Билік

Елімен етене Елбасы

Еңсеру

Бүгінгі жиырма жылдық белесті кезең – сол өткен тарихтың беттерін қайта бір па­рақтауға, артта қалған ізге мойын бұ­рып, біз кім едік, кім бола алдық және сол күндердің үміті ақталды ма деп тол­ғануға себеп болуға сұранып тұрғандай көрінеді.

Қанша пенде болса – сонша пікір бар деп бекер айтылмаған. Ендеше, жи­ыр­ма жыл бұрынғы деректер мен жағдаяттарды ой елегінен өткізіп, баға бергенде мен өз топшылауларымды толық та ақтық ақиқат деуден аулақ­пын, әрине. Сол кездің ахуалын өзім сезінген, өзіме мәлім болып, жадымда қалған әсерлер тұрғысынан ғана көңіл безбенінен өткізсем бе деймін.

Тарихтың әмбебап қайшылықтарының бірі ең ғажайып деген оқиғаның куәгері бола тұра, адамдар соның маңыздылығын жедел сезіне қоймайтынында болса керек. Қай оқиға да мезгіл тезіне түсіп, сыни ұғым елегінен сан қайтара өтіп барып әлеу­меттік болмыстың елеулі деректері ара­сынан өзінің лайықты орнын иелен­генге дейін белгілі бір уақыт аралығын артқа тастауына тура келеді.

1989 жылдың 22 маусымында Қазақ КСР-інің астанасы Алматы қаласында Қа­зақстан Коммунистік партиясы Орта­лық комитетінің ХV пленумында оның Бірінші хатшысы болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Содан кейінгі қарқынды да мазмұнды өткен уақыт ағынының өзі көрсеткеніндей, осы күн Қазақстан тарихындағы бетбұрысты кезеңнің басы болып шықты.

Бүгінгі жиырма жылдық белесті кезең – сол өткен тарихтың беттерін қайта бір па­рақтауға, артта қалған ізге мойын бұ­рып, біз кім едік, кім бола алдық және сол күндердің үміті ақталды ма деп тол­ғануға себеп болуға сұранып тұрғандай көрінеді.

Қанша пенде болса – сонша пікір бар деп бекер айтылмаған. Ендеше, жи­ыр­ма жыл бұрынғы деректер мен жағдаяттарды ой елегінен өткізіп, баға бергенде мен өз топшылауларымды толық та ақтық ақиқат деуден аулақ­пын, әрине. Сол кездің ахуалын өзім сезінген, өзіме мәлім болып, жадымда қалған әсерлер тұрғысынан ғана көңіл безбенінен өткізсем бе деймін.

1985 жылы КСРО басшылығына КОКП Орталық Комитетінің жас та жі­гер­лі жаңа Бас хатшысы М.С.Гор­ба­чев­тің келуін және ол жариялаған қайта құ­ру, жариялылық пен жеделдету бағытын жұртшылық ыстық ықыласпен қарсы алып еді. Одан Нұрсұлтан Назарбаев та шет қала алмады. Өйтпегенде ше, қайта құру жария еткен билік шешім­дерін қа­был­даудағы барынша ашықтық, кәсіпо­рындардың өзін-өзі басқаруы мен еңбек ұжымдары­ның өндірістік және әлеу­мет­тік басқару­дағы құқықтарын кеңейту, жергілікті кеңестердің өкілеттік­терін ны­ғайту, нарық элементтерін енгізу арқылы экономикалық тиімділікті арттыру қа­жет­тілігі туралы идеялар – оның өз сенім­де­рі­мен де, көңіл-күйімен де үндес еді. Оның үстіне, дүниетанымы 1960-шы жыл­дардағы Хрущевтің жылымығы мен Ко­сыгиннің реформалары жылдары қа­лыптасқан Нұрсұлтан Әбішұлы бұл кез­де жаңа қадам­ды жас талап қана емес, ке­ңес­тік саяси құрылым мен эконо­ми­ка­дағы ахуалдың мән-жайынан жақсы хабар­дар, кемеліне келіп үлгерген басшы да еді.

1984 жылы 44 жасар Н.Ә.Назарбаев КСРО-дағы ең жас республика Премьер-министрі болған кезінде ол қазақстан­дықтар­дың Мәскеуден қамқорлық, жеңілдіктер мен артықшылықтар емес, бар болғаны өздеріне деген әділ көзқарасты ғана күткенін жақсы түсінді.

Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қыз­мет көрсету, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, білім беру мен ғылым салала­рында қалыптасқан ахуал байыпты да сыни талдауды, шаруашылық жүргізудің жаңа дең­гейіне көшу үшін түбегейлі ша­ралар қабыл­дауды талап етті. Жағдайды терең зер­де­леп, талдап-таразылай келе әрі мәліметтердің ресми насихатталуы мен нақты статистика арасында таң қаларлық­тай алшақтықтардың бар екеніне көзі жеткен сайын Нұрсұлтан Назарбаев бұл мұзтаудың тек су бетіндегі бөлігі екенін және түбегейлі де шешуші іс-қимыл уақытының жеткенін түсінді. Кешеуілдеуге болмайтын еді.

1986 жылдың ақпанында болған Қа­зақ­стан Компартиясының ХVІ съезінде кертарт­па жүйеге қарсы алғашқы жа­рия­лы соққы берудің сәті келді. Съезде кү­тіл­ген жып-жылмағай есептер мен дәс­түрлі наси­хаттық қызыл сөздің орнына өткір әрі ең маңыз­дысы, бұдан әрі төзуге болмай­тын тоқырау­лы және келеңсіз құбылыс­тар­дың бәрі жөнінде нақты иесі аталып көр­сетілген сын айтылды. Съез­дегі «тыныш­тық­тың басты шырқын бұ­зу­шы» басқа емес, нақ республика Ми­нистрлер Кеңе­сінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев болды.

Сын ауыл шаруашылығы мен эконо­миканың басқа да шешуші секторларын­дағы біліксіздік, ысырапшылдық, ұрлық-қарлық, көзбояушылық пен алаяқтық­тың сорақы фактілерін түйреді. Әсіресе, қарқынының баяулауы бюджет қаража­тын көрікті құры­лыстарға,  қала сыртын­дағы резиденцияларға бұрып әкетумен тікелей байланысты тұрғын үй құрылы­сындағы ахуалға өткір сын айтылды.

Е.Н.Әуелбеков, В.П.Демиденко, А.Г.Кор­кин, М.Р.Сағдиев секілді басқа да жетекшілердің сөздерін де азусыз деуге болмас, өйткені, съездің бары­сы­ның өзі де өзгеше еді. Дегенмен, сол күн­дердің басты дем берушісі болу Н.Ә.На­зарбаевтың үлесіне тиген еді.

