Әлеумет

Ізгіліктің адамы еді Ілияс

Ілияс Тәжімұратов – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор,   математик, мен болсам қоғамтанушы, екеуміздің мамандығымыз бір-бірінен алшақ. Бір университетте болғанымызбен, бір кафедрада, бір факультетте қоян-қолтық, тығыз араласып жұмыс жасағанымыз жоқ. Бізді жақындатқан адами қарым-қатынастар  еді.

1999 жылдан Мәжіліс депутаты болып сайланғаннан кейін Астанаға қоныс аудардым, бірақ Ақтөбеге жиі келіп тұрдым. Келген соң бірінші кезекте хабарласатын адамдардың бірі Ілияс еді. Телефон шалсам болды: «Иә, бала, келіп қалдың ба-ай? Қарындасым қалай, жақсы бағып жатырсың  ба? Анау офицер жігіт қалай, әлі генерал болған жоқ па?   Жанартай қалай? Сенің амандығыңды білем, күнде телевизордан көрем. Жарайды.  Әңгімені қой, қашан біздің үйден шай ішесің?» – дейтін.  Сырт көзге жас жағынан менен  екі-үш жас қана үлкен кісінің маған, дырдай Мәжіліс депутаты, ғылым докторы,  профессорға, «бала» дегені басқаларға қораш көрінуі де мүмкін. Бірақ Ілекеңнің маған осылай өзімсініп сөйлеуіне негіз бар.

Мен 1964  жылы Алматыға, Каз ГУ-дың аспирантурасына емтихан  тапсыруға барсам,  аспиранттар тұратын жатақхана бөлмесінде үш адам тұрады екен: Ілияс Тәжімұратов,  Асау Жалғасов, Арон Асқаров. Мен араларында жасым кіші – төртінші болып орын алдым.  Бөлменің студенттер тұратын жатақтан ешқандай айырмашылығы жоқ. Ілекең  үшеумізге бастық, староста, ең басты жұмысы – жиналыстарға барып келеді. «Не жаңалық бар, Ілеке?» – десек, ол: «Не жаңалық болсын, қазақтар туалетті дұрыс пайдалана алмайды деп, бүкіл  пәлені бізге жауып жатыр», – деп ренжитін. Жатақханаға Ілекеңді іздеп жерлестері келіп тұрды. Сол жылдары кейін белгілі математиктер болған Назарбай Блиев, Мырзағали Төлегеновпен таныстым. 1964 жылы қазан айында бәріміз де аспирантураға түстік. Сол кезде, әсіресе, аспиранттар арасында гу-гу әңгіме, анекдот көп еді, себебі Хрущев тақтан түсіп, орнына Брежнев келген, Қонаев қайтадан бірінші хатшы болып, республиканы басқарды. Әдетте, байсалды, өзінің мамандығына мықты, мінездері  қарапайым физик, химик, математиктер саясатқа келгенде қызба, айтыса кететін,   күрделі мәселелерді оп-оңай шешіледі дейтін, қоғамды математикалық дәлдікпен  басқаруға болады деп теңдеулерді шешкендей қарайтын еді. Оңаша бөлмеде  талай айтыстар өтті. Бірақ Ілияс үндемейді, салмақпен жайлап:  «Әй, қойыңдар», – дейді.  Ілекеңнің сырын кейін түсіндім. Әкесі қарапайым адам болған, қуғын-сүргінге ұшырап жер аударылған, отбасы талай қиындықтар көрген, өзі «халық жауының баласы» болып  талай шеттетілген. «Жарқамыстағы пансионатқа мені ең соңғы кезекте қабылдайтын, сүйтіп таласып-тармасып жүріп әуелі мектеп, кейін Қазақ университетін бітірдім», – дейтін.  Жиі ауызға алатын ұстаздары математик Жүсібалиев, пансионат директоры Ниетжан Беріков еді. «Жүсібалиев болмаса, біз де математик болмас едік», – деуші еді. Ілиястың өмірі оны іштей саясаттан аулақ болуға, өзіне тыйым салуға үйреткен. Дегенмен ол кеңес үкіметін жақсы көретін коммунист болды, кейде жатақханада ұйықтар алдында: «Ақ төсекке ораған үкіметтен айналайын», – деп күлетін.

Ілекең, Жалғасов Асаумен  біз армандас жолдастар болдық. Арманымыз – ғылыми жұмыстарымызды бітіру, ұстаз болу, жастарды тәрбиелеу, шаңырақ иесі болу. Есімде,  Ілияс бір үйге қонаққа барып келіп,  абзалы, ғалымның үйіне барған шығар: «Үйлі-баранды болып, ғалым атанып, ретімен демалып, жұмыстан  кейін катокка барып,   кешке үйде «Огонек» журналын оқитын күн бізге де туар ма екен?» – дейтін. Ілекеңнің ол арманы да орындалды. Ғылым кандидаты, доцент болды, өзін алдын ала жарнамаламай,   докторлық диссертация дайындады, оны Киев қаласында қорғады, Ілекеңнің еңбегін Мәскеу ғалымдары қолдады, Ресей Ғылым Академиясының таңдаулы журналдары басты. Ілекең Алмашпен отбасын құрып, бір ұл, екі қыз көрді, немерелерін сүйді. Атырау университеті мен Ақтөбе университетіне бірдей құрметті маман болды, дегенмен Ақтөбе университетіне еңбегі көбірек сіңді, аспиранттар мен магистранттар даярлады.

