Құқық

Мүгедектердің құқығы бұзылды

 

Тәртіптік кеңес

 Тәртіптік кеңестің кезекті мәжілісінде 11 тәртіптік іс қаралып, Қарғалы ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашевтің аудан мекемелерінде Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдарының және Ар-намыс кодексі талаптарының орындалуы жөнінде хабарламасы тыңдалды.

Мәжілісте Ақтөбе қалалық прокурорының көмекшісі Бақытжан Ешмағамбетов Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарға жол берілгендігі туралы баяндап берді.

Атап айтқанда, аталмыш қалалық бөлімді тексеру кезінде заң талаптары сақталмаған және мүгедектердің құқығын бұзу жағдайы орын алған. Бөлімде мемлекеттік сатып алу жұмысы дұрыс жоспарланбағандықтан, мемлекеттік сатып алу мерзімінде өткізілмеді. Соның салдарынан мүгедектерді міндетті гигиеналық бұйымдармен қамтамасыз ету жөніндегі арнайы бағдарлама аяқасты етілді. Мүгедектер гигиеналық бұйымдарды өз қаржыларына сатып алуға мәжбүр болды.

Тексеру барысында міндетті гигиеналық бұйымдарды сатып алу үшін облыстық бюджеттен 32 885 000 теңге бөлінген. Және жоспарға сәйкес мемлекеттік сатып алу осы жылдың ақпан айында жүргізілуге тиіс болатын. Алайда Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің лауазымды қызметкерлерінің кінәсінен қала мүгедектері үшін міндетті гигиеналық бұйымдарды мемлекеттік сатып алу жұмысы жүргізілмеді.

Қысқасы, электронды мемлекеттік сатып алуды өткізу жөніндегі комиссия құрамы ақпанның соңында ғана бекітілген. Ал электронды сатып алу туралы хабарландыру 21 наурызда ғана жарияланған.  Қалалық бөлімнің лауазымды адамдары электронды порталға бірнеше рет өзгерістер енгізген. Бұл сатып алу уақытын созуға апарды. Осылайша заң бұзушылыққа жол берілді.

Тәртіптік кеңес мүшелері Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Ақылбек Ділжановқа қатысты қызметінен төмендету, ал төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Жоспарлы тексеріс нәтижесі бойынша Тәртіптік кеңес хатшылығы Қарғалы ауданының бір топ мемлекеттік қызметшілері тарапынан Ар-намыс кодексі талаптарының бұзылғандығын анықтады. Бұл мәселе бойынша ауданның 9 ауыл әкіміне ескерту түрінде жаза қолдану ұсынылып, бір лауазым иесіне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру ұсынылды.

 

Бердібай КЕМАЛ.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button