Білім

Аслан — ең жоғары ұпайдың иесі

 

Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында облыс бойынша ең жоғары ұпай — 124 балды жинаған Аслан Сайлауов — Ақтөбе қаласындағы №24 мектептің түлегі. Ол: «Алдына қойған мақсаты бар адам кез келген асуды алады, барлық арманын орындауға мүмкіндігі бар. Тағдыр адамның өз қолында!» — дейді нық сеніммен. Нағыз жеңімпаздың сөзін айтқан Асланды жеңісімен құттықтап, қуанышын қалың оқырманға жеткізуді жөн санадық.

— Мен 124 балл жинағанымды білгенімде күткендегі нәтижеге қол жеткізенім үшін қатты қуандым. Айқайлап жібердім. Қасымда анам және достарым болды. Достарым сол бойда мені көтеріп алып, аспанға лақтырды. Біреулері жүгіріп дүкенге кетіп еді, сол арада торт алып келді. Оны жеп тауыспастан менің бетіме жағып, «біраз қинады». Мен қуанышты сәттің иесі ретінде олардың барлық әзілін көтердім. Сол сәтте жыл бойы дайындықтан бас көтермегенім есіме түсті. Енді демалуға болатынын ойлап, қуанып кеттім, — дейді Аслан.

Аслан Сайлауов облыс бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген талапкер ретінде Қазақстандағы кез келген оқу орнына грант негізінде оқуға түсе алады. Ол «Алтын белгіге» де, үздік аттестатқа да үміткер болған емес. Оның алдына қойған мақсаты — жоғары балл жинау. Ол мектеп табалдырығын аттағаннан бастап өзін жетелеп келе жатқан анасы Айнұр Қадірқұлованың еңбегін ерекше бағалайды.

— Менің ұлттық бірыңғай тест кезінде таңдаған пәнімнен — дүниежүзі тарихынан сұрақтардың бәрі де қиын болды. Ішінде бұрын алдына ала тестілеу кезінде бірде-бір рет келмеген жаңа сұрақтар, таныс емес тапсырмалар да кездесті. Анам тарихшы болғандықтан, мені өзі дайындады. Ол — Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында оқытушы. Содан болар, менің бала кезімнен тарихқа деген қызығушылығым күшті еді. 8-сыныпқа келгенде барлық деңгейдегі олимпиадаларға, жарыстарға, Кіші ғылым академиясының конференцияларына қатысып, ғылыми жобаларымды қорғай бастадым. Анам маған көп уақытын бөлді. Мектепте те, үйде де бақылау күшті болғандықтан, 124 балл алмасқа «амал жоқ», — деп әзілдеді жеңімпаз.

Ол 125 ұпай жинау үшін орыс тілі пәні бойынша келген сұрақтардан бір ғана қате жібергенін жауап парағын тапсырған соң барып өзі сезді. Өз шамасын білетін білімді баланы ішкі сезімі алдамаған екен: расында да сол пәннен бір қате кеткен.

Қазір арқаны кеңге салып, демалып, бос уақытын «Чайка» бассейніне барып, жүзумен өткізіп жүрген Аслан жақын күндерде қандай оқу орнына бару керектігі туралы шешім қабылдайды. Әзірге таңдау екі жоғары оқу орнына түсіп тұр: Алматыдағы ҚазҰУ немесе Астанадағы Еуразия ұлттық университеті. Асланның арманы — саясаткер болу. Ол әлем мойындаған саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевқа еліктейді. Бос уақытында кітап оқығанды ұнатады. ҰБТ тапсырып болғаннан кейін уақыт бөліп, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарын» оқып шығыпты.

— Келесі жылдары осындай сынақтан өтетін түлектер тек өздеріне сенулері керек. Ұялы телефон алып кіру, сырттан жауап күту — бос әурешілік. Алдымен адамның нақты мақсаты болу керек. Содан кейін сол мақсатқа жету үшін ештеңеге қарамай, талпынғанда ғана жеңістің дәмін сезінесің. Мен өзімді дайындаған барлық мұғалімдеріме және бізге оқу жылы бойы қосымша сабақтар ұйымдастырған мектеп директоры Сара Әлмұратоваға алғыс айтамын, — деді сөз соңында Аслан Сайлауов.