Бұл туралы ширек ғасыр дерлік уа­қыт­­тан кейін еске алған кезде, сол ерек­ше съез­дің оқиғалары бейресми қоғам­дық пікірде сан-саққа жүгіртіле сөз бол­ғанын айта ала­мын. Ол кезде тәуелсіз БАҚ-тар да, өзгеше ойлайтын басқа заң­ды пікірта­лас алаңдары да болмаған­дық­тан, әрине, ондай жорамал-топшылаулар «дастарқан басында» ғана сөз етіліп жа­та­тын. Біреулер ол съезді Бас хатшы іс пен пікірталастарда «бейқам­дық пен жай­барақаттық» ахуалынан арылу­ды талап еткен КОКП Ор­та­лық Комитеті Саяси бюро­сы­ның жаңа бағытына шы­рай таныту деп есептеді. Екінші біреу­лер­ге ол Мәскеу жақтағы бас көрер­мен­нің көңілінен шығуға есептелген өзіндік саяси қойылым болып көрінді. Үшінші біреулер «орталық» осындай форма ар­қы­лы бірінші хатшы Д.А.Қонаев­тың ор­ны­нан үміткер саяси күштердің бай­қау­ын өткізді деген болжамды ұсынды.

Алайда, мұның бәрі қияли болжаулар ғана еді. Нақты жағдай одан біршама күрделі әрі драма­тизмге толы болатын.

Назарбаевты көптен білетін­дерге оның жігерлі күрескерлік мінезі де жақсы мәлім. Ол бұ­рын­­нан-ақ мәймөңкелікті біл­мей­тін әрі ойын жасырмай айта­тын батыл еді, ал 1985 жылы бас­тал­ған жа­риялылық кезеңі оның күресін пар­­тиялық-аппараттық құпиялы­лықтың тұм­шамалы ақпараттық ноқтасынан арыл­тып, барша қоғам үшін жарқыратып көрсе­тіп берді. Бұл жерде ол үндемей қала алмады.

Қарсы әрекет те көп күттірген жоқ. «Бас көтерушіге» қарсы қатаң қысыммен бірге нағыз оқшаулау әрекеті де ұйымдастырылды. Н.Ә.Назарбаевтың қаржылық жағдайын тексеруге, сондай-ақ, оның қызмет бабын теріс пайдаланып, мемлекет қаржысын жеке мүддесін қанағаттандыруға немесе еңбексіз табыс табуға пайдаланып жүрген-жүрмегенін анықтау жөнінде арнайы қызмет органда­рына міндеттер жүктелді.

Нұрсұлтан Әбішұлының бақытына қарай оған күйе жағатын материалдарды «жерден қазу» ешкімнің қолынан келе қоймады. Оның атына арнап ойдан шығарылғанның бәрі желге ұшты. Дегенмен, әрине, мұның бәрі оның өзіне де, отбасы мүшелері мен жа­нындағы жақын-жұрағатына да үлкен мо­раль­дық-психологиялық ауыртпалық әкелгені рас.

Біршама алға озыңқырап барып айтар болсақ, небәрі екі жыл өткенде Н.Ә.Назар­баевқа қарсы мұндай шабуылды Бірінші хатшы Д.А.Қонаевтың орнына келген Г.В.Колбин де қолданып көрді. Геннадий Колбин КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комите­тіндегі байланыстарын пайдалана отырып, үйреншікті әдістерін қолданғанымен, ол Н.Ә.Назарбаевты қорқытып, беделін түсіре де алмады, «кұрметті» жоғарылату жолымен республикадан кетіре де алмады, онысының бәрі де сәтсіздікке ұшырады.

Үлкен төзімділік әрі кәдімгі адами әдеп­тілік таныта отырып, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның өз басы тап болған сол бір қырсықтар туралы кейіннен қысқа ғана қайыратынына таң қаласыз. 1989 жылы одан сұхбат алуға Алматыға келген «Известия­ның» арнаулы тілшісі Павел Гутионтовтың өзіне: «1986 жылы Сіз Қазақстанның сол кездегі партия басшылығына алғашқы болып қарсы шық­пап па едіңіз?» деген сұрағына Н.Назар­баев: «Мен қазір ол туралы айтпай-ақ қойсам деймін… Айтарым, тоқырау кезеңінде республика басшылы­ғын­да қалыптасқан стиль мен әдістердегі елеулі кемшіліктер туралы өзім мінберінен ашық айтқан республикалық партсъезден кейін басыма бұлт үйірілді. Алайда, бірнеше айға созылған қысымға төзіп бақ­тым. Оның үстіне жинақтаған тәжірибем – тым тәуелсіз болу мені бұрыннан да «өз ұстанымымды сақтай білетіндей» етіп шыңдаған» деп жауап берді.

1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің «18 минөттік пленум» деген атышулы атауға ие болған ұйымдастыру пленумында Д.А.Қо­наев Бірінші хатшы қызметінен босатылып, оның орынтағына Г.В.Колбин отырғызылды.

Қайта құру үдерісі басталмай жатып-ақ іс жүзінде өз ұрандарының қадірін өзі кетірді.

Озық ойлы өкілдерінің пікірі арқылы кезекті кадр өзгерістерімен келіспеушілік танытқан қазақстандықтар үшін халық ішінде «екінші 37-ші жыл» деген атқа ие болған қысылтаяң кезең басталды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары мен қазақ халқының басына түскен ауыр сынақ туралы аз жазылған жоқ. Алайда мен бұл арада танымал құқықтанушы және тарихшы, академик Ғ.Сапарғалиев жасаған мына бір тұжырымды келтірейін: «…Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің жаңа Бірінші хатшысын тағайындау туралы КОКП Орталық Комитетінің шешіміне на­разы болған жастар республика астана­сындағы алаңға шыққанда оларға қарсы қару қолданылды, одан кейін өлім жазасына дейін үкім шығаруға барып, қатысушыларының көбін соттады. Сонысымен Коммунистік пар­т­ия өзіне-өзі үкім шығарды, көп адам одан сырт айналды. Партияны таратқан кезде халық наразылық танытқан жоқ. Сөй­тіп, Коммунистік партия мен Кеңес мем­леке­тінің тағдырына тарихи нүкте қойылды».

Сол кездегі проблемалар үшін мен бар жауапкершілікті бір Колбиннің басына үйіп-төгу ойынан аулақпын. Олар оған дейін де, одан кейін де бастан асып жата­тын. Басты мәселе осындай іс жағдайын қалыптастырған саяси жүйенің өзінде еді. Тіпті, сондай жүйенің өзі де кадр тағайындауда қатты қателескенін мойындауға мәжбүр болды.

Бұрынғы үстірт қадамдардан бір айыр­машылығы: бұл жолы Мәскеу респуб­ликада жабық социологиялық зерттеу сияқты бейресми бірдеңені жүргізген болды. Өздерінің ой-ниетін ашық жария етпей де, сондай-ақ оны онша жасырмай да, арнайы уәкілетті адамдар түрлі саланың айтулы тұлғалары арасында сол кездегі партия-кеңес басшыларынан Орталық Комитеттің Бірінші хатшысы ретінде кімге көңілдері ауатынын білу мақсатында сауалнама жүргізді. Сол жылдардың қоғамдық-саяси лексиконында «рейтинг» деген сөз болмаса да, неғұрлым сәтті де оптимистік диаграммалар Назарбаевқа келіп тоқайласа берген.

Сонымен қатар, сол тұста Нұрсұлтан Әбішұлының КСРО-ның халық депутаты (1989-1992 жж.) болып сайланғанын әрі бұл тұрғыдан өзін халық депутаттарының І съезінде, ең алдымен, республика мүдделерін қорғайтын айқын, білікті әрі серпінді саяси тұғырнамасы арқылы жарқын жақтарымен көріне білгенін айта кеткен жөн. Жоғарыда аты аталған ресейлік журналист П.Гутион­товтың оған: «Сіздің жақында халық депутаттарының съезіндегі сөйлеген сөзіңіз, көзіңізге мақ­тағаным емес, съезд мінберінен айтылған өткір де толғамды пікірлердің бірі болды», – деуі тіпті де бекер болмаса керек.

