Құқық

Қылмыс

Кадет мектебі ашылды

Облыстық ішкі істер департаментінің Оқу орталығы базасында кадет мектебі ашылды. Бұл мектепте органда және мектепішілік тіркеуде тұрған кәмелетке толмаған балалар білім алады.

Кадет мектебін ашудағы мақсат — жасөспірімдер қылмысын болдырмау әрі оның алдын алу. Бұл мектепте жасөспірімдерге қылмыс жасамау, туындаған мәселелерді ерте шешу мен құқықтық білім беру бағытында нормативтік-құқықтық актімен таныстыру, тәртіпке, жауапкершілікке үйрету тақырыбында сабақтар өткізіледі. Жасөспірімдермен психолог мамандар жұмыс жасайды.

Мектепте балаларға дәріс беру үшін барлық жағдай жасалған. Спорт залы мен компьютер сыныбы, асхана, саптық дайындық сабағын жүргізуге арналған алаң да  бар.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында кадет мектебінде 40 бала дәріс алды. Сенбі күні өткізілетін сабақ уақыты 3 сағатқа созылады.

Курсты бітірген оқушыларға кадет мектебінде оқығанын растайтын сертификат беріліп, кәмелетке толмағандар жөніндегі есептен шығаруға кепілдеме беріледі.

Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың араласуымен  36 қылмыс, 951 әкімшілік құқықбұзушылық оқиғалары тіркелді.

 

Мұнай ұрлығы тыйылмай тұр

 

Мұғалжар аудандық ішкі істер  бөлімі қызметкерлері мұнайды заңсыз тасушыларды қолға түсірді.

Облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімі мамандары келіп түскен жедел ақпарат бойынша мұнай және мұнай өнімдерін ұрлауға бейімделген ұйымдасқан қылмыстық топты анықтауға бағытталған жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді. Әлібекмола-Ембі тас жолы бойында ауданның 39 жастағы тұрғынының «КамАЗ» автокөлігінен 20 тонна мұнай өніміне ұқсас затты ешқандай құжатсыз тасымалдағаны және көлік ішінде жүргізушімен бірге оның 39 жастағы ауылдасының болғаны анықталды. Заңсыз мұнай тасушылардың  көлігіне 31 жастағы Қандыағаш қаласының тұрғыны мінген «Мерседес» автокөлігі ілесіп жүрген. Қазір жауаптылар  уақытша қамауға алынды.

Сәуір айының басында мұндай жағдай Ембі қаласында да орын алды. Департамент мамандары Ембі қаласының 27 жастағы тұрғыны жүргізген «КамАЗ» көлігінің қала шетінде тоқтатылғанын, көлік ішінде 27-40 жастағы жолаушылардың болғанын анықтайды. Тексеру кезінде олардың 20 тонна шикі мұнай өнімін ешқандай құжатсыз тасымалдамақшы болғаны белгілі болды. Қазір аталған деректер бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сот-химиялық сараптама тағайындалды. Автокөліктер Ембі қаласындағы тұраққа қойылды. Бұлтартпау шарасы қолданылып жатыр.

 

Төртеу «тындырған» іс

 

«Шалқар-Бейнеу» темір жол құрылысшыларын тонаған 4 адам ұсталды.

Қазақпараттың хабарлауынша, Шалқар қаласының төрт тұрғыны «Шалқар-Бейнеу» темір жол құрылысшыларын тонады деп айыпталып отыр. Шалқардан 2 шақырым қашықтықта орналасқан ЖШС-ның біріндегі екі механизатор тәртіп сақшыларына арызданған. Зардап шеккендерге біреулер пышақ кезеніп, 20 литр жанармай, ноутбук, қол сағат пен  ұялы телефон және  2 мың теңге ақшаны алып кеткен. Криминалдық полиция қызметкерлері бұл оқиғаның ізін суытпай, күдіктілерді анықтап, қолға түсірді. Қарақшылар 23-26 жас аралығындағы жергілікті төрт тұрғын болып шықты. Ұрланған мүлік тәркіленді.

Аталмыш жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды, тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

 

Үш ай және 750 мас

 

Жыл басынан бері облыста 750 жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізген.  

