Денсаулық

Сынықшыға сеніп сабылмайық

Соңғы уақытта газет-журнал беттерінде отандық денсаулық сақтау жүйесі төңірегінде тұрғындардың өз денсаулығына қалай қарайтындығы жөнінде мақалалар жарық көріп жатыр. Тұрғындардың көпшілігі ауырса немесе жарақат алып қалса, алдымен әр түрлі халық емшілеріне, сынықшыларға барады. Көп жыл травматология және ортопедия саласында дәрігерлік және ұстаздық қызмет атқарып келе жатқандықтан  бұндай жағдайларға толық қанықпыз. Статистикалық мәліметтер де тұрғындардың сынықшылар көмегіне жүгінетінін дәлелдеп отыр. Егер сынықшылар мен халық емшілері арнайы медициналық дайындықтан өтіп, тәжірибе жинақтап, сертификат алып, кейін жақсы нәтижеге жеткен болса, біз оларды кіналай алмас едік. Себебі халық емшілерінің ішінде туа бітті емшілік қасиеті барлар көп. Алайда профессор Г. Цойдың «Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты» деген еңбегіне жүгінсек,  бұндай ерекше қасиет иелері өте аз, яғни бір пайызында ғана кездеседі. Ал қалғандары емшілікті жеке табыс көзіне айналдырып алғандар. Емдеудің негізгі қағидасы — ауру адамға зиян келтірмеу. Деректерге сүйенсек, сынықшыда емделгендердің көпшілігі  ресми медицинаға емделуге мәжбүр болған. Уақыт өткізіп алғандықтан бұндай, яғни сүйектің сынуына қатысты ауруларды емдеу қиындық келтіреді. Мысал келтіретін болсақ, осы жылдың сәуір айында 59 жастағы бір науқас сол жақ тоқпан жілігінің басын шығарып алады. Үш ай сынықшыда емделеді. Нәтиже болмағаннан кейін дәрігерге көрінеді. Науқас «Жедел медициналық көмек» ауруханасының травмотология бөлімшесіне жатқызылды.  Науқасқа өте күрделі ота жасалып, жілік басы орнына салынды. Әлгі азамат үш айға дейін еңбекке жарамсыз болып отыр. Бұндай мысалды көп келтіруге болады. Сынықшыға сенгеннің соңы науқастың отбасы мен өзіне зиянын тигізеді. Сондықтан медициналық көмек сапасын қадағалайтын мекемелер халық емшілері мен сынықшыларды да бақылауға алса, олардың медициналық көмек көрсетуінің сапасын тексерсе, олардың туа бітті дарын иесі екендігін анықтап, сертификат берсе, халық үшін жақсы болар еді. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі кезде шет ел дәрігерлерінің біздің елде арнайы сертификатсыз медициналық көмек көрсетуіне тыйым салынған. Олар медициналық көмек көрсетуді қадағалау комитетінде аттестациядан өткеннен кейін ғана жұмыс істей алады.  Біздің облыстың емдеу мекемелерінде жоғары мамандандырылған көмек көрсету үшін бар жағдай жасалған. Жаңа құрал-жабдықтармен жарақталып жатыр. Бұрын күрделі диагностика аппаратты болмағандықтан науқастар көрші мемлекеттердің клиникаларына барып тексерілетін еді. Ал қазір жедел медициналық көмек ауруханасының травматология бөлімшесінде барлық науқастар жаңа аппараттардың көмегімен толық тексеруден өте алады. Бұл жерде ірі буындарды эндопротездеу секілді ем түрлері жасалады. Қорыта айтқанда, тұрғындардың сынықшы немесе халық емшілеріне емес, травматология бөлімшесінде медициналық көмек алуларына мүмкіндік бар.

Б. ӨТЕГЕНОВ, травматология және ортопедия курсының профессоры.

З. ИДИЕВ, профессор ассистенті.

М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button