Денсаулық

Тегін емделіп жүрсің бе?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі өз жемісін бере бастады. Яғни науқастың медициналық ұйымды өзі таңдап, жұмыс нәтижесіне қарай бағасын беруі секілді бірқатар басты қағидалар іске асырыла бастады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы елімізде жаңа жүйенің шеңберінде аурухананы еркін таңдау құқығын 800 мың адам пайдаланған. Мұның 46 пайызы — ауыл тұрғындары. Былтыр облыста портал бюросы арқылы 30361 науқасқа жолдама беріліпті.  

 

Канадалық әдісті әлем қолданады

 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өткен жылғы қызметінің қорытындылары және 2013 жылғы міндеттері жөнінде болған алқа отырысында министр Салидат Қайырбекова былай деді:

Науқастарға жоспарлы түрде емделу үшін өзі қалаған кез келген медициналық ұйымды таңдау құқығы берілді. Осы ретте аурухананы еркін таңдау құқығы бойынша пайдаланатындардың қатары 2010 жылғы көрсеткішке қарағанда 2,5 есе артқаны байқалып отыр.

Министрдің айтуынша, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде аурухананы еркін таңдау құқығын былтыр елімізде 800 мың адам пайдаланыпты. Жалпы елімізде еркін таңдау құқығы қағидасын іске асыру негізінде мемлекеттік емес сектор үлесін 16 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берілген әрі жоғары мамандандырылған медициналық қызмет көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 60 пайызға артыпты.  

Халықтың денсаулығын сақтаудың кеңестік жүйесімен салыстырғанда, енгізіліп отырған жаңа жүйенің артықшылықтарын аңғармау мүмкін емес. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттен қаржыландырылатын емдеу мекемелерінің бюджетін арттыруға мүмкіндік туғызып, бәсекелестік орта қалыптастыруға, медицина қызметкерлерін сапалы қызмет көрсетуге ынталандыру, емдеу мекемелері үшін материалдық-техникалық базаларды нығайтуға жол ашады. Яғни бұл жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге алып келеді.  

Жаңа жүйе негізінде қолданысқа енгізіліп жатқан шаралардың бірі — науқас медициналық ұйымды өзі таңдайды. Жоспарлы емделу кезінде науқас үшін бірқатар артықшылықтар беріледі.

Бұрын науқас созылмалы ауруға шалдықса, дәрігердің берген жолдамасы арқылы ауруханада тиісті ем-дом қабылдайтын. Ауылдық жерден келген науқастар міндетті түрде  облыстық ауруханада жатып, ем алатын. Ол үшін дәрігерлер науқастың бойындағы ауруға нақтама қою үшін бес-алты күн зертханалық талдау жасайды. Нақтама қойылмайынша, аурухана төсегінде жатқан науқасқа ешқандай ем-дом жасалмайтын.

Ал қазір науқастың бойындағы ауруы асқынған болса,  учаскелік терапевт оны ауруханаға жатқызу үшін дайындайды. Яғни науқасты қажетті зертханалық тексерістен өткізеді. Портал арқылы өзі таңдаған медициналық ұйымға келген науқасқа сол күннен бастап ем жүргізіледі. Бұл — канадалық әдіс. Қазір бұл әдіс барлық әлем елдерінде жүзеге асырылған. Көршілес Ресей елі де жаңа жүйеге толықтай көшірілді, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкері Ізбасқан Аймағанбетов.

Егер дәрігер қорытындысы бойынша науқас ауруханада жатып ем алу қажет болатын болса әрі оған аурудың барлық көрсеткіші дәлел бола алса, онда оның портал арқылы бір емес, көп мәрте аурухана кереуетінде жатып емделуге толық құқығы бар.

 

Науқас орны сақталады…

                      

«Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» облыстық филиалының бөлім бастығы Жұмагүл Төлепбергенованың айтуынша, өткен жылы аймақта

30361 адам портал арқылы ауруханада ем алу үшін жолдама алыпты. Оның 14339-ы — ауыл тұрғындары. Жолдама алған науқастардың 27469-ы ғана өз таңдауы бойынша қалаған медициналық ұйымда жоспарлы емін қабылдапты.

Қазір облыс бойынша науқасты емдеуге жатқызу портал бюросына 36 медициналық ұйым тіркелді. Оның 30-ы мемлекеттік, бесеуі жеке, ал біреуі ведомстволық мекемелер. Жекеменшік медициналық ұйымдардың қатарында Ақтөбе қаласындағы «Медикус-центр», «Евразия» медициналық орталықтары мен «Әйгерім» клиникасы, Мұғалжар ауданындағы «Шапағат» емханасы бар. 

Портал арқылы ауруханада жатып, ем алу кезегіне тіркелетіндер — созылмалы ауруға шалдыққан, жоспарлы түрде емделетін адамдар. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша, науқас ауруханада ем қабылдау үшін портал бюросына тіркелгеннен кейін үш  күн кезек күтеді, — деді Жұмагүл Бисенғалиқызы.

