Жаңалықтар

Ақтөбеде 5 жылда 200 көшеге жаңа атау берілді!

 

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі ономастика мәселесі терең қозғалып, келелі істер — әкімшілік-аумақтық бірліктерді ретке келтіру, елді мекендерді қайта атау және тарихи-географиялық атауларды қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізіле бастады. Ел есінде сақталған байырғы атаулар соңғы жылдар көлемінде қалпына келтіріліп, қазақ өмірі, қазақ тарихына еш қатысы жоқ атаулар өзгертіліп, жаңартылды.

Бұл тарихи үрдіс, саяси маңызды шарадан өзіміздің Ақтөбе қаласы да сырт қалған жоқ. Қала  тарихы бастау алатын сонау 1869 жылдың 28 мамырында Елек өзенінің бойындағы ақ төбенің басында гарнизондық бекіністің (300 адамдық) негізі қаланғаны баршамызға белгілі. Міне, осы кезеңде гарнизонға арнайы жер бөлініп, бекініс ішінде Гарнизонный, Крепостный деп атау алған алғашқы көшелер бой түзей бастады. Уақыт өте бекініс аумағы кеңейіп, қоныс аударушылар қатары көбейе түсті. Бұдан әрі көше тарихы  көшіп келушілер ықпалымен аталған Орский, Оренбургский, Илецкий, Георгиевский секілді көптеген атаулармен толықты. Осылайша тарих ізімен, әр кезеңнің саяси әсері негізіндегі  атаулармен  қала көшелері қалыптаса бастады. Мұрағат қорындағы құжаттарға зер салсақ, тәуелсіздік алғанға дейінгі көше атауларының шешімдерінде сол кездегі саясаттың басымдылығын және оларда қазақ тіліндегі атаулар санының аз екендігін бірден аңғаруға болады.

Демократиялық үрдіске қол жеткізген 90-шы жылдардың басы қаламыздағы ономастикалық атаулардың жаңа мазмұнда қалыптасуына ықпал етті. Мұны 1991 жылдан бері қарай шығарылған шешімдердегі  зиялылар есімдерінің жаңғырып, көше аттарының өзгеріске ұшырауынан байқауға болады. Егемендік алған жылдардағы ұлттық болмысымызға сай ономастиканы қалыптастыруға жол ашқан айтулы кезеңнің қала тарихында рөлі орасан.

Қала аумағында тарихи атауларды қалпына келтіру, сақтау және олардың атын өзгерту  ісінің оң шешімін табуы, әсіресе, қалалық тілдерді дамыту бөлімі құрылған 2005 жылдан бастап, қарқынды қолға алынды.

Қалада тіл саясатын жан-жақты қырынан, оңтайлы жүргізе отырып, бөлім ономастикалық комиссиясының жұмысшы органы ретінде игілікті істер атқарды. Ономастика жұмыстарын жүзеге асыру барысында осы салаға бағытталған нормативтік-құқықтық актілер басшылыққа алынды.

2005-2010 жылға дейінгі 5 жыл аралығында 200-ден аса көше жаңа атау алып және қайта аталды.

Айта кету керек, 2008 жылдың 1 шілдесі мен 2009 жылғы 1 сәуірі аралығында «2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 қарашадағы № 1138 қаулысына сәйкес, әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрылуы, қысқартылуы, қайта құрылуы және көшелердің атауын өзгерту бойынша жұмыстар уақытша тоқтатылған болатын.

2011 жылдан бастап ономастика саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты ономастика саласына тағы да уақытша мораторий белгіленді. Осыған байланысты бұл уақыт аралықтарында тиісті органдардан, жергілікті тұрғындардан келіп түскен құжаттар мен ұсыныстар қаралмады.

Тарих арқылы танылған, жұрт санасында сан жылдар сіңісті болған атаулардың сырына үңілмей, өзгерту – халық тарихына қиянат. Біз атау беруде осыны ескердік  және  көбіне ұлттық таным, ұлттық мүдде басты орынға қойылды. Бүгінгі жаңа атау — ертеңге мұра, халықтың бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабар берер дүниелер.

