Денсаулық

Сақтансаң сау боласың…

Жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары ең алдымен жүйкелік-психикалық ширығудың негізінде пайда болады. Өлген жүйке талшықтары қалпына келмейді. Сондықтан барынша сабырлы, салауатты өмір салтын ұстануға тырысу қажет.

Бос уақытыңды тиімді пайдалану, достармен қарым-қатынас, өзің және сені жақсы көретін адамдармен белсенді, қуанышты өмір сүру барлық аурудың алдын алатын қуатты құрал болып табылады.

Белсенді өмір салты. Бұл – спортпен айналысу, таза ауада ұзақ уақыт серуендеу, суға жүзу, туристік сапарлар, яғни адамға рахат сезімін сыйлайтын кез келген дене еңбегі. Дене шынықтырумен айналысуды әдетке айналдырғанымыз жөн: бұл – ыстық су мен салқын суды алма-кезек қабылдау, суық су құйыну, қарда жалаңаяқ жүру, моншаға бару. Таңдау көп және әркім өзінің жанына жайлысын таңдап алуына болады. Осы шаралардың барлығы да қан тамырларының қабырғаларын нығайтады, көптеген аурулардың алдын алады. Демалыс та толыққанды болуы қажет. Ұйқының қалыпты ұзақтығы тәулігіне 8-9 сағатты құрайды, сонымен қатар мүмкіндік болса күндізгі уақытта, әсіресе түс ауа, бір мезгіл дем алған жөн.

Тамақтану. Біздің дастарханымыздағы майлы, ащы, тұзды тағамдардың молдығы шектен тыс семіруге соқтырып қана қоймай, тамырларымыздың серпінді қызметіне де кері әсерін тигізеді, сондықтан қан айналымы бұзылады. Әсіресе, гипертензия кезінде ас тұзының мәселесі өте күрделі, мұндай жағдайда ас тұзын дастарханымыздан алып тастау ең бірінші қажеттілік болып табылады. Бірақ басқа сау адамдар да жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу үшін осы қағиданы ұмытпағандары абзал, ал тұзды тағамдарды тек мерекелік дастарханға қойсақ жеткілікті. Адам ағзасындағы тұздың көп болуы бүйрек жұмысына кері әсерін тигізіп, ағзадағы сұйықтықтың сыртқа шығуына кедергі келтіреді, осылайша тамырларымыз бен жүрегімізге артық салмақ салады. Сонымен бірге, жүрек-қан тамырлары жүйесіне тікелей әсер ететін тағамдар да кездеседі. Оларға қою шай, кофе, алкогольдік ішімдіктерді жатқызуға болады.

Темекі. Жүрек-қан тамырлары жүйесіне кері әсерін тигізетін әдеттердің бірі темекі тарту екендігі баршамызға аян. Шылым шеккіштердің арасында жүрек-қан тамырлары аурулары кең тараған. Темекі тартудың зияннан бөлек ештеңе алып келмейтіні белгілі. Сондықтан да бұл әдеттен толық бас тартуды ұсынамыз. Ал «жүйкені тыныштандыру үшін» темекіден басқа да пайдалы әрі жағымды әдістер көптеп табылады.

Сонымен, жоғарыда айтылғандардың барлығын қорыта келе дене белсенділігі, өзіңе және өзіңді қоршаған ортаға ізгі ниет, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден арылу және кардиологтың тексеруінен өту – жүрек-қан тамырлары ауруы сізге жақын жүрмейтініне сенімді болуыңыздың кепілі болады.

А.АЛЕКЕШОВА,

№2 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button