Ілияс  бауырмал, адамға «жарығым» деп сөйлейтін еді, сонымен бірге әзілқой еді.   Көрінген жігітке «күйеу бала» дейтін. «Қалай мен сізге күйеу бала боламын?» – дегендерге әйтеуір ретін табатын. Жадымда, Ілияс біздің ректорымыз Мұхтар Арыновқа «күйеу бала» демесі бар ма? Екеуі құрдас еді, бірақ «күйеу бала» дегеніне Мұқаң   түсінбеді.  «Мұқа, ол былай, – деді Ілияс. – Сенің қайын атаң көп жылдар бойы  Маңғыстауда ауаткомның төрағасы болды ғой. Рас па? Менің тегім де  Маңғыстаудан. Сондықтан сенің зайыбың Райхан Маңғыстаудың да қызы болады. Енді сен маған күйеу болмағанда  кім боласың?» – деді. «Сенің де шығармайтының жоқ екен» – деп Мұқаң қарқылдап күлді. Маған «бала» дейтіні мен де Ілекеңе күйеу баламын.  «Неге?» – десем: «Сен Астрахань облысының қазағысың, ал Гүлжан ақтөбелік. Сен маған, тіпті, бүкіл облысқа күйеусің», – деп маған шабуыл жасайтын. «Ілеке, талай жылдар жолдаспыз, күйеу бала деуді  қойсайшы», – десем,  маған: «Сені күйеу бала демесем, сен   достыққа, жолдастыққа салып, мені тыңдамай кетесің, ал күйеу бала  десем, қайын ағаңа қалай қарсы шығасың», – деп күлетін. Бұл әзілдің астарында жақын тарту, бауырмалдық, жанашырлық жатыр.

Осылай Ілекең отырған жер ойын, әзіл, күлкі. Жақсы көрген адамын «Мыжымбай» дейтін.  Онысы Бейімбет Майлиннің «Мырқымбай» дегені сияқты. Біздің үйге звондап: «Мыжымбай үйде ме?» – депті. Үйдегілер «Бұл үйде ондай кісі тұрмайды» десе керек. Сонда Ілекең «Ана Амангелді  көп мыжымбайлардың біреуі, телефонға шақыршы», – деген. Кейін оған үйдегілер үйренді.

Бірде мынандай бір қызық жағдай болды. Екеумізді аға тұтатын жас отбасы қонаққа шақырды, Ілекең терлеп-тепшіп тарымен шай ішіп отырып, келіннің шайын мақтады.  Келін одан сайын шайын баптады, Ілекең: «Мұндай шайды ішпегеніме көп жыл болды», – деп қойды. Әрине, келін қуанып қалды. Тағы да бір қонақта Ілекең  дәмді шай үстінде:  «Мына келіннің қолынан күнде шай ішкендердің арманы бар ма екен?» – деді. Осы кезде  Ілекеңнің зайыбы Алмаштың: «Сен осы қонақта отырған жерде ішкен шайыңды мақтайсың-ау, ал қонақтан үйге келген соң ана үйде ішкен шай сол үйде қалды, сенің шайыңа не жетсін деп, тағы да шай ішетінің қалай?» – демесі бар ма. Қырғын күлкі. Ілекең: «Алмаш-ау, әр үйдің шын ықыласпен берген дәмі тәтті», – деп жеңді. Содан кейін қонақта «Ілекең шайды қашан мақтар екен», «Ілекеңе мақтайтын уақыт болды» деп әзіл айтып отыратын едік.

Мен депутаттық жұмыстан босағаннан кейін Ілекең менің Ақтөбеге келгенімді мақұл  көрді. Екеуміз ұзақ әңгімелестік, мен жүрегіме операция жасалғаннан кейін дәрігерлердің бақылауында екенімді, Астанада белгілі оқу орнына жұмысқа шақырылғанымды айтып едім, Ілекең түсінді. «Мен де соңғы уақытта жиі ауыратын болдым», – деді. Бір келгенімде ауруханада жатты, бірақ жазылып шықты. Кейін келгенімде Ілекең жүдеу,  аурудың жанына бататыны көрініп тұрды. Сол соңғы жүздескеніміз екен.

Енді «Әй, бала» дейтін, әзілдесетін, сыр шертетін Ілекең жоқ. Дегенмен «Орны бар оңалар» дегендей, ұлы Серік Ілекең шаңырағын берік ұстап отыр, Алмаш та ес жиып, сабырлылықпен артының қайырын сұрайды.

Ең құдіретті математик Жаратушы ғой. Ілекең 1936 жылы 26 маусымда бұл дүниенің есігін ашты, 2008 жылы 26 маусымда дүниеден озды, 2009 жылы 26 маусымда отбасы, туыстары, достары жылын беріп еске алады. Алладан жаны жаннатта болсын деп сұрайық.

Амангелді  Айталы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button