Құқық

«Ұрынып» жасаған ұрлық

 

Бүгінгі таңда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық өзекті мәселенің бірі болып отыр. Әсіресе, кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында ұрлық көбейген. Мәселен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 36 қылмыс болса, оның 15-і ұрлық дерегі бойынша тіркеліпті. Осы орайда ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Анар Марзакенованы әңгімеге тартқан едік.

 

Қылмыс пен жаза

 

Соңғы жылдары облыста жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны төмендегенмен, жастардың  ұрлық-қарлыққа, бұзақылыққа баруы азаймай отыр. Мәселен, қазіргі таңда облыс бойынша құқық бұзған  437 бала есепте тұр. Оның ішінде түрлі тәртіпсіздіктер бойынша 213 бала соңғы үш айда тіркелген. Бала тәрбиесімен айналыспайтын, ішімдікке салынған 451 отбасы тізімге алынған. Ал он ата-ана өздерінің ата-ана құқығынан айрылыпты.

  Түрлі тәртіпсіздікке бой алдырып, қылмыс жасаған жасөспірімдерге тиісті шаралар қолданылады. Мәселен, он төрт жасқа дейін қылмыс жасаған балаларға белгілі бір шектеулер қойылады. Олардың кешкі сағат тоғыздан кейін көшеге шығуына және түрлі көңіл көтеру орындары мен компьютерлік клубтарға баруына тыйым салынады. Егер бала бір емес, бірнеше рет қылмыс жасаса және баланың дұрыс жолға түсуіне ата-анасы ықпал ете алмаса, соттың шешімімен  арнайы мектепке екі жылға оқуға жіберіледі. Қазір бұндай балаларды қабылдайтын елімізде екі мектеп бар. Бірі — Оңтүстік Қазақстан, екіншісі Шығыс Қазақстан облысында орналасқан. Қазіргі таңда екі бала Оңтүстік Қазақстан облысындағы мектепке жіберілсе, үшіншісі енді барады, — дейді Анар Марзакенова.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында түрлі шаралар жиі өткізіледі. Мәселен, соңғы аптада қаладағы түнгі клубтар мен қоғамдық орындарға жүргізген жедел-іздестіру шаралары кезінде онға жуық жасөспірім ұсталған. Оның ішінде шылым шегіп, мас күйінде қолға түскендер бар. Ұсталғандардың көпшілігі колледж оқушылары болғандықтан, кейбіреулерінің ата-аналары қасында жоқ. Сондықтан олардың оқытушылары шақырылып, әкімшілік хаттама толтырылыпты.

Анар Марзакенова баланың жасаған құқықбұзушылығы үшін ең алдымен ата-ана жауап беретінін айтады. Мәселен, он алты жасқа толмаған баланың жасаған тәртіпсіздігі үшін айыппұлды ата-ана төлейді.  Айыппұл көлемі жасаған құқықбұзушылықтың түріне байланысты әртүрлі болады. Құқық бұзған балаға ең алдымен ескерту беріледі. Егер ескертуден кейін қайта тәртіпсіздік танытса, ата-анасына бес айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.

 

Компьютерлік клубтардың «сиқыры»

 

Техниканың дамуы, түрлі байланыс құралдарының көбеюі жасөспірімдерге де өз ықпалын тигізіп отыр. Анар Марзакенованың айтуынша, жасөспірімдердің қылмысқа баруына түрлі жағдай әсер етеді. Біріне әлеуметтік жағдай себеп болса, екіншісі бұзақылыққа бейім болады. Мәселен, қалтаға түсетіндердің  көпшілігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған және  қалада пәтер жалдап тұратын оқушылар екен. Бұған қоса қазір қалада компьютерлік клубтар көп. Жасөспірімдердің көпшілігі осы жерлерде жүреді. Ал бұндай клубқа бару үшін ең алдымен ақша болу керек. Ал ата-ана бұндай мақсат үшін баласының қалтасына тиын-тебен салмасы белгілі. Ойын клубына бір рет бас сұққан бала оған қайта-қайта барғысы келеді. Жиі баруға ақшасы бола бермейді. Сөйтіп ұрлық жасайды.

