Білім

Маман даярлау сұранысқа сай ма?

 

Еліміз экономикасы мықты, қуатты елдердің қатарына енуді алдына мақсат етіп қойғандықтан, білім саласына да өркениетті елдердің жүйесін енгізу талап етіледі.  Оның ішінде кәсіби-техникалық білім беру жүйесін жетілдірудің маңызы зор. Себебі экономика дамыған сайын кәсіптік-техникалық маман иелеріне деген сұраныс күн санап  артып келеді.  Қазіргі таңда облыста 42 колледж осы бағыттағы мамандарды даярлайды. Оның 25-сі мемлекеттік болса, 17-сі жеке оқу орны. Осы оқу орындарында барлығы отыз сегіз мыңнан астам бала білім алады. Білім министрлігінің бұйрығы бойынша өткен жылы облыстағы барлық лицейлер колледж мәртебесіне ие болғаны белгілі.

 

Бір жылда бес мың маман

 

Бәсекеге қабілетті маман даярлау үшін білім беру жүйесіне де өзгерістер енгізілді. Лицейлерге  колледж мәртебесі берілгеннен кейін, олар орта және арнаулы мамандарды даярлау мүмкіндігіне ие болды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Руслан Бегімбетовтің айтуынша, қазіргі таңда кәсіптік техникалық білім беру саласының алдында екі мәселе тұр. Біріншісі, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту болса, екіншісі —оларға дуальдық жүйені енгізу.

 Бүгінгі күні бұл мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді. Мәселен, қазіргі таңда Ырғыз бен Темірден басқа аудандардың барлығында колледж бар.

Аудандарда колледждің болғаны ауыл балалары үшін тиімді болып отыр. Өйткені кез келген баланың қалаға келіп оқуына мүмкіндігі аз. Баланың жүріс-тұрысы, тұратын жерін есептегенде ата-ананың қалтасына біраз салмақ түсіреді. Сондықтан қазір ауыл балаларының облыс орталығына келмей-ақ білім алуларына мүмкіндік жасалып отыр. Әрі бұл ауылдағы маман тапшылығын жояды. Қазір мемлекет тарапынан кәсіптік- техникалық мамандықтарға ерекше көңіл бөлінуде.  Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша бес мың маман даярлау үшін арнайы қаржы бөлінеді, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Лицейлердің барлығы жаңа ереже бойынша мемлекеттік кәсіпорындарға ауыстырылғаннан кейін мемлекеттік тапсырыстан бөлек, ақылы түрде де маман даярлау мүмкіндігіне ие болды. Ал жеке оқу орындары конкурс талабына сай болса, мемлекеттік тапсырыс арқылы жұмыс істей алады.

 

Қаржы мен қарқын…

 

Осыдан екі-үш жыл бұрын аудандардағы лицейлердің жағдайы мәз емес болатын. Материалдық базасы  сын көтермейтін еді. Ал соңғы жылдары бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп келеді. Осыдан екі жыл бұрын Алға қаласындағы техникалық колледж жөндеуден өтсе, өткен жылы Шалқар ауданындағы колледждің шеберханасы заманауи құрал-жабдықтармен жарақталып, жылу жүйесі мен есік-терезесі қайта жаңартылыпты. Ал облыс орталығындағы бұрынғы №7 лицей аталған Ақтөбе өнеркәсіптік-технологиялар және басқару колледжіне құрал-жабдықтар сатып алынған.  Яғни бұрын оқушылар көне құралдарды пайдаланып  келсе, енді заманауи технология  арқылы білім алмақ.

