Білім

ҰБТ: Әзірлігің қалай, оқушы?

Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтарының 35 пайызы жаңартылатынын айтты.

— Тестілеуде пайдаланылып келген сұрақтарға сараптама жасадық. Соның арқасында қисынсыз әрі мағынасы жоқ сауалдардан құтылуға тырыстық. Турасын айтқанда, ұлттық бірыңғай тестілеудің сұрақтары кемінде 35 пайызға жаңартылады. Талапкерлердің ойлау қабілетін байқау үшін логикалық тапсырманы көбірек енгіздік, — деді министр.

2015 жылдан бастап ҰБТ екі кезеңге бөлінеді. Біріншісі —  ұлттық тестілеу формасындағы бітіру емтиханы, екіншісі — талапкерлерді кешенді тестілеу формасындағы жоғары оқу орнына түсу емтиханы.  2013-2014 жылдары екі кезеңге бөлу бойынша тәжірибе өткізілетін болады. Қазір осыған байланысты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Біз облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековамен облыстағы мектеп түлектерінің тестілеуге әзірлігі туралы тілдескен едік.  

 

Бақылау тестілеу:

Орташа балл мен шектеулі ұпай

 

Әдеттегідей биыл да ҰБТ маусым айында өткізіледі. Сынаққа дайындық жұмыстары жаңа оқу жылының басында басталған. Қазан айында бірінші бақылау тестілеу өткізіліпті.

Мектеп түлектерінің саны — 6942. Әзірге белгілісі, 5257 бала тестілеуге қатысады. Нақты мәлімет  сәуірдің 25-інде белгілі болады. Өйткені ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін өтініштер наурыздың 10-ынан бастап, сәуірдің 25-іне дейін қабылданады, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Тестілеу 3 пунктте өткізіледі. Олар: М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті және Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты.

Мектеп түлектері ай сайын бақылау тест тапсырады. Мұндағы мақсат — баланы сынаққа пән бойынша дайындау. Бұл — бір.  Екіншіден, психологиялық дайындық жасау. Әр ай сайын өткізілген бақылау тестілеудің қорытындысында оқушыларға қай пән, қандай тақырыптың тапсырмалары қиын тигендігі жан-жақты талқыланып, сол тақырып тиянақты түсіндіріледі, — дейді Г.Құлыбекқызы.

Бірінші (қазан айында) сынақ тестілеуде оқушылардың орташа балы 62,2 болған еді, ақпан айындағы көрсеткіш  — 74,2 балл.

Әр жылы, әр айда өткізілген сынақ тестілеулерге мониторинг жасаймыз. Былтырғы оқу жылы мен биылғы оқу жылының сәйкес кезеңдерін салыстырсақ,  биылғы бақылау тестілеулердегі орташа балл біршама төмен. Мысалы, өткен оқу жылындағы желтоқсан айында облыстың орташа балы — 71,5 болса, биыл бұл көрсеткіш — 67,4 балл (- 4,1 балл). Дегенмен, биылғы оқу жылында ай өткен сайынғы көрсеткіште аз да болса, ілгері жылжу бар. Мәселен, қаңтарағы орташа балл — 70,1 болса, ақпанда — 74,2 балл. Қазан мен ақпан аралығында өткен бақылау тестілеудің қорытындыларынан динамиканың 12 балға өскенін көреміз, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

 

 

 

Сынақ тестінің орташа балының динамикасы
  қазан қараша желтоқсан қаңтар ақпан
2010-2011 оқу ж. 60,1 64,8 69,7 71,9 75,1
2011-2012 оқу ж. 63,7 66,1 71,9 73 74,3
2012-2013 оқу ж. 62,2 64,9 67,4 70,1 74,2
динамикасы -1,5 1,2 -4,1 -2,9 -0,1

 

Алдыңғы орындарда облыстық білім беру мекемелері: облыстық физика-математика мектеп-интернаты, М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, қазақ-түрік лицейі тұр.

Есет батыр атындағы облыстық әскери-полицейлік мектеп-интернатында ілгері жылу мүлде жоқ (57,1 балл).

Бақылау тестілеуде Ырғыз (56,2 балл) бен Байғанин (63,6 балл) аудандары төмен ұпай жинапты. Қалған аудандардың орташа көрсеткіші  70 балдан көп.

Дегенмен мұны жақсы көрсеткіш деп айта алмаймыз. Ақпан айында өткен сынақ тестілеуге жалпы 5207 бала қатысты. Соның 1571-і (30,2 пайызы) шектеулі балл жинай алмады. Есет батыр атындағы облыстық әскери-полицейлік мектеп-интернатының 49 оқушысы бақылау тестілеуге қатысқан болатын. Солардың жартысынан көбі, яғни 61,2 пайызы  шектеулі ұпай жинаған жоқ. Ал аудандардың арасында Байғаниннің жағдайы тым төмен. Бұл аудандағы бақылау тестілеуге қатысқан мектеп түлектерінің 42,7 пайызы шектеулі ұпайды жинай алмады. Қобда (41,7)  мен Қарғалының (41 пайыз) да жағдайы мәз емес, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Аудандардың арасында Шалқардың көрсеткіші жоғары: 79,3 балл. Темір (78,1 балл) мен Мұғалжардың (75,6 балл) түлектерінің де орташа балы жақсы.