Халық депутаттарының І съезінің өзін­де-ақ одақтас және автономиялық респуб­ликалар делегаттарының бір тобының бастамасы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев­қа КСРО-ның вице-президенті­нің қызметі ұсынылғаны да көп нәрсені аңғартады, ал кейіннен бұл мәселе бірнеше рет көтерілді.

Сол жылдары Н.Ә.Назарбаевтың респуб­ликаның бірінші басшысының орнына бірден-бір болмаса да, неғұрлым ықтимал үміткер болғанын атап өткен артық емес. Бұл орайда 1986 жылғы Жел­тоқсан мани­фестациясының «Лениндік ұлт саясатын құрметтейік!», «Әрбір республи­каның өз басшысын таңдау құқығы болуы керек!» деген ұрандарды ұстап шыққанын, оған қатысушылар Мәскеуден келген эмиссар­ларға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшылы­ғына сайлау үшін Е.Н.Әуелбековтің, В.П.Демиденконың, О.С.Мирошхиннің, С.М.Мұқашевтың, Н.Ә.Назарбаевтың және басқалардың (әліп­би ретімен келтіріп отырмын – М.Қ.) есімдерін ұсынғандарын еске алсақ та жеткілікті. Яғни, қай ұлттың өкілі екеніне қарамастан, бірінші басшы міндетті түрде республиканың тыныс-тіршілігін жақсы білетін қазақстандық болуы керек екендігі баса айтылды.

Алайда, адам болмысының танымдық табиғаты қашанда кешеуілдеп жүреді ғой. 1991 жылы кеңестік дәуірдің құлдыраған тұсында Мәскеудің Н.Ә.Назарбаевқа КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы лауа­зымын ұсынуға дейін барып, «кең­пейіл­ді­лік» танытқанда, саясаттан хабарсыз адам­дардың өздері де мұны түпсіз тұң­­ғиыққа батып бара жатқан кеменің ка­питаны етіп тағайындау­мен салыстырған-ды.

Алайда М.С.Горбачевтің КСРО Пре­мьер-министрі болу ұсынысынан Нұр­сұлтан Әбішұлының сыпайы бас тартуында аса салмақты уәж жатыр еді. Назарбаевты өзі жақын арада, 1990 жылғы сәуірде, Президенті болып сайланған республи­кадағы істің жағдайы мен Қазақстанның мүдделері одан кем алаңдатпайтын.

*  *  *

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол бір есте қалған ХV пленумының оқиғаларына орала отырып, өз пайымдауымша, оның кәдуілгі сыпайы­гершілік сөздері мен рәсімдік жақтарын қағаберіс қалдырып, ең басты эпизодта­рына ғана көңіл аударып, мұрағат материалдарын тірілтіп көрейін.

Пленумды Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы М.С.Меңдібаев ашты. Ол Саяси бюроның мүшесі, КОКП Орталық Комитетінің хатшысы В.М.Чебриковке сөз берді. «Ор­талық Комитеттің Саяси бюросы Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне кандидатура туралы мәселені жан-жақты талқылады. Бұл орайда Орталық Комитеттің Бюро мүшелерінің пікірі де ескерілді. Нәти­жесінде біз мынадай қорытындыға келдік: сіздерге, пленумға, Қазақстан Компар­тиясы Орталық Комите­тінің бірінші хат­шы­сы етіп Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­ты сайлауды ұсынамын, – деді В.М.Чеб­риков. – Ұсынылған кандидаттың өмір­баянын айтып беруімнің қажеті болмас – бірге жұмыс істегендіктен сіздер оны біле­сіздер. Н.Ә.Назарбаев осында, респуб­лика­да үлкен мектептен өтті, не істелгенін, бұдан әрі республикада қайта құруды мақсатқа сай әрі дәйекті түрде өрістете дамыту үшін не істеу керектігін өте жақсы біледі. Н.Ә.Назарбаевты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлау туралы Саяси бюроның ұсынымын қолдауды өтінемін».

Пленумда сөз сөйлегендердің көпшілігі Нұрсұлтан Әбішұлын «Қазақстандағы қайта құрудың басты сәулетшілерінің бірі ретінде» сипаттады және байыпты өмір мектебінен өткен, жұмысшы әрі саясаткер ретінде шың­дал­ған ол нағыз лидерге айналды деген пікірлер олардың сөйлеген сөздеріне арқау болды.

Әсіресе теміртаулық ардагер-металлург С.В.Дрожиннің: «Мен Нұрсұлтан Әбіш­ұлын 18 жылдан бері білемін. Қарағанды металлургия комбинатының қалыптасуы­ның қиын жылдарында ол бізде партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істеді. Мен жұмысшы адаммын, ол – партия қыз­меткері, бірақ біздің арамызда ешқа­шан кедергі болған емес. Партком хат­шысы кабинетінің есігі бәріміз үшін әр­дайым ашық болатын. Алайда оның жұ­мыс орны көбіне кабинет емес, комбинат­тың жалынды цехтары еді. Ал мен қара­пайым жұмысшы ретінде айтайын: мұндай адаммен жұмыс істеу жеңіл де жақсы болмақ», – деген сөзі айрықша әсер қалдырды.

Пікір алмасылғаннан кейін, Орталық Ко­митет пленумдарының бүкіл тарихында тұң­ғыш рет бұл мәселе жабық, жасырын дауысқа салынды. Оған Орталық Комитет­тің 158 мүшесі қатысты. Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің Бірінші хатшысы болып сайла­нуы­н­а 154 адам дауыс берді. 4 кісі қарсы болды. Пленум жабық жасырын дауыс берудің хаттамасын бекітті. Осылайша Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.

Одан кейін жақында ғана КСРО Халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып сайланған Г.В.Колбинге сөз бері­леді, ол құттықтау мен алғыс білдірген сөзінің аражігінде амалсыз мынаны мойындады: «…Біздің әрқайсымыздың өзіндік мінезіміз бар. Пікір таласқан, бір-бірімізді сынаған кездеріміз болды, бірақ мақсатымыз біреу болатын: ол – түпкі нәтижеге қол жеткізу. Біздің бәріміз де осы мақсатқа ұмтылдық. Бюрода бізде орнықты, достық жағдайдағы ахуал қалыптасты, кез келген мәселе бойынша өз көзқарасыңды еркін білдіретін мүмкіндік болды, біз әрдайым өзара түсіністік табатынбыз».

Пленумда соңғы болып Н.Ә.Назарбаев сөз сөйледі. «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне және жеке маған еліміз бен республиканың тарихындағы аса бір күрделі бетбұрыс кезеңінде жүктелген бүкіл жауапкершілікті түсінемін, – деді ол. – Барша кеңес халқы көптеген өмірлік маңызы бар әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси проблемалардың, оның ішінде тоқырау кезеңінде жасыры­лып келген немесе айтылмай жүрген ұлт­аралық қатынастар саласындағы проблема­лардың да шешілуін қайта құрумен байланыстырады. Олардың соншалықты күрделі екенін соңғы жылдардағы оқиғалар көрсетуде. Дегенмен, оларды шешудің қағидаттары қазірдің өзінде айқындалды. Енді белгіленген міндеттерді мейлінше белсенді түрде жүзеге асыру керек. Бұл мә­се­лелердегі менің көзқарасым бар­шаңызға мәлім. Ол КСРО халық депу­таттарының І съезіндегі сөзімде айқын тұжырымдалған болатын. Бұл көзқара­сымды батыл жүзеге асыруды нық жүргізетініме сіздерді сендіргім келеді».