 

Аманбек «алтын белгісін» қорғап шықты

 

Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының түлегі Аманбек Бекбауов та жоғары балл алған жеңімпаз. Ол 123 балл жинап, «Алтын белгісін» қорғап шықты.

Бастауышта Ақтөбе қаласының №38 мектебінде оқыған Аманбек 5-сыныпқа келгенде физика-математика мектеп-интернатына ауысады. Мұғалімі Орынбасар Саржанов баланың бойындағы қабілетін байқап, математикадан олимпиадаларға қатыстыра бастайды. Аманбектің анасы Алтыншаш Бекбауова — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің оқытушысы, математика ғылымдарының кандидаты. Атасы мен әжесінің баласы Аманбектің математика мен физикаға деген қызығушылығы, зеректігі, дәлдікті сүйетіні, алғырлығы анасынан «жұққан» болуы керек. Ол қолы бос кезінде шахмат ойнайды, өзін өкшелеп өсіп келе жатқан бауыры Ақылбектің сабағына көмектеседі.

«Алтын белгі» үшін болған 210 минуттық «арпалыста» баласына психологиялық жайлылық, тұрақтылықты сезіну, аспауы-саспау, аптығып асықпау маңызды екенін білетін Алтыншаш Бекбауова алдын ала психологиялық тесттер, тренингтер өткізген. Ол үйдің ішіндегі жиһаздарға, айнаға, қабырғаға «Мен мықтымын!», «Мен тестті оңай тапсырамын!», «Саспа, бәрі жақсы болады!» деген сияқты жігерлендіретін сөздер жазылған парақтарды іліп қояды екен.

Аманбек қазір оқуға құштар бала үшін барлық жағдай жасалғанын, техниканың дамыған заманы барлық мүмкіндікті алдыңа тосып отырғанын айтады.

— Физикадан дайындықты күшейту үшін репетитор жалдадық. Ал математика онсыз да менің сүйікті пәнім ғой, анам екеуіміз дайындалдық. Математикадан ешқандай қорқыныш болған жоқ. Дегенмен 125 балл жинау үшін екі сұрақтан қате жібергенмін: математикадан және орыс тілі пәнінен. Орыс тілі бойынша жауаптарымды қайта тексермегенімді мойындаймын. Ал математикадан өзім біліп тұрған жерімнен қате белгілеп жібергенімді байқамай қалыппын. Бірақ ең бастысы ол емес, ең бастысы — мен бұл пәнді жетік білемін, — дейді Аманбек.

Аманбек халықаралық деңгейдегі олимпиадаларда елдің намысын қорғап жүрген болашағы зор бала. Ол Мәскеуде өткен математиктердің халықаралық олимпиадасында бірінші орын алды. Францияда өткен математиктердің халықаралық конференциясына шақырту бойынша барып қайтты. «Чева мен Менелай теоремаларын дәлелдеудің кейбір әдістері», «Арифметикалық және геометриялық прогрессиялардың қасиеттерін есептер шығаруда қолдану» деген тақырыптарда қорғаған жобалары жоғары баға алды.

— Мен баламның шамасын жақсы білемін. Оның 100-ден жоғары балл жинайтынына сенімді болдым. Өйткені оның алдын ала болжау тестілері кезінде алып жүрген бағалары да осы 123 ұпай шамалас. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде математикадан келетін 25 сұрақты зерттеп көрдім. Алғашқы сұрақтары оңай болып келеді де, соңғы 5 сұрағы өте қиын тапсырмалардан құралады. Егер бала соңғы 5 сұрақтан сүрінсе, онда теорияны білмейді деген сөз. Ал менің балам сегізінші есептен қате жіберген. Былай қараған оп-оңай сұрақ. Бірақ бұл жерде, психологтардың айтуынша, бала асығыстық жасаған, тезірек «құтылып шыққысы» келген. Расында да балам берілген үш сағатты толық отырмай, барлық тапсырманы орындап шықты. Осы жерден асығыстықтың салдарынан қате жібергенін сездім.

