Спорт

«Астана арландары» армандарына жетті

 

Бүкіләлемдік бокс сериясының үшінші маусымында қазақстандық «Астана арландары» клубы чемпиондық атақты жеңіп алды.

Біздің «арландарға» қарсы ақтық сынға «Украина атамандары» шықты. Ақтық сын мамырдың 10-11 күндері Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде өтті.

Алғашқы күні рингтегі бәсеке 54 кг салмақта «арлан» Мейірболат Тойытов пен «атаман» Виктор Гоголев арасындағы жекпе-жектен басталды. Сұлатып тастайтындай болып, бірден-ақ арындап, өршелене қимылға көшкен украин боксшысының аптығын біздің Мейірболат тез-ақ басты. Алғашқы раундта қабағын жарып алған Гоголев, төрешілер шешімімен, қорытынды есепте Мейірболаттан: 50:45. 50:45. 50:45 болып жеңілді. Сөйтіп, алғашқы жекпе-жек «арландардың» пайдасына шешілді.

Екінші жекпе-жек — (61 кг салмақ дәрежесі) — жанкүйерлер асыға күткен кездесу болды. Бұл жолы рингке «арландардың» капитаны, мақтанышқа айналған боксшыларымыздың бірі — Самат Бәшенов пен екі мәрте Олимпиада чемпионы Василий Ломаченко шықты. Қазақ жанкүйерлері өз боксшыларының Олимпиада, әлем чемпионы деген дардай атақтары бар қарсыластарын сабағанына куә болған кездері аз емес, бұл жолы да сондай жеңістен үміттенген едік. Дегенмен, бірінші раундтың соңында қорғаныс жағынан қателік жіберіп алған Саматтың бұл кездесуде жолы болмады. Есеп Ломаченконың пайдасына шешілді. 

73 кг салмақ дәрежесінде «арландар» жағынан легионер Сергей Деревянченко сынға түсті. Сергей қарсыласы әрі өз отандасы Евгений Барабановты жақсылап тұрып соққының астына алды. Төрешілер жеңісті әділ түрде Сергейге берді.

«Арландар» сапында қазақ жанкүйерлерінің ықыласына бөленіп жүрген легионерлердің бірі — хорват Хрвое Сеп. «Астана арландары» командасының бапкерлері ақтық сында 85 кг салмақ дәрежесінде Сепке сенім артыпты. Бұл сенім толығымен ақталды: Хрвое Септің күшті соққылары «атаман» Сергей Лапинге шаршы алаңның бесінші бұрышын іздеттірді.

Аса ауыр салмақта рингке «арландардың» тағы бір легионері — румын Михай Нистор шықты. Ол украиндер ерекше сенім артқан боксшы, Олимпиада чемпионы — Александр Усикке қарсы лайықты өнер көрсете білді. Дегенмен, жекпе-жек қорытындысында үш төреші де жеңісті Усикке берді.

Сөйтіп, алғашқы күні жалпы есеп 3-2 болып, «Астана арландарының» пайдасына шешілді.

Айта кетелік, осы маусымда «арландар» «атамандармен» бұған дейін де екі рет кездесіп, екеуінде де жеңіске жеткен еді. Бұл — үшінші жеңіс болды.

11 мамыр күнгі шешуші кездесулер де әдеттегідей ең жеңіл салмақтағы боксшылар арасындағы жекпе-жектен басталды. Бұл жолы шаршы алаңға Мирас Жақыпов пен Николай Буценко шығып, «Сарыарқа» велотрегіне жиналған қалың жұрт Мирастың жарқын жеңісіне куә болды.

Бұдан кейінгі үш кездесу — «арландар» жанкүйерлерін қатты жабырқатқан жекпе-жектер болды. Осы жекпе-жектерде «арландар» жағынан сынға түскендердің бәрі де — легионерлер: ирландиялық Эрик Донован (61 кг), израильдік Константин Снегур (73 кг) және Иран елінің боксшысы Ехсан Рузбахан (85 кг). Өз қарсыластарынан оңбай ұтылған бұл боксшылардың арасынан Ехсанның ғана жеңіске деген жігерін атап өткен жөн. Үшінші раундта нокдаун алып қалғанына қарамастан, Ехсан жекпе-жекті жалғастыруға ұмтылғанымен, «арландардың» бапкерлері шаршы алаңға орамал лақтырды. Бұған байланысты бас бапкер Сергей Корчинский кейін: «Біз Ехсанның денсаулығын ойладық. Ол алдағы әлем чемпионатына қатысуы тиіс», — деген уәж айтты.

Сөйтіп, тоғызыншы кездесуден кейін есеп 5-4 болып, украин командасының пайдасына шешіліп тұрды.

«Арландардың», олардың барша жанкүйерлерінің соңғы үміті — +91 кг салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Руслан Мырсатаев болды. Шешуші сын болғандықтан, қатты толқыған Руслан жекпе-жек барысында бірқатар қателіктерге де бой алдырды. Сол үшін төрешілер тарапынан ескерту алып қалды. Дегенмен, Руслан өз қарсыласы, тәжірибесіз  Ростислав Архипенконың әлсіз тұстарын сәтті пайдалана білді. Соның нәтижесінде жекпе-жек біздің Мырсатаевтың пайдасына шешілді.

Ал жалпы есеп: 5-5, яғни жеңіс тағдыры 11-кездесуде ғана шешілмек. Бұл кездесуге «арландар» сапынан — 54 кг салмақ дәрежесіндегі Бағдат Әлімбеков, ал «атамандар» жағынан — олардың молдавандық легионері Александр Рышкан шықты. Шаршы алаңда Бағдат жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Шабуылдарды ұйымдастыру, дәл соққылар, қорғаныс — қай-қай жағынан да ол өз қарсыласынан асып түсіп, қазақ жанкүйерлерін тәнті етті. Ең бастысы — Бағдат «Астана арландарына» чемпиондық атақты алып берді! Ал шешуші шайқасқа әлсіз боксшы шығарған «атамандар» жағы бармақ тістеп қалды.

Әрине, бұл жеңіс — қазақ боксы бағындырған үлкен белестердің бірі. «Астана арландары» Бүкіләлемдік бокс сериясында бұған дейін күміс (2011 жыл) және қола (2012 жыл) жүлделер иемденген болатын. Алдағы маусымда да «арландарымыз» өздері бағындырған биіктен көрінеді деп сенеміз.

 

Айна САРЫБАЙ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button