*  *  *

Н.Ә.Назарбаевтың Қазақ КСР бас­шы­сы лауазымындағы қызметінің басталуы аса бір қолайсыз жағдайларда өтті десек, бұл ешнәрсе айтпағандық болар еді.

Ол халық тағдыры мен оның халқының болашағы таразыға тартылған күрделі өзгерістер уақыты болатын.

Жаңа басталған қайта құру өзіне жүктелген үлкен үмітті, бірінші кезекте – эко­но­миканы сауықтыру мен адамдар өмірін жақ­сартуды ақтамады. 1980-ші жылдардың со­ңына қарай экономикадағы дағдарыс құбы­лыстары жедел асқына түсті. Одақтық орта­лық пен республикалар арасындағы қай­шылықтар, КОКП-нің тереңдей түскен идео­логиялық дағдарысы, ушыққан этносаралық қатынастар, қоғам­дағы әлеуметтік күйзелістер өрши түскен сайын басқа да шешілуі қиын пробле­малардың ауқымы жылымықта аунатылған қар домбағындай өсе бастады.

Бүкіл Кеңес Одағы сияқты, Қазақстан да «митингілік демократия» сатысына кірді. Кейде адамдардың әлеуметтік наразылығы Жаңаөзендегі сияқты стихиялы жанжалдар, сондай-ақ бірқатар облыстардың ірі өнер­кәсіп орындарында болған ереуілдер түрінде бой көрсетті. Оның үстіне сол уақыт­та Кавказда, Өзбекстанда, Приднестровье мен Балтық жағалауында азаматтық және этносаралық текетірестер іспетті бұрын болмаған қауіпті оқиғалар орын алып жатты.

Нұрсұлтан Әбішұлының абыройына қарай, мұндай қиын сәттерде ол жұртшы­лықпен батыл жүздесе білді, оларға не айтатынын да білетін. Дегенмен, кейін сол кездерде ол өзін «қыздырылған табадағы­дай» сезінгенін де жасырмай айтып жүрді.

Проблемалар мен оларды шешу жолдары туралы тұжырымын, жоғарыда айтып өтке­німіздей, Нұрсұлтан Назарбаев КСРО халық депутаттары І сьезінің мінберінен мейлінше нақты әрі дәлелді түрде баяндап берді.

Оның сол сөйлеген сөзі қысқа әрі тұжырымдық баяндауда жедел шешілуді қажет ететін, өзара байланысты мынадай 12 айқындамадан тұрды:

1)        кеңес азаматтарының әл-ауқатына әсер ететін тауар тапшылығын жойып, баға өсімін тоқтату;

2)        жалпы көрсеткіштер жалаң ғана өсіп, іс жүзінде тауар өндірісі тұтынушы­лар сұранысын қанағаттандырмай отыр­ған­дық­тан, елдің қаржы жүйесіндегі теңгерімсіздікті реттеу;

3)        бұқараның іс-тәжірибесіне сүйен­бей және аумақтық ерекшеліктер ескеріл­мей әзірленген шаруашылық есеп әдістерін жетілдіру;

4)        республикаларға одақтық министр­ліктер мен ведомостволардың өктемдігін, КСРО әскери-өнеркәсіптік кешенінің моно­полиялық әрі бақылаусыз қызметін тоқтату;

5)        Арал мен Семейдегі экологиялық апат­­қа, ядролық, әскери және бактерио­логия­­лық полигондар мен зертханалардың зиянды әсеріне байланысты проблема­ларды шешу;

6)        кірістердің одақтық және респуб­ликалық бюджеттер арасында әділетті бөлінуін қамтамасыз ету;

7)        одақтық ведомстволардың жалпы­одақтық стратегиялық объектілерде жергі­лікті халыққа кемсіте қараушылығы сияқ­ты (мәселен, Байқоңырда, Майқайыңда және т.б.) залалды көзқарастан арылу;

8)        жергілікті атқарушы органдарға кең өкілеттіктер беру мақсатында жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру;

9)        тұрақсыздық қаупінің алдын алу, қоғамдағы тәртіптік талаптарды күшейту;

10)      халықтар достығы мен шынайы ин­те­р­­национализм рухын сақтау, тоталита­ризм­нен онсыз да басқалардан көп зардап шеккен орыс ұлты мен Ресей халқын то­талитаризм­нің қылмыстарымен шатас­тырмау;

11)      республикалар мен олардың өкіл­дік­­терінің жалпыодақтық органдардағы өкілеттіктерін кеңейту;

12)      1986 жылғы Желтоқсан оқиғала­рынан кейін ұлтшыл деп әділетсіз әрі дәлелсіз айыпталған қазақ халқының ар-ожданын қорғап қалу.

Әрі бұл сөздердің Мәскеуде – әлі де құдіретті, бәрін де билеп-төстеуші одақтық орталық басшылығының алдында айтылғанын атап көрсеткен жөн.

Сөйтіп, сол уақыттың күрделі де қай­шы­лықты жағдайында Н.Ә.Назарбаев өзі­нің барлық күш-жігерін сол кезде күн тәр­тібінде тұрған басты түйінді пробле­маларды шешуге: түбегейлі экономикалық реформалар бағдарламасын іске асыру мен адамдардың тұрмысын жақсартуға, одақтық орталық пен республика арасындағы өкілеттіктерді нақты бөлуге, әлеуметтік тұрақтылық пен этносара­лық келісімді нығайтуға шоғырландырды.

*  *  *

Экономиканың күрт құлдырауы, Одақ өңірлері арасындағы шаруашылық байла­ныстардың үзілуі, одақтық орталықтың дәйексіз іс-әрекетінің аясындағы өндірісті ұйымдастыру мен олардың арасындағы кірісті бөлудегі сұмдық теңгерімсіздіктің сақталуы халықтың толық кедейленуіне, тауарлық әрі азық-түлік тапшылығына душар етіп, күннен күнге өрісін кеңейте түскен бей-берекеттікті тоқтата алмады.

Бұл ретте Қазақстанның жағдайы КСРО-ның халық шаруашылығы кешені құры­лымында оған шикізаттық рөл берілгендігімен күрделілене түсті.

1989 жылғы 27 маусымда өткен шығар­машылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен кездесуде сөз сөйлей келіп, Н.Ә.Назарбаев бұл тұрғыда былай деді: «Республикада қоғамдық өндірістің тиімсіз құрылымы қалыптасты. Мысалға, өнеркә­сіп үлесі Одақ бойынша алғанда ортадан төмен. Оның үстіне, индустрияның өз ішінде ауыр өнеркәсіптің пайдасына және өзіміз жыл сайын тұтыну қажеттілігінің 40-60 %-ын сырт­тан әкелетін халық тұтынатын тауарлар өн­діру­дің залалына сәйкес үйлесімсіздік пайда болды. Ал нағыз көп кіріс түсіретін солардың өзі ғой! Қалып­тасқан теңгерімсіз­дікк­е қарай бізді әдейі итермеледі, экономикалық саясат осындай болды. Біздің санамызға: «Қазақстанның ісі – көмір, металл, мұнай, нан беру, ал халыққа керектісін сендерге Балтық жағалауынан, Белоруссиядан және т.б. жеткізіп береміз» деген түсінікті сіңірді.