Балам үмітімді ақтады, енді аман-сау жүрсін. Өзі армандаған Астанаға, Еуразия ұлттық университетіне оқуға жіберемін, — дейді Алтыншаш Бекбауова.

 

Айгүл БАЙМЕНОВА.       

 

     

Ауданның жалғыз алтыны

 

Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша Ойыл ауданының Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының түлегі Нәзира Мусина — «Алтын белгісін» қорғап шыққан жалғыз үміткер.

Оқушы кезінде аудандық олимпиадалардан жүлделі орын алып, облыстық деңгейдегі байқауларда бақ сынап жүрген ол  өз білімін осы жолғы үлкен сында тағы да танытып үлгерді. Математика және ағылшын тілі пәндерін сүйіп оқитын  білімпаз қыздың өзінің осы биіктен көрінуіне үлес қосқан мұғалімдері Роза Сәуірбайқызына, Амансұлу Мұсақызына, Светлана Қозыкөрпешқызына алғысы шексіз.

— Тест кезінде математикадан еш қиналғаным жоқ. Тек тарих, биология пәндері бойынша келген тапсырмалардың дайындалып жүрген сұрақтардан айырмашылығы болды. Қазақ тілі ана тіліміз ғой, бірақ менің тапсырғаным орыс мектебіндегі қазақ тілі болғандықтан оның да өзіндік ерекшеліктері болды.  Мұғалімдерімнің еңбегі және үйде де өз бетімше үнемі ізденісте жүруім мені бұл сыннан сүріндірмеді. Нәтижесінде 115 бал жинадым. Менің таңдау пәнім — биология болды, себебі болашақта медицина саласының маманы болсам деген үлкен арманым бар. Биологиядан сабақ берген Манира Аманғалиқызының білімі мен өз кәсібіне деген ықыласы мамандық таңдауыма ықпал етті, — дейді Нәзира.

Биылғы ҰБТ-да аудан бойынша жалғыз «Алтын белгі» иегері атанған  Мусиндер отбасының тұңғышы Астанаға оқуға аттанбақ. Ол болашақта дамыған елдердің озық тәжірибесін үйреніп, Қазақстандағы медицина саласының дамуына үлес қосуды армандайды.

 

Жанар ЕСЕНҚҰЛҚЫЗЫ.

Сынақтан сүрінбей өттік

 

Біздер алдымызда тұрған үлкен сынақтан өтіп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. ҰБТ — барлық оқушылар үшін үлкен сын. 11 жыл бойы алған білімімізді көрсететін сәтте бәріміз де жауапкершілікті сезінгеніміз анық. Тест сұрақтарының барлығы оқулықтардан алынып, мектеп бағдарламасын толық қамтығанына қуандық. Сынақ алдында барлық түлектерде қорқыныш сезімі болғаны сөзсіз. Осы сезімді жеңуге психологтардың көп көмегі тиді. Олар бізбен жыл бойы, тіпті ҰБТ күні тренинг өткізіп, қолдау көрсетті. Міне, енді сол күн артта қалды. Ендігі кезекте барлығы қолдарына аттестаттарын алып, қалаған оқуларына түсіп, жақсы маман иесі болады деген сенімдемін. Барлық мектеп бітірушілерге ақ жол тілеймін.   

Мен Ғ. Ақтаев атындағы №6 қазақ орта мектебінің ұстаздар қауымына алғысымды білдіремін. Мұғалімдер мектепте директор Шолпан Жанғалиеваның ұйымдастыруымен қыркүйек айынан бастап негізгі төрт пән және тандау пәні бойынша қосымша сабақтарды ешқандай ақы алмай өткізді. Қазақ тілінен Фарида Көшекбаева, алгебра пәнінен Райля Ізбасарова, тарих пәнінен Гүлайым Жанғалиева, орыс тілінен Гүлсім Жұмабекқызы өткізген сабақтар тестілеуді сүрінбей тапсыруымызға көп септігін тигізді.

Әйгерім Айтбенбетова,

Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектептің түлегі.

  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button