  Бәсекеге қабілетті маман даярлау үшін білім берудің жаңа технологиясын қолдана білген жөн.  Оның ішінде оқушылар жаңа үлгідегі шеберханаларда жұмыс істеуі керек. Себебі қазір өндіріс орындарының барлығы компьютерлік бағдарламалар арқылы жұмыс істейді. Ал оқу орнын бітірген маман өндіріске барғанда тосылып қалмауы керек. Сондықтан қазір колледждерге заманауи станоктар, тақталар, техникалық құралдар сатып алынып жатыр. Мәселен, Шалқар ауданына сатып алынған тақта сенсорлы әдіс арқылы пайдаланылады. Оның мүмкіндігі өте көп. Оқушының тақта арқылы барлық мәліметті алуына болады. Әрі тақта Қарағанды қаласында жасалғандықтан, бұнда отандық өндірістің жұмыс істеу әдісі көрсетіледі. Яғни біздің мамандар оқу орнын бітіргеннен кейін ешқандай кедергісіз еліміздегі зауыттарда еңбек ете алады, — дейді Руслан Бегімбетов.

Жалпы өткен жылы осы жұмыстарға 100 миллион теңге жұмсалған. Ал биыл 175 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.  Бұл қаражат Ақтөбе сервис колледжі мен  Әйтеке би көпсалалы колледжіне, Ембі қызмет көрсету саласы колледжіне, Жайсаң көпсалалы колледжіне және Байғанин техникалық колледжіне құрал-жабдықтар алуға жұмсалмақ.  Сондай-ақ биыл Қобда, Әйтеке би, Байғанин аудандарындағы колледждердің ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Қазіргі таңда мердігер мекемелер анықталып жатыр. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін жөндеу жұмыстары аяқталмақ.  

Руслан Бегімбетов кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарының біртіндеп күрделі жөндеуден өтетінін айтты. Яғни барлығын бір уақытта жаңартуға мүмкіндік жоқ. Мәселен, қазір Қарғалы ауданының орталығы Бадамшадағы агротехникалық колледжге жаңа ғимарат керек. Ескі ғимарат оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы емес. Бұндағы жатақхананың жағдайы да сын көтермейді. Ал қаладағы Ақтөбе сервис колледжінің ғимараты ескі. Руслан Бегімбетов осы оқу орнына жаңа ғимарат салу жоспарда бар екенін айтты. Облыстық білім басқармасы тарапынан ҚР Білім және ғылым  министрлігіне  2014-2015 жылдарға қаржы бөлу туралы сұраныс жіберіліпті.  Темір мен Мәртөк ауданының орталығына колледж салу үшін де қаржы сұралған.  Себебі Темір ауданы өндірістік бағытта дамып келе жатқандықтан ауданда кәсіптік-техникалық маман иелеріне қажеттілік жоғары. Ал Мәртөк ауданында ауыл шаруашылығы саласының мамандары тапшы. Алайда бұл шаруалардың барлығы республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға байланысты. Егер уақытында қаржы қарастырылса, жаңа ғимараттардың бой көтеретіні анық.

 

Білім мен өндірістің бірлігі

 

Германия, Англия, Оңтүстік Корея, яғни әлемнің осы секілді алпыстан астам дамыған мемлекеттерінде жақсы нәтижені көрсеткен оқытудың дуальдық жүйесі біздің елімізде де қолданысқа ене бастады. Яғни бұндай жүйе арқылы  оқушылар теориялық білім мен өндірісті ұштастыра оқиды. Осы арқылы  жұмыс беру­ші жас мамандарды өзі елек­тен өт­кі­­зіп, таңдап алды. Бұл — жұмыс бе­руші­ге де және маман­дар даяр­лаушы оқу орнына да тиімді. Қазір біздің облыста  алты колледж осы жүйеге енгізілген. Олар — Ақтөбе политехникалық колледжі, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжі, Ақтөбе байланыс колледжі, Ақтөбе өнеркәсіптік-технологиялар және басқару колледжі, ауылшаруашылық колледжі, М. Тынышбаев атындағы транспорттық-коммуникациялық колледж.