Соның салдарынан республика өндіріл­ген астықтың жартысына жуығын, еттің 1/3-ін, шикі мұнайдың 90%-дан аста­мын, көмір мен қара металл кендерінің 3/4-ін, түсті металл мен қорытпалардың 2/3-ін сыртқа шығарды, мұның бәрі адам айтқысыз төмен бағамен сатқызылды. Сонымен бір мезгілде Қазақстанға жеңіл өнеркәсіп пен теміржол көлігіне арналған жабдықтардың 95%-ына дейін, металл кесетін станоктардың 2/3-сін, тоқыма бұйымдары мен мақта маталарының 45%-ын, автомобильдерді, ауыл шаруашы­лығы техникасын, тұрмыстық техниканы – толық, халық тұтынатын тауар­лардың басым бөлігін сырттан әкелуге тура келді. Соның нәтижесінде, баламасыз айыр­бас салдарынан Қазақстан дотация бері­летін республика деген кемсітулі күйге түсті.

Қалыптасқан дағдарысты жағдайда Н.Ә.Назарбаев өндірісті тұрақтандыру, республика экономикасының шикізаттық бағытын еңсеру, одақтың ішіндегі көлбеу экономикалық байланыстарды нығайту, бірыңғай экономикалық кеңістікті сақтау жөнінде батыл шешімдер қабылдады.

Алайда, Орталықтың мықты өктемдігі сақталған, кейде ақыл-ойға сыймаса да одақтас республикаларға қандай да бір жол беруді қаламайтын, олардың арасындағы өкілеттіктердің аражігі нақты ажыратыл­маған жағдайларда экономиканы реформалаудағы барлық қолға алынған істер мәні жағынан оң нәтижеге жеткізбей, ұзақ уақыт ырғалып-жырғалуға әкеліп тірейтін. Бұл жағдаят Кеңестер Одағында жаңа Одақтық шарт жобасының айнала­сында өрбіген талас-тартысты көбіне-көп ушықтыра түсті.

Нұрсұлтан Әбішұлы республикалардың орталықпен қағидатты жаңа негіздегі өзара қарым-қатынасқа көшуінің негізгі идеолог­тарының бірі болды. Ол Одақтық шартқа жеделдете қол қою – түпкі мақсат емес, сан алуан проблемалардың, ең алды­мен экономикалық проблемалардың түйі­нін шешудің алғышарты екенін бірнеше мәрте қадап тұрып айтқан болатын.

Н.Ә.Назарбаев, әлбетте, орталық парт­аппарат функционерлері, әскери-өнер­кәсіп кешенінің, одақтық министрліктер мен ведомстволардың басшылары тарапынан одақтық төрешілдіктің белсенді де өте пәрменді қарсылығына тап болды. Дегенмен, Нұрсұлтан Әбішұлы прагматик ретінде кейін шегінер жолдың жоқ екенін де айқын пайымдады.

Өздерінің жайлы мәртебесін сақтап қалуға мүдделі, қасаң қағиданы ұстануда олар­дан кем түспейтін әрі саны жағынан бір­шама көп топ Қазақстанның өзінде де бар еді. Тамаша дипломат, қоғам қайрат­кері және публицист М.И.Есенәлиев кейіннен бұл жөнінде былай деп жазды: «…Әскерилер, орталықтың одақтық фи­лиалдарының жо­ба­лаушылары – ондаған жылдар бойы жал­ақы, медициналық қызметті пайдалану және басқа да мәсе­лелер жағынан ерекше жағ­дай­да болды. Олар Мәскеуге бағынып, респуб­ли­ка­ның, соның ішінде қазақтардың мұң-мұқтажын айтпағанның өзінде, жер­гілікті билікті көзге ілмей, «темір шымыл­дықтың» арғы жағында өмір сүрді. Далада жақ­сы мектептердің, ауруханалар­дың, клуб­тардың жоққа тән екенінде олардың жұмысы да болған емес… Сондық­тан рес­пуб­лика егемендігінен шахтерлер, метал­лург­тар, химиктер, мұнайшылар «қорық­пайды». Олар дербес егемен респуб­ликада жағдайлары нашар болмайтынын түсінеді. Ал қорғаныс саласының өкілдері, одақтық жобалау институттарының «ақ жағалы­лары» жайлы өмірден айырылып қалудан сеске­не­ді. Оларға Қазақстанда өмір сүріп, жұмыс істеу, бірақ Мәскеуге бағыну өте ұнайды. Бұл қолайлы еді».

Кейінірек, КСРО-да Одақтық шарттың жобасымен белсенді жұмыс жүре баста­ғанда, Нұрсұлтан Әбішұлы мәселенің ма­ңыз­ды­лығын пайымдай отырып, өзіміздің қазақ­стандық нұсқаны әзірлеуге бастама­шы­лық жасады. Оның өзегінде жатқан негізгі ойлар 1990 жылғы 10 қыркүйекте Қазақ теледидары арқылы берілген «Бірлік пен топтасу үшін» деп аталатын Қазақстан хал­қына арнаған Үндеуінде нақты белгі­ленген болатын. «Біз мүлдем жаңа негізде – егемен мемлекет­тер одағында өмір сүруді бастаймыз. Оның мәні айдан анық: республикалар өз аума­ғындағы ұлттық бай­лықты иеленуге, пай­далануға әрі билік етуге айрықша құқық алады. Бұған мем­лекеттік егемендіктің материалдық негізі болып табылатын – жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі мен басқа да табиғи ре­сурс­тары, бүкіл экономикалық және ғылы­ми-техникалық әлеуеті кіреді. Одақтың өзі рес­публи­калардың еріктілік, өзара мүдде­лі­лік және тең құқықты әріптестік бастау­ларына негізделеді. Республикалар өкілет­тік­терінің бір бөлігін өз қалауынша Одақ­тың өздері құрған жаңа басқару орган­дарына беруіне де болады. Бұл сипаты жа­ғынан ел ауқымында біртұтас басшылықты талап ететін қызмет салалары: іргелі зерт­теу­лер, қорғаныс бағдарламалары, атом өнер­кәсібі, ғарыш жүйелері және т.б. болмақ».

Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының КСРО-ның беделді әрі ықпалды саясаткерлері қатарында көрініп, халық арасында көп танымал бола бастаған кезі екені еш таңданыс туғызбаса керек.

*  *  *

80-ші жылдардың соңы бұрынғы КСРО-ның барлық халықтарының ара­сында этнизм дүрбелеңі мен бұрын-соңды болмаған ұлттың өзін-өзі тануын­дағы рухани серпілісімен ерекшеленетін еді. Ондаған жылдар бойғы тыйым салулардан кейін адамдар ұлттық дамудың маңызды проблемалары: жалпы­кеңестік жасанды мәдениеттің бір ізге салынушылығының зар­даптары, терең ассимиляциялық үдеріс­тер, ұлттық ерекшеліктерін, салт-дәстүр­лерін жоғалту, ана тілдердің жойылу қаупі туралы ашықтан ашық айтылып жатты.

