Денсаулық

Екпеден бас тартпа!

 

Жақында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің отбасылық медициналық емханасында Ашық есік күні өтті.

Бұл күні емханаға балаларымен бірге жас ата-аналар, болашақ аналар көптеп жиналды.

Қосымша медициналық және фармацевтикалық білім берудегі жалпы дәрігерлік тәжірибе кафедрасының ассистенті Ақмарал Алтаева:

— Жұқпалы аурулардан қорғану үшін иммунизацияның маңызыт зор. Екпе қазіргі кезде медицина дамуында тиімді емі табылмаған ауруларға қарсы жасалады. Дифтерия, қояншық, сіреспе — мықты антибиотиктер де тиімді емдей алмайтын аурулар. Ал қызылша, полиомиелит, қызамық секілді вирусты инфекцияларға қарсы қолданатын сенімді препараттар жоқ, — дейді.

Дәрігер отоларинголог Несібелі Қарымсақова екпенің маңыздылығына тоқталып, ата-аналар өздерін және балаларын жұқпалы аурулардан қорғау үшін оны міндетті түрде алу керектігін баса айтты.

Дәрігерлер 1997 жылы елімізде, оның ішінде облысымызда соңы өкінішпен аяқталған дифтерия оқиғасы тіркелгенін әңгімеледі. Қауіпті кеселдің одан әрі таралмауы үшін медицина қызметкерлері күні-түні тынбастан үйлерге, мекемелерге барып, халық арасында екпенің маңызын түсіндіріп, аталған ауруға қарсы екті. Сол кезде медициналық университетте дәріс беріп жүрген шетелдік дәрігерлер мен медбикелердің үй аралап, екпе жүргізетініне таңырқады. Олардың айтуынша, шетелдік әр азамат ауру — қымбат, оның алдын алу — оңай екенін түсініп, екпе жасату үшін емханаға өздері барады екен.

Ал біздің кейбір ата-аналар өздері кезінде екпе жасатып алып, қазір балаларын ектіруге қарсылық танытатындарын қайтерсің…

Шара соңында қатысушылар назарына тақырыпқай орай бейнематериалдар ұсынылды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button