  Кеңес дәуірінде де бұндай жүйе болды. Бірақ ол уақытта  дуальдық деп аталған жоқ. Үлкен өндіріс орны болса, соның қарамағында училище болатын. Яғни ол кезеңде әр ел өзіне ыңғайлы жүйені таңдады. Ал дуальдық жүйе біздің елімізге өткен жылдан бастап енгізілді. Мақсат — оқу орнын бітіруші түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету және болашақ мамандардың біліктілігін арттыру. Қазіргі таңда осы жүйе бойынша оқушылар білімнің 80 пайызын колледжде, 20 пайызын кәсіпорында алады.  Болашақта колледжде 60 пайыз, өндірісте 40 пайыз оқытуды жоспарлап отырмыз. Мәселен, ауылшаруашылық колледжі балаларды теориялық жағынан оқытып, тәжірибені мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтарда өткізеді. Қазір жеке кәсіпкерлердің өздері қызығушылық білдіріп отыр. Олар оқушыларды шаруашылықта  тәжірибеден өткізіп, кейін қажетті мамандарды жұмысқа алады. Мәселен, Алғадағы «Ак —Теп» шаруашылығы мал мамандарына сұраныс түсіріп отыр, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Жалпы бұндай жүйені Хромтау қаласындағы тау-кен техникалық колледжі бұрыннан қолданып келеді. Колледж Тау-кен байыту комбинатымен тығыз байланыс орнатқан.  Осы секілді кәсіпорындармен әріптестік қарым-қатынас  орнатқан Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжін айтуға болады.  Бұндағы түлектер  өздері тәжірибеден өткен теміржол саласындағы мекемелерге жұмысқа орналасады.  Дуальдық жүйеге енгізілмеседе қаладағы Ақтөбе сервис колледжі  мен тамақтану орындарының арасында әлеуметтік-әріптестік байланыс бар. Мәселен, осы оқу орнын бітірген аспазшы, даяршы мамандарды мейрамханалар таласып алады. Себебі олар білім ала жүріп тамақтану орындарынан тәжірибеден өтеді. Сол жерде кәсібінің қыр-сырын үйренеді. Ал бұндай дайын мамандарға қай уақытта да жұмыс табылатыны белгілі.

Сондай-ақ облыста әйнек зауытының құрылысы басталды. Осыған орай Ақтөбе өнеркәсіптік-технологиялар колледжі зауытқа қажетті мамандарды даярлап жатыр.

Бұрын колледж бітірген мамандарға жұмысқа бірден орналасып кету қиын болатын. Ал келешекте бұндай мәселе туындамайды. Бұған қоса соңғы жылдары аймақтың сұранысына байланысты маман даярлау жұмысы қолға алынды. Аудан әкімдерімен бірлесе отырып, өңірдің дамуына байланысты қандай мамандар қажет екені алдын ала анықталады. Мәселен, қазір Әйтеке би ауданында темір жол саласының маманына сұраныс жоғары. Ал Шалқар ауданы аймағынан Бейнеу-Жезқазған темір жолы өтеді. Осыған орай қазірден бастап механик, машинист көмекшісі, депо мамандары, дәнекерлеушілер  даярланып жатыр. Колледж мәртебесі берілген лицейлерге  де аймақтың экономикасының дамуына байланысты бір бағытта маман даярлау тапсырылды. Мәселен, «Батыс Еуропа— Батыс Қытай» темір жолының салынуына байланысты №6 лицей Ақтөбе автожол колледжі болып өзгертілді, — дейді Руслан Бегімбетов.

Алдағы уақытта аталған жүйеге барлық кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындары енгізілсе, маман даярлау және оларды жұмысқа орналастыруда айтарлықтай қиындықтар болмайды. Руслан Бегімбетовтің айтуынша, егер осы қарқынмен жұмыс жүйелі жүрсе, алдағы бес жылдықта өндірістегі шетелдік мамандардың орнын  жергілікті кадрлар алмастырмақ.

Жалпы жыл сайын кәсіптік-техникалық  оқу орнын бітіретін түлектердің сексен пайыздан астамы жұмысқа орналасып кетеді екен.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button