Ауыл

Жастар және жәрмеңке

Өткен жұмада облыстық ішкі саясат басқармасы және «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен қаламызда алғаш рет «Ауыл жастары» жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде әр ауданнан келген мамандар жастарды ауылға жұмысқа шақырды.

Бүгінде ауылда мүмкіндік көп. Жаңа мектеп, жаңа ауруханалар бой көтеріп, түрлі жұмыс орындары ашылды. Ал әр сала жаңа үлгідегі қажетті құрал-қондырғылармен жабдықталып, өңделді. Бірақ ауылда мүмкіндік мол болғанымен, мұғалімдер мен дәрігерлер, ауыл шаруашылығы мамандары жетіспейді. Жас мамандар ауылдан гөрі қалада жұмыс жасағанды ұнатады. Жәрмеңке барысында аудан өкілдері осы мәселе турасында сөз етті.

Әйтеке би аудандық ауруханасының бас дәрігері Жақсылық Қасымов жәрмеңке арқылы жастар ауылға бет бұрғанын мақұл көретінін айтты. Себебі аудандық аурухана қажетті құралдармен қамтылғанымен, кейбір саланың арнайы мамандары жоқ. Маманның аздығынан бір дәрігер бірнеше қызметті атқарады. Ауданға әр саланың арнайы маманы қажет.

– Жастар жәрмеңкесіне денсаулық саласы бойынша келдім. Біздің аудандық ауруханаға 15 маман керек. Ауруханадағы қажетті құрал-жабдықтардың, аппараттардың 20 пайызы маманның жоқтығынан қолданылмай бос тұр. Егер әр саланың өз маманы болса, тұрғындарға да қолайлы болар еді. Ауданға келген жас маманға барлық жағдай жасалады. Аудан басшылары жастарға әр кез қолдау көрсетуге әзір. Айта кетейін, өткен жылы аудан әкімі 6 жас маманға пәтер кілтін тапсырды. Сондай-ақ, 5 дәрігерге 100 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетті. Бұл игі бастама биыл да жалғасын табады, – дейді дәрігер- маман.

Ал Ырғыз ауданында биыл жас мамандарға арналған алты тұрғын үй салынып жатыр. Ауданға ЛОР, дерматолог, терапевт, көз дәрігерлерімен қатар математика, химия, биология, физика, ағылшын және орыс тілдерінің мамандары қажет. Аудан әкімшілігі аппаратының бас маманы Гүлзат Жеткергенқызының айтуынша, жастарды қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлінбек.

– Ауылға жұмысқа келген жас маман көп нәрсені үйренеді. Сонымен қатар тұрғын үймен қамтылып, көтерме ақы алады. Биыл Ырғыз ауданында жергілікті бюджеттен 6 млн. 365 мың теңге бөлу қарастырылды. Ал облыстық бюджеттен 4 млн. 901 мың теңге көтерме ақы бөлінбек. Коммуналдық төлемақыға жергілікті бюджеттен 146 мың 395  теңге қарастырылып отыр. Білім саласы бойынша ауданға 14 мұғалім және әр саланың дәрігерлері керек. Ауданға жұмысқа келген  жас мұғалімдер көтерме ақымен, ал дәрігерлер тұрғын үймен қамтылады, – дейді Г.Жеткергенқызы.

Мәртөк ауданынан келген өкілдер де осы екі сала бойынша маманның аздығын мәлімдеді. Ауданда «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында жаңа ғимараттар салынды. Сонымен қатар «Жол картасы» бағдарламасы негізінде бірнеше ауруханалар күрделі жөндеуден өтпек.

Ауданымызда барлық жағдай бар. Бірақ ауылда жұмыс жасайтын жас мамандар аз. Біз ауылға келетін  мамандарды үйретіп, олардың қызметте көтерілуіне қолымыздан келген көмегімізді аямаймыз. Жас мамандарға материалдық  қолдау көрсете отырып, оларды арнайы оқуға жібереміз, – дейді орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Әлия Нұртдинова.

Жастар үшін облысымызда көптеген игі шаралар жасалып жатыр. Әсіресе, жас мамандарға қолдау көрсету облыста ғана емес, ауыл-аймақта да жоғары деңгейде. Сондай-ақ, айта кететін бір жайт «Ауыл жастары» жәрмеңкесі алдағы уақытта да жалғасын таппақ…

Жақын арада «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері ауылдарды аралап, жастармен кездесу кешін ұйымдастырады. Мақсат – жастардың мәселесін шешіп, оларды еңбекке баулу.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button