Денсаулық

Екпеден бас тартпа!

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы және облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің ұйымдастыруымен баспасөз жиыны өтті. Басқосуға облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары мен иммунолог, инфекционист, педиатр дәрігерлер қатысты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолға алуымен Еуропада және біздің елімізде  22-27 сәуір аралығында иммундау апталығы өткізіледі.  Апталықтың мақсаты — халықты ақпараттандыру. Шара аясында өзге елдерден келгендер мен тұрақты мекенжайы және жұмысы жоқ азаматтарға баса назар аударылады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Әсет Қалиев елімізде вакцинацияның ақысыз жүргізілетінін айтты. Иммундау ұлттық күнтізбеге байланысты түрлі себептермен профилактикалық екпе алмай қалған  тұрғындарға жүргізіледі. Бұндай азаматтар тіркелген мекенжайының бар немесе жоқтығына қарамастан аумақтық емханалардан екпе ала алады.

Халықты жоспарлы түрде вакцинациялаудың нәтижесінде соңғы жылдары облыста балалар арасындағы қызылша, қызамық, полиомиелит, дифтерия, көкжөтел және В вирусты гепатиті тіркелмеген. Дәрігерлер екпеден бас тарту түрлі жұқпалы аурулардың туындауына әкелетінін айтты. Мәселен, тоқсаныншы жылдары екпеден жаппай бас тартудың салдарынан әлемде көкжөтел, күл ауруы белең алса, 2000-шы жылы қызылша мен полиомиелит ауруы өршіп кеткен. Дәрігерлердің айтуынша, екпеден бас тартатын ата-аналардың бірі вакцинаның сапасына күмән келтірсе, екіншісі діни көзқарасы бойынша баланы ектіруге қарсылық білдіреді екен. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің директоры Жайдар Құрманов насихат жұмыстарының арқасында өткен жылдың алғашқы тоқсанымен  салыстырғанда биыл екпеден бас тартқандардың саны әжептәуір азайғанын айтты. Соған қарамастан біздің облыс республикада екпеден бас тарту бойынша алдыңғы орында тұр. Сондай-ақ Шалқар, Мұғалжар, Алға, Байғанин аудандарында екпеден бас тартқандардың қатары көп екен. Дәрігерлер екпе арқылы жұқпалы аурулардан сақтануға болатынын, әлемде осы арқылы түрлі аурудың алдын алынып отырғанын, вакцинаның сапасы жоғары екенін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button