерлердің жалақысын кешіктіргені үшін «Ақжайықтан» — 6 ұпай, «Жетісудан» 3 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

*   *   *

15-турдың ерекшеліктері:

Біріншіден, бұл турда 13 гол соғылды. Алаң иелері 8 гол, қонақтар 5 гол соқты. Орта есеппен әр кездесуде қақпаға 2,16 доп енді. Бір футболшы бір ойында екі гол соқты — Ненад Иньяц («Атырау»). Екі кездесуде ойын тағдырын 83-минутта соғылған голдар шешіп кетті.

Екіншіден, алаң иелері 3 кездесуде жеңіп, қонақтар 2 кездесуде ұтты, 1 ойын тең есеппен аяқталды. Бірдей есеп нәтижесі (1:0) екі рет қайталанды. 2:3 есебі дода басталғалы алғаш рет тіркелді. Ал чемпионат басталғалы 1:0 есебі жиырма бірінші рет, 0:0 есебі он бесінші рет, 2:0 және 3:1 есептері алтыншы реттен қайталанды.

Үшіншіден, тур барысында 16 ескерту қағазы көрсетілді (алаң иелері — 10, қонақтар — 6). Ешбір футболшы жасыл алаңнан қуылған жоқ. Бұл турда футболшылары еш ескерту алмаған командалар — «Ақтөбе», «Восток», «Тараз». Бір он бір метрлік айып добы белгіленіп, орындалды.

Төртіншіден, чемпионат басталғалы 42 рет алаң иелері жеңіп, 28 кездесу тең есеппен аяқталды, 20 кездесуде қонақтардың бағы жанды. Барлығы 198 гол соғылып, әр кездесуде қақпаға орта есеппен 2,20 доп енді.

Бесіншіден, «Ақтөбе» сырт алаңда осымен 8 кездесу өткізіп, 4 рет ұтты, 3 рет тең ойнады, 1 рет жеңілді. 7-4 доп айырмашылығымен 15 ұпай жинады. Ал өз алаңымызда 7 ойын өткізді. 6 ойында жеңіп, 1 рет тең ойнады, ұтылған жоқ. 19 ұпай жинады. Доп айырмашылығы: 14-2.  Барлық 15 кездесудің 9-ында «Ақтөбе» өз қақпасына еш гол енгізбеді. Қақпасына ең аз гол өткізген команда — «Ақтөбе».

*   *   *

Сұрмергендер:

Игорь Зенькович («Ақжайық») — 9 доп;

Момоду Сиссей («Қайрат») — 7;

Игорь Бугаев («Тобыл») — 6;

Олег Недашковский («Қайрат») — 5;

Эдин Юнузович («Жетісу», «Ордабасы») — 5;

Мануэль Курто («Тараз») — 4;

Александр Гейнрих («Ақтөбе») — 4;

Сергей Хижниченко («Шахтер») — 4;

Йосип Кнежевич («Қайрат») — 4.

*   *   *

«Ақтөбе» мергендері:

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 4 доп;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 3;

Юрий Логвиненко (қорғаушы) — 3;

Андрей Харабара (жартылай қорғаушы) — 2;

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы) — 2;

Петр Бадло (қорғаушы) — 2;

Антон Землянухин (жартылай қорғаушы).— 1;

Сергей Ковальчук (жартылай қорғаушы) — 1;

Сергей Гридин (шабуылшы) — 1;

Роберт Арзуманян (қорғаушы) — 1;

Роберт Примус (қорғаушы) — 1.

*   *   *

23 маусымда, жексенбі күні «Ақтөбе» өз алаңында «Астананы» қабылдайды.

Бірінші айналымның 6-турында, 20 сәуірде «Астана» өз алаңында «Ақтөбеге» 1:2 есебімен есе жіберіп алған болатын. 35-минутта Андрей Харабара соққан голға 60-минутта астаналық Сергей Остапенко қарымта жауап қайтарғанымен, есепті 77-минутта Дмитрий Мирошниченко түйіндеген еді.

Қалған кездесулер:

«Шахтер» — «Атырау»

«Ақжайық» — «Қайрат»

«Ертіс» — «Жетісу»

«Ордабасы» — «Тобыл»

«Восток» — «Тараз»

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Астананың бір кубогы — гүлнұрда

Астана қаласында жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан «Жас үміт» атты республикалық жарыс өтті. Еліміздің әр аймағынан келген 9, 12, 14 жастағы 160-тан астам ойыншы Астана қаласының кубогы үшін аянып қалмады.

Төрт күнге созылған жарыста №1 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Гүлнұр Нұрлыбаева 12 жастағы ойыншылар арасында үздік ойын өрнегін көрсетіп, І орынды жеңіп алып, алтын медальға ие болды. Жеңімпазға планшет табыс етілді.

Облысымыздағы тоғызқұмалақтан бас жаттықтырушы Қабидолла Нұршиннің айтуынша, Гүлнұр былтыр топ жарып, қала, облыс чемпионы атаныпты, ал республикалық жарыста орын иеленді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Күзет қызметі — сенімді қолда

Ақтөбе қаласында «Қазақстан теміржолы ҰК» АҚ ұйымдастыруымен жас қызметкерлер арасында білім беру аймақтық тренингі болып өтті. Оған «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ филиалының атынан 12  жас  қызметкер қатысты. Жастар өз белсенділіктері мен жігерін, білімдерін жоғары деңгейде танытты. Форум аяқталғаннан кейін жас мамандарға сертификаттар табысталды.

Елбасымыз  Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында жастарға арнап  айтылған: «Еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда.  Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің — елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш» деген жалынды сөздерін ту етіп ұстаған күзет қызметінің сардарлары алда да өз міндеттерін адал атқаратындықтарына сөз берді.

Айнұр МЕДЕУОВА.

 

Серіктің қоласы

Жақында Бішкекте еркін күрестен қырғыздың халық батыры Қаба Қожамқұл атындағы дәстүрлі халықаралық турнир болып өтті.

Ресей, Венгрия, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа бірнеше елден спортшылар қатысқан бұл турнирден № 4 Ақтөбе балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Серік Оразғалиев жүлделі үшінші орынмен оралды. 60 келі салмақта күрескен Серік алғашқы екі белдесуін жеңіспен аяқтады. Алайда үшінші кездесуде әлем чемпионатының қола жүлдегері қырғыз палуаны Базар Базаргуриевпен күресіп, жеңілуге мәжбүр болды. Ал үшінші орын үшін күресте Қырғызстан чемпионатының жүлдегерінен басым түсіп, қола медальді иеленді.

Серіктің бапкері Құсман Сауанаевтың айтуынша, бұл салмақта 20 палуан күрескен, оның екеуі халықаралық дәрежедегі спорт шебері екен.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button