Алайда, аталған үдеріс 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларынан кейін және соның ізінше қазақ халқына қатысты бас­талған қуғын-сүргіннен соң Қазақстанда қалыптас­қан аса күрделі моральдық-пси­хологиялық жағдайда өтіп жатты. КОКП Орталық Комитетінің 1987 жылдың шілде­сінде қабылданған қаулысында қазақ хал­қына «қазақ ұлтшылдығы» деген қиянатты да дәлелсіз айып тағылды, ал басқаша ойлауға тәуекелі жеткен басқару орын­дардағы жергілікті кадрларға, мұндайда ұлты қазақ болмаса да, кемсіту мен қоқан-лоққы көрсету науқаны қанат жайды. Сондықтан азаматтар арасында өзара сенімділікті қалпына келтірмей тұрып, көп ұлтты республикадағы өзге істердің табысты жүруі мүлде мүмкін емес болатын.

Мұндай жағдайда тілдер туралы заң жобасының қоғамда өткір пікірталастар туғызуы түсінікті ахуал болатын.

Осыларды терең сезіне отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы пікірталастың барлық тараптар құқын бір қалыпқа түсіретін әрі тілдердің бірде біріне артықшылық беруге жол бермейтін, салмақты, центристік көзқарастың жақтаушысы ретінде заң жобасын әзірлеуге және оны алға жылжытуға белсенді араласты.

Сондықтан парламенттік пікірталастар басталмас бұрын, «Қайта құру мен саяси ре­формаларды тереңдету жағдайындағы респуб­лика партия комитеттерінің ұйым­дастырушы­лық және саяси жұмысы туралы» 1989 жылғы 18 тамызда сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев заң жобасын алдын ала халқымызға былайша түсіндіріп берді: «Таяуда баспасөзде тілдер туралы Қазақ КСР заңының жобасы жарық көреді, оны республика ғалымдары мен мамандары­ның, мәдениет қайраткерлерінің үлкен тобы ұзақ уақыт бойы дайындады. Бұл құжатқа түбегейлі баға беріп жатқым келмейді, бұл – бүкіл қазақстандықтардың ісі. Тек жобаның құқықтық тұжырымдама­сының басқа республикаларда қабылдан­ған осы тақылеттес заңдар тұжырым­дама­лары­нан, атап айтқанда, оның интерна­ционал­дық мәнін күшейту тұрғысынан айтарлық­тай ерекшеленетініне назар аударғым келеді. Жаңа заңның авторлары басшылыққа алған басты өлшемдердің бірі республикаға атын берген халықтың шынайы өркен жаюына басқа ұлттар адам­дарының құқықтары мен бостандықтарына қысым жасау есебінен қол жеткізуге болмайтындығы туралы терең ой болатын. Жергілікті ұлт тілінің нақты қор­ғалуын барша жұртшылық түбегейлі шарадан – оған мемлекеттік мәртебенің заңды түрде бекітіліп берілуінен шын мә­нінде әділ аңға­рып отыр. Алайда, осындай қадам жасала оты­рып, барлық халықтар тілдері­нің еркін дамуына да заңнамалық жолмен кепілдік берілетін болады. Бұл орайда орыс тілі ұлт­аралық қатынас тілі ретіндегі өз функция­ларын лайықты атқара беретін болады, ол бұрынғыдай әрбір халықтың, әрбір адамның қуатты зияткерлік әлеуеті рөлін сақтап қалады».

Салмақты көзқарастың арқасында 1989 жылдың қыркүйегінде қабылданған «Тіл­дер туралы» Қазақ КСР-інің Заңы белгілі бір дәрежеде этносаралық қарым-қаты­настар­дың өткірлігін төмендетіп, республикадағы тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізді.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ ұлтының шы­найы өрлеуі Қазақстан халқын құрайтын бар­лық этностардың бір мезгілде әрі жан-жақ­ты ұлттық-мәдени дамуы жағдайында ғана мүмкін екенін үнемі атап көрсетіп отырды.

Нәтижесінде республикада 1989 жыл­дан бастап, кейіннен 1995 жылы құрылған Қа­зақстан халқы Ассамблеясының түп негізі болған ұлттық-мәдени орталықтар ашыла бастады. Көптеген этникалық топ­тар, соның ішінде бір кездері Қазақстанға мәжбүрлеп жер аударылған немістер, кәрістер, поляктар, литвандар, қырым татар­лары, түрік-месхедтіктер, вайнахтар, қара­шай­лар мен балқарлар, гректер және басқа­лар өздерінің тарихи отандарымен үзілген байланысты қайта жаңғыртуға кірісті. Қазақ ұлтының бағзы замандардан бергі табиғи ошағы бола отырып, Қазақ­стан әлемге та­рыдай шашылып кеткен қазақ диаспорасын жинай бастады, 1992 жылы құрылған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы соның орталық ұйымына айналды.

Ұлт мәселесін дұрыс та ашық шешу ба­ғы­тын дәйекті іске асыра отырып, Н.Ә.Назарбаев алғашқы кезектегі істердің бірі ретінде КОКП Орталық Комитетінің 1987 жылғы шілдеде қабылданған атышу­лы «қазақ ұлтшылдығы» туралы қаулысы­ның күшін жоюға қол жеткізу мақсатын қойды. Сөйтіп, КОКП Орталық Комитеті­нің 1989 жылғы 19 қыркүйекте өткен пленумында сөз сөйлей келіп, Н.Ә.Назар­баев осы құжат туралы былай деді: «Онда дә­лелсіз ғана емес, халықтың ар-намы­сына тиетін тұжырымсымақтар да жібе­ріл­ген. Мысалға, «қазақ ұлтшылдығы» деген түсінік бой көрсетеді. Бірақ, прин­ци­пінде, қандай да бір тұтас халыққа осындай ізгілікке жат белгілер тән болуы мүмкін бе? Әлбетте, жоқ! Әрі мен оған кәміл сенімдімін. Және ұлттық демокра­тияның болмайтыны секілді, қазақ, орыс, өзбек, латыш және тағы сол сияқтылардың ұлт­шылдығы дегеннің болуы да мүмкін емес. Республика коммунистері мен жұртшы­лығының пікірін білдіре келіп, Орталық Комитеттен қазақ халқының адалдығы мен ар-намысына нұқсан келтіретін, оның интернационалистік мәніне көлеңке түсі­ретін қаулының қате қағидаларын қайта қарауды сұраймын». Ақыр аяғында намыс­қа тиетін сол қаулының күші жойылды.

Сонымен бір мезгілде Желтоқсан оқиғаларынан зардап шеккендерді ақтау ісі басталды: оған қатысушылардың көбінің құқықтары қалпына келтіріліп, қалыпты өмірге қайта оралды. Бұл жұмыстың әлдебір жерде емес, Нұрсұлтан Назарбаев басқарып отырған дәл сол Қазақстан Компартиясы Ор­талық Комитетінің ғимаратында басталғанын көп адам біле де бермейді. Желтоқсан оқи­ғаларын зерттеу комиссиясын екі рет құруға тура келгені белгілі. Алайда, болған істің нақты бейнесін қалпына келтіру қажет еді.