Сәуірдің 27-сінде өтетін бақылау тестілеуде облыстағы  6 мектептің түлектері тест тапсырмаларына компьютер арқылы жауап береді. Бұл мектептер: Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназия, №51 мектеп-гимназия, №11 орта мектеп және Алға ауданындағы Бестамақ орта мектебі, Мәртөк ауданындағы №2 Мәртөк мектеп-гимназиясы, Темір ауданындағы Кеңқияқ орта мектебі. Қазір  аталған мектептерде сынақ тестілеуді ұйымдастыру шаралары жүргізіліп жатыр. Компьютерлер жаңартылады және интернет желісіне қосылады.

Айта кету керек, бұл тек эксперимент қана,  аталған мектептерде де тестілеу әдеттегідей өтеді, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

 

Талап пен тәртіп

                 

Ұлттық бірыңғай тестілеуге мектеп бітірушілер өз еріктерімен қатысатыны белгілі. Дегенмен «Алтын белгі», үздік аттестаттан үміткерлер білімдерін дәлелдеу үшін міндетті түрде сын тапсырады. Сонымен қатар ағымдағы жылы жалпы білім беру пәндері бойынша ғылыми жарыстардан республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері де сынаққа қатысады. Орта және жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін талапкерлер де ҰБТ тапсыруға міндетті.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын түлектерге талап күшейтілгені мәлім. Биыл да тест өткізілетін аудиторияларға бейнебақылау орнатылады. Пункттердің барлығында бірдей телефон желісі болмайды. Металліздегіштер пайдаланылады, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы.

Шектеулі балда өзгеріс жоқ: 50-ден кем болмауы керек. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін: шектеулі балл — 70.

ҰБТ 5 пән бойынша: қазақ тілі, орыс тілі, математика, Қазақстан тарихы және таңдау пәні. Таңдау пәндері: география, физика, биология, химия, дүние жүзі тарихы, қазақ әдебиеті (орыс әдебиеті), шет тілі.

Жалпы орта білім туралы аттестат алу үшін 5 балдық жүйе бойынша бағамен бағаланады.

 

ҰБТ сертификатындағы балдардың жалпы орта білім беру туралы аттестаттың бағасына ауысу шкаласы

 

Пәні 2

(қанағат-сыз)

3

(қанағат-лық)

4

(жақсы)

5

(үздік)

1. Қазақ тілі 0-3 4-13 14-20 21-25
2. Орыс тілі 0-3 4-13 14-20 21-25
3. Қазақстан тарихы 0-3 4-13 14-20 21-25
4. Математика 0-3 4-11 12-19 21-25
5. Физика 0-3 4-11 12-19 20-25
6. Химия 0-3 4-11 12-19 20-25
7. Биология 0-3 4-13 14-20 21-25
8. География 0-3 4-13 14-20 21-25
9. Дүниежүзі тарихы 0-3 4-13 14-20 21-25
10. Қазақ әдебиеті 0-3 4-11 14-20 21-25
11. Орыс әдебиеті 0-3 4-11 14-20 21-25
12. Ағылшын тілі 0-3 4-11 14-20 21-25
13. Неміс тілі 0-3 4-11 14-20 21-25
14. Француз тілі 0-3 4-11 14-20 21-25
15. Қазақ тілі орыс мектептеріне арналған 0-3 4-11 12-17 18-25
16. Орыс тілі қазақ мектептеріне арналған 0-3 4-11 12-17 18-25

 

«Алтын белгі» мен үздік аттестат

 

Биылғы мектеп бітірушілердің 279-ы — «Алтын белгіге» үміткер. Үздік аттестаттан үміткерлердің саны — 182. Әзірге белгілісі — осы. Себебі, үміткерлерге ұсыныс мамырдың 1-іне дейін қабылданады екен.

Кейбір ата-аналар «Алтын белгі» үміткерлеріне қойылатын талапты дұрыс білмейді. «Алтын белгіге» үміткер болуы үшін бала облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары немесе жүлдегерлері болуы міндетті емес. Ғылыми жобаларды қорғауы да шарт емес. Мектеп бітіруші тек қана осы жағдайлар үшін «Алтын белгіге» үміткер ретінде ұсынылмаса, әлі кеш емес. Ұсыныстар мамырдың 1-іне дейін қабылданады, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

«Алтын белгіні» иелену үшін оқушыға қойылатын талап: 5-10 сыныптарда жылдық бағалар «бестік» болуы тиіс және ұлттық бірыңғай тестілеуде жауаптары «5»-ке бағалануы керек.

Гүлжан Құлыбекқызының айтуынша, аудандардың арасында Мұғалжарда «Алтын белгіге» үміткерлер көп: 36 оқушы. Темір (18) мен Алға (14) аудандарының да көрсеткіші жақсы. Әйтеке би ауданында 1 ғана оқушы «Алтын белгіге» үміткер.

Үздік аттестаттан үміткерлер былтырмен салыстырғанда көп.  Былтыр 142 оқушы үміткер болған еді. Биылғы оқу жылындағы үміткерлердің саны — 182. Аудандардың арасында үздік аттестаттан үміткерлері көп аудан — Мұғалжар. Хромтау мен Ойылда бір-бірден үміткер бар. Әйтеке би, Ырғыз, Қарғалының да көрсеткіші жақсы емес, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

 

ҰБТ-ның ерекшеліктері:

– Логикалық сипаттағы тест тапсырмаларының саны артты.

– Тест тапсырмаларын диаграммалар, суреттер, кестелер, сызбалар(химия, математика,физика) қосылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button