Атау тегіннен-тегін, кездейсоқ қойыла салмайды. Көше, нысан, даңғыл, ауыл, аймақ болсын, қай-қайсысы да елді мекеннің құрамдас бөлігі ғана емес, олар ұлт тарихының құрамдас бөлігі болып табылады. Ақпараттық-насихаттық қызметті бойға жинай отырып,  атаулар халқымыздың тарихынан сыр шертеді, жас ұрпақты салт-дәстүрін, дінін құрметтеуге, сақтауға тәрбиелеп, отанға, еліне, жеріне деген патриоттық сезімін оятады.

Сондықтан, тарихта өзіндік орны болған, еліміздің жаңаруына, жаңғыруына, дамуына айтарлықтай үлес қосқан тарихи тұлғаларға, есімі халыққа мәлім, республикамызға, облысымызға еңбектері сіңген азаматтардың есімімен ғана көшелерді атау тәртібі көшелерге атау беру барысында қатаң ескеріліп келді. Атап айтар болсақ, қаламыздағы Скулкин көшесіне «қазақ вальсінің королі» атанған композитор Шәмші Қалдаяқовтың, Новочеркасская көшесіне ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің есімдерін беру әрбір отансүйгіш саналы қазақстандықтың көңілінен орын табары сөзсіз.

Кеңес дәуірі тұсында шектен тыс идеологияландыру саясаты негізінде атау алған (Коммунистическая – Ыбырай Алтынсарин, Октябрь бульвары – Абай даңғылы, Советская – Махамбет Өтемісов,  Комсомольская – Қарасай батыр, Энтузиастов – Жауынгер-интернационалистер, т.б.) және топонимикалық жүктемесі жоқ (Фабричная – Сабыр Құрманалин, Астраханская – Бәкір Тәжібаев), сондай-ақ  мән-мағынасыз, кездейсоқ атала салған көшелер (Тупик – Көкжиек, Малый – Жәрмеңке, Тихий –Желкен, Жеңімпаз) қайта атау алса, Ақтан батыр, Ғани Құрмашев, Ідіріс Үргенішбаев, Қуандық Шаңғытбаев, Береке, Ақниет, Әз Наурыз, т.б. көше атаулары жаңадан қалыптасты. 

Көшелерге атау беруде көбіне қоғамның әр саласын дамытуда, елін-жерін жаудан қорғау жолында еңбегі сіңген бабалар мен отаншылдық, елжандылық рухқа тірек болар ұлы тұлғалар есімдерін ел есінде мәңгі сақтату  мақсаты көзделді. Мұндай көшелердің бірқатарын атап кетсек: ақын-жазушылар — Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлин, Өтебай Қанахин, Тобық Жармағамбетов, Жиенғали Тілепбергенов, Сағи Жиенбаев;  би-шешен, жыраулар — Базар жырау, Жиембет жырау, Жетес би, Мөңке би; батырлар — Қобыланды батыр, Арыстан батыр, Тілеу батыр, Жалаңтөс Баһадүр;  өнер, діни қайраткерлер — Қамбар  Медетов, Досжан хазірет, Дербісәлі Беркімбаев, Абыл Тарақұлы, т.б.

Өткен ғасырдың басында халқымыздың тәуелсіздігі үшін күрескен, соңына мол шығармашылық мұра қалдырған қайраткерлердің есімдері де қала көшелеріне берілді. Олар: Телжан Шонанұлы, Тұрар Рысқұлов, т.б.

Тарихи өткелдерден өтуінде қазақтың батыр, өнерпаз, даналығымен көзге түскен қыздарының еңбегі айрықша болғаны тарихтан белгілі. Бұл ретте Әлия Молдағұлова, Ғазиза Жұбанова, Нұрсұлу Тапалова, Халида Маманова, есімдерін атауға болады.