Сол алғашқы кезеңнің басты қорытын­дысын Елбасы өзінің «Жадымызда жаттал­сын, татулық дәйім сақталсын» атты мақа­ласында шығарды: «… Сол жылдар­дағы саясат­шылар «халықтар достығына нұқ­сан келген жоқ», «кеңестік интерна­цио­нализм ауыр сында төзімділік та­нытты» деген са­рын­дас әбден жауыр болған жаттанды тір­кес­терді дұға сөзіндей жалықпастан қайта­лаумен болды. Алайда, адамдар достыққа сызат түскенін, түрлі ұлт өкілдері арасындағы қарым-қатынаста айтарлықтай салқындық­тың пайда болғанын, әрқайсы­ларының өзді-өзі болып оқшаулануға бейімділік таныта бастағанын аңдамай қалған жоқ. Жағдайды партия және мемлекеттік органдардың орашолақ іс-қимылы одан сайын ушықтыра түсті, олар оңтайлы да нысаналы жұмыс жүргізудің орнына мәтібиліктің бәз-баяғы дәстүрлеріне басып, материалдық жағынан да, ұйымдық жағынан да дәйектелмеген ұзын-сонар «іс-шараларының жоспарын» жасаумен шектеліп жүріп жатты.

Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана елі­міз­де қазақ халқының тілін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін шындап қалпына кел­ті­ру­ді мақсат тұтқан рухани өрлеу басталды.

Сонымен, тоталитарлық жүйе қорлық көрсетіп, жәбірлеген халыққа, сайып келгенде, Қазақстанды мекен еткен басқа да халықтарға қысым жасау тыйылды. Мәңгілікке тыйылды деп сенемін».

Нұрсұлтан Назарбаев Кеңестік Қазақстанның барлық басшыларының арасындағы коммунистік идеологияның дінге дәстүрлі дұшпандық-кемсітушілік қатынасын әшкерелей отырып, оған жаңа көзқарас қалыптастырып, қоғам өмірінде діни таным мен клерикалық институттар­ды күшейтіп, нығайтушы және кеңейту үдерісін өрістетуші алғашқы басшы болды. Осы мақсатта 1989 жылдың 25 қыркүйе­гінде ол діни қайраткерлердің үлкен тобы­мен кездесті, олардың қатарында Қазақ­стан мұсылмандарының қазиы Р.Нысан­байұлы, орыс православие шіркеуі Алматы және Қазақстан епархиясының басқару­шы­сы епископ Евсевий, Евангелие христиан-баптистері Қазақстан бойынша кеңесінің Бүкілодақтық аға пресвитері В.В.Горелов, жетінші күн адвентистері шіркеуінің республика бойынша аға уағыздаушысы И.М.Вельгоша және тағы басқалар болды. Сындарлы да өзара сенім­ді әңгімелесу барысында ол діндарлардың өтініштері мен ұсыныстарына оң жауап беріп, өз кезегінде олардан да жалпыадам­заттық моральдық-имандылық бастаула­рын тарату мен сақтауға, мейірімділік танытуға көңіл бөлуді, әсіресе ана мен баланы қорғау, мүгедектер мен жасы ұл­ғайғандарға көмек көрсету үшін қайырым­дылыққа барынша күш-жігер жұмсауды сұрады. «Мемлекет пен діндер арасында туындайтын мәселелерді Конституцияға сәйкес жер-жерде іс жүзінде шешу керектігін» баса айта отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы осындай кездесулерді жүйелі түрде өткізуді ұсынды.

КСРО-да ондаған жылдар бойы жүр­гізіліп келген атеистік саясаттың салдары діни рәсімдердің жарымжан күйге түсуіне әкеліп соққан-ды. Діндарлар өз мінажат­тарын жасырын орындауға мәжбүр болды. Діни сананы жойдасыз келемеждеуге, дінге сенушілерді кемсітушілік пен дін қызмет­шілерін қудалаушылыққа жол берілді. Қазақстанның жаңа басшысының осының бәріне тоқтау салған саясаты мен ұстаны­мын жұртшылықтың қандай алғыспен, қол­даумен қарсы алғаны айтпаса да түсінікті шығар.

Сол кезде Рим Папасының Қазақ­станға сапармен келетінін, ал респуб­ликаның адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған Әлемдік діндер съезін өткізудің бастама­шысы әрі жұмыс орнына айнала­тынын болжап білу мүмкін бе еді?.. Бірақ, өзіміз көріп отырғандай, рухани қайта жаң­ғыру саясаты, конституциялық кепіл­діктерде көрсетілген сенім бостандығы, плюрализм мен толеранттық, көнелерін пайдалануға қайта енгізіп қана қоймай, жаңа ғибадатханалар тұрғызу, қазіргі заманғы жаһандық проблемаларды шешу үшін сындарлы конфессияаралық үндесуді жолға қою – мұның барлығының түп-тамыры сонау 1989-шы жылдың еншісінде жатыр.

Сол кезде тоталитарлық жүйенің қылмыстық қызметінің бұдан да басқа сорақы фактілері ашылғанын атап өтуіміз қажет. Арал теңізі алабындағы экология­лық апат пен Семей ядролық полигоны туралы ақпарат жалпыға жария етілді. Осындай жағдайда 1989 жылғы 27 ақпанда жасалған ядролық жарылыстың салдары­нан қоршаған ортаға таралған радиоак­тивтік шығарынды туралы хабар жұртшы­лықты дүр сілкіндіріп, оларды ядролық сынақтарға қарсы бағыттал­ған қуатты «Невада-Семей» қозғалысына ұласқан наразылық акциясына алып шықты.

Осы тұста Қазақстанда орналастырыл­ған жаппай қырып-жоятын қарудың инфрақұ­ры­лымын жою туралы мәселеде қазақ­стандық зияткерлер алғаш рет бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыс істеу үлгісін көрсеткенін айта кеткен орынды. Егер О.О.Сүлейменов адамдарды «Невада-Семей» қозғалысына «Полигон жойылсын!» деген ұранмен біріктірсе, Н.Ә.Назарбаев өз өкілеттіктерін пайдалана отырып, бұл үдеріске қисынды нүкте қойды. Бұл туралы ол кейіннен «Бейбітшілік кіндігі» деп аталатын кітабында баяндап берді.

Қазір бұл туралы ұмытылып та барады, алайда, ресми Мәскеу бұл қозғалыстың дүниеге келуінен қатты үрейленді. Бұл туралы белгілі халықаралық зерттеуші, профессор Чжен Кун Фу «Қазақстан гео­сая­саты: өткен мен болашақтың арасында» атты кітабында былай деп жазады: «1989 жылы ұйымдастырылған «Семей-Невада» ядролық сынақтарға қарсы қозғалысы қазақ ұлтының құқықтарын қорғады, сондықтан да Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы бұған сенімсіздікпен қарады. Мұны бір кездері ұлтшыл қозғалыс деп санау қабылданған болатын. Алайда Г.Колбинді Н.Назарбаев алмастырғаннан кейін бұл проблемаға баса назар аударылып, қозғалыс ұлтшылдық белгілерінен бірте-бірте арыла бастады. Семей полигонында соңғы ядролық сынақ өткізіліп, сосын ол жабылады деген шешім қабылданды. Осыдан кейін қозғалыс, басқа реңктерден ада, таза ядролық жарылыстарға қарсы қозғалысқа айналды».