Қазір  жасөспірімдердің көпшілігі букмекерлік кеңселерге барып, футбол секілді ойындарға ұтыс тігеді. Ұтыс тігу үшін де ақша қажет. Осындай әртүрлі жағдайлар баланы қылмысқа баруға итермелейді. Ал атыс-шабысқа толы ойын клубтары баланың психологиясына зиянды әсерін тигізеді. Ашуланшақ, ызақорлыққа бейім келеді. Ата-ананың айтқанын тыңдамайды. Әрі клубқа барған баланың  сабақ оқуға құлқы болмайды. Бұған қоса кейбір ата-аналар күні бойы жұмыста болатындықтан, балаларын қараусыз қалдырады. Сабақтан кейін спорттық немесе өзге де үйірмелерге бармағандықтан, бала бос уақытын компьютерлік клубта өткізеді. Сондай-ақ  қазір мектеп жасындағы балалардың көпшілігі қымбат қалта телефондарын ұстайды. Бірінен-бірі көріп, қызыққан балалар ата-ананың жағдайына қарамастан қымбат телефон алдыртуға тырысады.  Ал ата-ана баланың сұрағанын алып берсе, құлағы тынышталатындай көреді. Бірақ, керісінше, бұл  балалар арасындағы ұрлықтың көбеюіне әкеліп отыр.  Себебі бұндай телефон біреуде болса, екіншісінде жоқ. Қасындағы баланың телефонына қызыққан екіншісі «ұрлап алып, сатып жіберсем ешкім білмей қалады» немесе «сатып ойын клубына жұмсасам» деп ойлауы мүмкін. Ал, шын мәнінде, телефон ұрланған жағдайда арнайы коды арқылы тауып алуға болады. Тіпті сөндіріп, біраз уақыт өткеннен кейін қосса да, код арқылы оның қайда жүргенін анықтап алу ешқандай қиындық тудырмайды, — дейді инспектор.

Қазір мектептерде инспекторлар бар. Олар балалар арасындағы тәртіпсіздікті қадағалайды.  Яғни сабақтан себепсіз қалатын, жиі бұзақылық жасайтын оқушылардың тәртібімен ең алдымен мектептегі инспекторлар айналысады.

 

Қылмысты азайтатын мектеп

 

Ішкі істер департаментінің жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бағытында атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесі айтарлықтай. Облыстық білім, денсаулық сақтау басқармалары, білім беру мекемелері және «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесе отырып төрт жүзден астам түрлі шаралар өткізіліпті. Жедел алдын алу шаралары да жастар арасындағы қылмыстың азаюына ықпал етіп отыр.

— Әр тоқсан сайын атқарылатын шаруалардан бөлек, әр апта  сайын ішкі істер департаменті мүдделі органдармен бірлесе отырып рейдтік шаралар ұйымдастырады. Бұндай шара қаладан бөлек, аудандарда да өткізіледі. Мәселен, осыдан екі-үш жыл бұрын Шалқар ауданында мектеп оқушыларының  топталып төбелесіп, тіпті  атысқан кездері болды. Ішкі істер саласының қызметкерлері аудандық әкімдікпен және білім ордаларымен бірлесе отырып, жүйелі жұмыс жүргізді. Нәтижесінде қазір аталған ауданда соңғы жылы бұндай бұзақылық орын алған жоқ. Ақтөбе қаласындағы бұрын темір жол колледжі аталған қазір Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде қылмыстық оқиғалар көп болатын. Қазір «Бүркіт» патриоттық клубымен бірлесе жүргізген жұмыстардың нәтижесінде бұндай келеңсіз оқиғалар сап тыйылды. Осы клубпен бірлесіп екі жүзден астам шара өткіздік. Қазір клубтың құрамында 32 оқушы, 22 нұсқаушы бар.  Айта берсек, бұндай игі шаралар өте көп. Жуырда «Бала — біздің болашағымыз» атты акция өтті. Бұған қоса есепте тұрған және әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардан шыққан жасөспірімдерді облыстық әкімдік арқылы жұмысқа орналастыруға ықпал етеміз, — дейді инспектор Анар Марзакенова.

Сондай-ақ сәуір айының басында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты жою мақсатында қалада кадеттер мектебі ашылыпты. АҚШ-тың білім беру жобасы бойынша ашылған мектепте қазір қырық бала оқиды. Мектепте аптасына бір рет ішкі істер департаментінің қызметкерлері сабақ береді. Аталған мектептің сабақ беру тәсілі өзгеше. Балаларға тәжірибелік және психологиялық дәрістер оқылады.  Мәселен, бала тәртіпсіздік жасауға не себеп болғанын немесе қандай да бір мәселенің мазалап жүргенін жасырмайды. Ал оқытушылар қиын кезеңнен қалай шығу керектігін айтады. Бір айта кетерлігі, бұндай мектеп республикада алғаш рет біздің облыста ашылып отыр.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button