Білім

Фарида оқыған хикмет

Түркістан қаласында өтетін дәстүрлі «Яссауитану» республикалық байқауына М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары төрт жылдан бері қатысып жүр. Дәстүрлі білім байқауына қатысқан оқушылар бұл жолы да жүлделі оралды.

«Яссауитану» білім байқауы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы жанындағы Ғылыми кеңестің ұйымдастыруымен өткізілді.

Байқауды ұйымдастырудағы мақсат — қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған,  түркі  халықтарының  рухани ұстазы Қожа Ахмет Яссауидің хикметтері мен ілімдерін насихаттау, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру әрі олардың интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру.

Байқауға республика бойынша 67 оқушы қатысты. Бұл байқауда Қожа Ахмет Яссауидың 25 хикметін жатқа айтқан мектеп-интернаттың 9-сынып оқушысы Фарида Раева жүлделі екінші орынды иеленіп, көлемді ақшалай сыйлықпен марапатталса, 10-сынып оқушылары  Дана Әбдірова, Салтанат Бикеева, Асыл Таңатарлар сертификат алды. Байқауға жоғары дайындықпен барған оқушылар Қожа Ахмет Яссауидың өмірі мен шығармашылығын, ілімін, мұрасын, хикметтерінің мән-мағынасы мен олардың тәрбиелік мәнін терең ұғынып, шәкірттері туралы толық хабардар болды. Оқушыларға Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі көне жәдігерлердің символдық мәнін түсіндірген әрі оларды  Түркістан қаласына бастап барған мектеп-интернаттың тарих пәнінің мұғалімі Бауыржан Қазиев те бұл байқауда Алғыс хатпен марапатталды.

 

Мирамгүл НҰРБАЕВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық

дарынды балаларға арналған

мамандандырылған мектеп-интернат

директорының бейіндік пәндер

жөніндегі орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button