Бұл туралы О.О. Сүлейменов былай деп еске алады: «… Ортақ пікірге келдік – үш мекенжайға – КОКП Орталық Комитетіне, КСРО Жоғарғы Кеңесіне, КСРО Министр­лер кабинетіне хат жазу керек. Республи­калық органдарға емес, өйткені полигон Мәскеуге бағынатын… Күндер өтіп жатты, жауап күтіп жүрміз. Жауап бір аптадан кейін келді. Бір мекенжайдан – Министрлер Кабинетінен. Үкіметтік комиссия ұшып келді. Тексерді. Бәрі қалпында. Дегенмен үн қатқандарыңа рахмет. Біздің Орталық Комитетке мен барған жоқпын: басшылар­мен қатысымыз соншалықты емес еді, оның үстіне, олар қандай көмек көрсете алсын».

Н.Ә.Назарбаевтың келуімен Орталық Комитеттің көзқарасы күрт өзгеріп сала берді, ол өзі сайланған бес күннен кейін-ақ, 1989 жылғы 27 маусымда шығармашы­лық және ғылыми зиялы қауым өкілдері­мен кездесіп, мән-жайды түсіндіре отырып былай деді: «Ең қатты ойландыратын мәселе­лердің бірі – Қазақстандағы экологиялық жағдай, – деді ол. – Осында қатысып отырғандардың кейбірі «Невада-Семей» қозғалысына республикалық деңгейде қолдау көрсетіле ме деп сұрады.

Көрсетіледі, бұл туралы баспасөзде жарияланды да. Семей облысындағы полигон жөніндегі мәселе күрделі нәрсе. Біз «Невада-Семей» қозғалысын қолдай­мыз әрі оның мақсаты ізгі деп есептейміз. Бүгінгі таңда онда оң өзгерістер бар – Семей полигонында жарылыстар саны қыс­қарып, олардың күші азайтылуда, өңір­дегі денсаулық сақтауды, барлық әлеу­меттік инфрақұрылымды дамыту жөнінде шаралар қабылдануда. Бұл бағыттағы күш-жігерімізді міндетті түрде арттыра беретін боламыз».

Ол өз сөзінде тұрды, Мәскеуде КОКП Орта­лық Комитетінің пленумында сөз сөйлеп, өз ойын анағұрлым үзілді-кесілді білдірді: «Қазақстанда тек әскери ведом­стволардың өзі ғана миллиондаған гектар­ды шаруашылық айналымнан шығарды. Біздің аумақта, міне, 40 жыл бойы ядролық қаруды кең ауқымда сынау жүріп жатыр. Жұртшы­лық­тың оны жабу туралы талаптары еленбей келеді. Қарқынды уран өндірудің тигізетін зардаптарын халық білмейді. Әрине, мұның бәрі, тұтастай алғанда, ел мүддесін қорғау үшін қажетті, бірақ бұл қажеттілікті адамдарға түсіндіру, соған байланысты жоғалтқан­дары­ның орнына өтемақы төлеу керек қой. Алай­да бұл тұрғыда ештеңе істеліп жатқан жоқ. Зорлық-зомбылықты шешімдер қабылдай салатын шімірікпестік халықтың ұлттық сезіміне кірбің түсірмеуі мүмкін емес».

Соңыра, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің алғашқы жарлықтарының бірі Н.Ә. Назарбаев 1991 жылғы 29 тамызда қол қойған «Семей полигонын жабу туралы» Жарлық болды. Бүгінде ол баршаға мәлім тарихи фактіге және біздің ұлттық мақтанышымыздың мәніне айналды. Алайда, ондай қадамға батыл бару жеке бастың зор ерік-жігерін танытса керек.

Жалпыға ортақ іс үшін бас біріктірудің тағы бір жарқын мысалы бұдан да неғұрлым ертерек кезеңнің еншісіне жатады. 1987 жыл­дың күзінің соңына қарай Ленин атын­дағы сарайда (қазіргі Республика сарайы) Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 90 жылды­ғына арнап өткізілген салтанантты жиында соңғы отыз жылдың көлемінде Шәкәрім ақынның аты тұңғыш рет жұртшылыққа жария етілді. Егер бұл төралқада онсыз да не айтылғанын жөнді ұға алмай отырған колбиншіл сыбайлас топ үшін естен танғанмен бірдей болса, самайын ақ шалған оқымысты ғалымдары­мыз үшін тоталитар­лық тыйымдар сеңінің сөгілгенін және жуық арада, сөз жоқ, еріп кететінін білдіретін жүрек толқытарлық жақсылықтың белгісі еді.

Қарсылықты жеңіп, әр жылдары тоталитаризмнің түкті қолынан қорлық көрген Қазақстанның барлық азаматтарын бұлтарыссыз ақтауға бағытталған жұмысты өрістету үшін Үкімет төрағасы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы сол жылы өз тарапынан қолдан келгеннің бәрін де жасады. Заңсыз қуғын-сүргін көргендерді ақтаудың 1958 жылғы сияқты меңіреу де жартыкеш болып қалуына жол бермеу керек еді. Ғылыми зиялы қауымды арқа тұта отырып, ол қазақ ұлты мен барлық көпұлтты Қазақстан халқының рухани қайта өркендеуіне бағытталған бірқатар түбегейлі іс-шараларды жүргізді. Сөйтсе де кертартпа және бақай есепті күштердің қарсы іс-әрекетін жеңу оңай болған жоқ: «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңның тек 1993 жылғы мамырда ғана қабылдануы тіпті де кездейсоқтық емес.

Алайда бұл тек істің басталуы ғана болатын. Алдағы толық еркіндік пен тәуелсіздік үшін күрес сапарында оны әлі де талай тар жол, тайғақ кешу күтіп тұр еді…

*  *  *

Адам уақытты таңдамайды, ол тек уақытпен бірге тыныстайды. Алайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл саяси өмірбаяны белгілі дәрежеде бұл нақылды жоққа шығарумен келеді. Өйткені, мемлекеттік қайраткер ретінде ол өзіне берілген жағдаяттар жүйесінің ауқымымен шектеліп қалмай, тағдырдың жазғанына сеніп, соның ырқына енжар ілесіп кете бермеді. Керісінше, ол қалыптасқан жағдайға көнбей, бұлқыныс танытып, болмысты өзі белсене қалыптастыра отырып, аса қолайсыз жағдайда және іс жүзінде тақыр жерде жаңа мемлекет орнатумен қатар, республиканы әлемдік қауымдастықтың толыққанды әрі беделді мүшесі деңгейіне көтере алды.

Ол өз ұстанымын былай білдіреді: «Мен шұ­ғыл жеңістер мен баршаға бірдей игілікті уәде етпеймін. Мен әлдебіреулер сияқты, нақ­ты белгіленген уақыт мерзімінен кейін қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жұ­мақ орнатуға уәде бермеймін. Бірақ бәріміз бірге алған бағыттың бізді қандай да бұ­лың­ғыр әрі ешкімге түсініксіз «жарқын бола­шақ­қа» емес, жалпыәлемдік өркениеттің тап­таурын, даңғыл жолына әкелетініне сене­мін. Адамзаттың дені жүріп келе жатқан ай­қын да қалыпты жолға әкелетініне сенемін».

Авторы: Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы.

(«Егемен Қазақстан» газеті, 20 маусым 2009 жыл).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button