Қазір емдеуге жатқызу портал бюросында 55-75-96 сенім телефоны жұмыс жасайды. Тұрғындар  осы телефон нөміріне қоңырау шалу арқылы портал жұмысына қатысты арыз-шағымдарын айта алады.

Өткен жылы портал жұмысына қатысты тұрғындардан ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Өйткені науқас белгіленген күні ауруханаға жатқызылмаса, медициналық ұйымға хабарласып, мән-жайды біліп отырамыз. Емхана мамандары  мұның себебін уақытында анықтауға тиіс. Былтыр тіркеуге алынған кейбір науқастар түрлі себептерге байланысты тиісті ем-домын ала алмай қалды. Оның ішінде науқастардың ауруханаға айтылған уақытында келмеуі немесе жол қатынасының қиындығына байланысты болған себептер бар. Дегенмен, медициналық ұйым мұндай жағдайда науқастың орнын сақтап, оны үш күн күтуге міндетті, — дейді Ж.Төлепбергенова.

Науқастарды электронды тіркеу жүйесі күндіз-түні жұмыс жасайды. Бұл міндетті бағдарламашы-операторлар атқаруы тиіс. Десек те, қазір порталға енген көптеген медициналық ұйымдарда бұл міндетті арнайы білімі бар медбикелер атқарып жүр. Орталық мамандарының айтуынша, порталға жауапты мамандар үшін оқу семинарлары жиі-жиі ұйымдастырылады. Орталықтан басқарылатын электронды-ақпараттық тіркеу жүйесінің мамандары аймақтардағы жұмыс тәртібін қатаң қадағалайды.

 

Күту мерзімі қадағаланады…

 

Роза Ізтілеуова, облыстық дәрігерлер мен провизорлар қауымдастығының төрайымы:

— Адамдардың денсаулығына көңіл бөлу — Елбасы ұстанған берік саясат. Бұл бағытта мемлекет тарапынан атқарылып жатқан көптеген жобалар халықтың игілігіне асуда. Соңғы жылдары облыста емдеу орындары жүйелі түрде салынып жатыр, заманауи технология жетістіктерін кеңінен пайдалана бастадық. Мұның өзі халық денсаулығын күту мен науқасқа жоғары деңгейде ем жүргізудің бірден-бір көрінісі. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдастырылуы да — осы. Әрбір адам өз денсаулығына мұқият қарап, дәрігерге алдын ала тексерілуі керек. Бұрын аудандық ауруханалар орталық ауруханалармен тең дәрежеде жұмыс істеген жоқ. Ауыл тұрғындары қаланың медициналық ұйымдарында жатып, ем қабылдайтын. Қазір алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту шаралары барынша қолға алынып жатыр. Аудандық ауруханаларды білікті мамандар мен ілгері медициналық технологиялармен қамтамасыз ету шаралары кең көлемде жүзеге асырылып жатыр. Десек те, «қалаға барып, білікті дәрігерге көрінемін» деген психологиядан арыла алмай жүрген замандастарымыз әлі жетіп артылады. Қазір кез келген дәрігердің қолында әрбір ауруға қатысты протокол-диагностика құжаты бар. Сол құжат арқылы дәрігер ауруға нақты нақтама қоя біледі. Кей уақытта ғана кезіккен күрделі ауруларға қатысты науқасты жолдама арқылы облысқа жіберетін кездер болады.

Қазір Ақтөбе қаласының Әуежай қалашығында облыстық диагностикалық орталық жұмыс жасайды. Сол орталықта қолында дәрігердің жолдамасы бар, ауылдан келген науқасқа тегін ем қабылдауға мүмкіндік бар.

Облыстағы медициналық мекемелерге әрбір аурудың түріне байланысты бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын ұлғаюда. Яғни әрбір ауру үшін берілетін дәрі-дәрмек пен науқасты тегін тамақпен қамтамасыз етуге және басқа да қызметтер үшін бөлінетін қаражаттың мөлшері өсті.

Қазір шетелде ауруханаға жатып, ем қабылдау үшін науқас кезегін 6 ай күтеді. Ал бізде портал арқылы науқастар үш күн күтуге мәжбүр. Бұл орайда қауымдастық құрамындағы сарапшылар портал арқылы күту мерзімінің одан әрі ұзартылмауына қатаң қадағалау жасайды.

 

P.S. Мамандар бұрынғыдай медицина ұйымдарының дәлізінде де науқастарға тиісті ем-домның  жасалатынын жасырмайды. Бірақ мұны олар жаңа жүйе шеңберінде науқастарға көрсетіліп жатқан игі шаралармен байланыстырмайды. Дәлізде жатып ем қабылдайтындар — жедел жәрдем көлігі арқылы ауруханаға түскен науқастар.  

**

Былтыр облыстағы электронды-ақпараттық порталы арқылы еліміздің өзге өңірлерінен 264 адам Ақтөбеде тиісті ем қабылдапты. Олардың қатарында Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облыстарынан келген науқастар бар.

 

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button