Тарихи есімдерден бөлек, көшелерді жаңаша атау кезінде қазақ тіліндегі мағынасы мазмұнды, дыбысталуы көңілге де құлаққа да жағымды атауларға мән берілді. Мәселен, 2010 жылы берілген 82 көше (Парасат, Кәусар бұлақ, Салауат, Мамыр, Манас, Табыс, Аманат, Қайнар, Жұлдыз, Күмбезді, Мереке, Мәртебе, Үш қоңыр, Ынтымақ, Шаттық, т.б.) осындай реттермен аталды.

Сондай-ақ, көше атауларының жазулары ретке келтіріле бастады. Көше атаулары жазылған аншлагтар алдын-ала облыстық тілдерді дамыту басқармасымен келісіліп ілінді. Қала әкімдігі тарапынан арнайы қаржы бөлініп, аншлагтардың бірқатары дұрысталды және жаңадан ілінді. Бұрын  аты-жөндері көбіне қысқартылып, тегі ғана (И.Тайманов, Қ.Шаңғытбаев, т.б.) жазылып келген аншлагтар мәтіндерінің  бүгінде бірқатары аты-жөнімен толық жазылып (Исатай Тайманов, Қуандық Шаңғытбаев, т.б.) өзгертілді.

Атаулары түрлі нұсқада жазылып жүрген көше атаулары дұрыс жүйеге түсірілді. Мәселен, Әбілқайыр хан атауы Абилкайыр-хан, Абылкайыр-хан, Абулхайыр-хан боп түрліше жазылып келген. Кейбір қаріптері түрліше жазылған, сондай-ақ  орысша, қазақша атаулары және ескі, жаңа атаулары қатар ілінген аншлагтар да (Бәкір Тәжібаев көшесі – улица Астраханская, Шәмші Қалдаяқов көшесі – улица Скулкина, т.б.) реттелуде. Айта кету керек, мұндай қателіктер негізінен  жекелеген тұрғындардың көше атауын көрсететін тақтайшаларды өздері жасап, жеке иеліктегі үйлеріне іліп қоюы барысында ұшырасады.

Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласының аумағы бойынша 626 көше бар. Оның көбі, яғни 300-ден астам көше қазақ тіліндегі атауларға ие.

Бұл айтылғандар бес жыл аралығындағы атқарылған жұмыстар реті. Ғасыр жарымға жуық қала тарихы негізінде қордаланған көшелер атауын реттеуде бұл көрсеткіштің өзі де аз жетістік емес. Себебі, еш нәрсе де бірден жүйеленіп кетпейді. Бәрін де уақыт реттейтінін жақсы білеміз. 

2013 жылдың 21 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының №72-V Заңы қабылданды. Осы заңға сәйкес, бұдан былай «Аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру» облыстық ономастика комиссиясының құзыретіне бекітіліп отыр. Сондықтан қалалық ономастикалық комиссия таратылып, өз қызметін тоқтатты. Бұдан былай ономастика мәселелері облыстық және республикалық ономастика комиссиясы тарапынан біріздендіріліп, реттелетініне үмітіміз мол.

Бұл үшін республика деңгейінде белгілі дәрежеде алғышарттар жасалды. Еліміздің аумағындағы барлық геонимдер мейлінше жүйеленіп, біріздендіріліп «Мекенжай тіркелімі» мемлекеттік деректер қоры республикалық серверіне жинақталды. Сонымен қатар, жоғарыда аталған  жаңа Заңның да оң ықпалы болатыны сөзсіз.

Ономастика саясаты ең алдымен мемлекет тәуелсіздігіне ел мен жерді ұлықтау идеясына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана ата-баба мұрасы жаңғырып, ел мен жердің сәні кіріп, халқымыздың рухы күшейеді.

 

 

Айша ҚҰЛБАТЫР,

Ақтөбе қалалық тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button