Өткен үш ай ішінде жол полициясы облыста жол ережелерін бұзудың 23 443 дерегін анықтады. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы Ерболат Сарқұловтың хабарлауынша, 750 жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізгені үшін ұсталған, 774-і жүргізуші куәлігінен айырылды. Оған қоса, 2883 жүргізушіге жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік айыппұл салынды.

Сондай-ақ 2 мыңға жуық жаяу жүргінші жолда жүру ережелерін бұзған. Айыппұлдың жалпы сомасы 136 миллион теңгеден асып жығылды.

Жыл басынан бері 140 жол-көлік оқиғасы орын алды. Онда 183 адам түрлі жарақаттар алып, 12 адам қаза тапты.

 

Қалта тонаушылар қаптады

 

Ақтөбе қаласында қалта ұрлығы көбейді.

Мамандардың айтуынша, қаскөйлер ұрлық жасау үшін көбінесе қарбалас сәттерді, ойын-сауық орталықтары мен денсаулық сақтау мекемелерін, қоғамдық көліктерді, базарлар мен басқа да адам көп жиналатын орындарды таңдайды. Әмиян, ұялы телефон және банк карталарын ұрлау оқиғалары жиі тіркеледі.

Сондай жағдайлардың бірі өткен аптада №10 бағыттағы маршрутта болды. Департаментке автобус салонында белгісіз адам 23 жастағы қыздың құны 56 мың теңге тұратын «Самсунг Галакси» маркалы ұялы телефонын ұрлап кеткені туралы шағым түсті. Қурайлы кентінің 21 жастағы тұрғынының гинекологиялық кабинетте «Нокия-200» телефонының ұрланғаны туралы оқиға да құқық қорғау органында тіркелді. Қазір аталған оқиғалар бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Полицейлер тұрғындарға ақшаны құжаттармен қатар ұстамауға, көшеде ақша санамауға, құжаттар мен әмиянды  полиэтилен пакетке, шалбардың артқы қалтасына салмауға, қоғамдық көліктерде жеке заттарға барынша мұқият болуды ескертеді.

Мамандар тұрғындарға  қалта ұрлығының куәсі немесе құрбаны болса  21-07-82, 51-46-08, сондай-ақ 102 телефонына хабарласуға кеңес береді.

 

Түн кезген 500 жасөспірім

 

500 ақтөбелік жасөспірім түнгі уақытта үйлерінде болмағаны үшін полиция бөлімшелеріне жеткізілді.

Облыстық ішкі істер департаменті базасында полицейлердің білім беру саласы мамандарымен жедел кеңесі өтті. Жиында кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасындағы қылмыстың алдын алу тиімділігін арттыру мәселесі талқыланды. Іс-шараға облыстық ІІД бастығының орынбасары Қаныбек Жақсығалиев, қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева, облыстық және қалалық білім беру ведомстволарының басшылары, жалпы білім беру мектептері мен колледждердің директорлары қатысты.

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ішкі істер органына түнгі уақытта үйлерінде болмаған 500-ден астам жасөспірім жеткізілді. Олардың 48-і уақыттарын ойын-сауық орындарында өткізген. Жасөпірімдерге қатысты шылым сатудың 6, ал алкогольді ішімдік бойынша 5 дерек тіркеліп отыр. Дегенмен, қолға алынған жедел алдын алу шаралары жасөспірімдер арасындағы қылмысты тыю жолында нәтижеге қол жеткізіп жатыр.

 

Сыбайластықтың соңы…

 

Ақтөбе облысы бойынша қаржы полициясы Қобда аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы мен С. есімді азаматқа қатысты пара алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Ведомствоның баспасөз хатшысы Махаббат Дармышева хабарлағандай, Қобда кентінің ортасында пластик цехын салуға жер учаскесін бөлу жөнінде оң шешім шығару үшін мемлекеттік қызметші 300 мың теңге көлемінде пара алған.

Ақша Ақтөбе қаласында делдал арқылы берілген. Жер қатынастары бөлімінің басшысы таңба салынған ақшаны алу үстінде ұсталды.

Сот санкциясымен шенеунік абақтыға тоғытылды. Қылмыстық іс тергелуде.

Баспасөз қызметінің маманы ағымдағы жылдың наурыз айында Ақтөбе облысы бойынша кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының  директоры мен бас есепшісіне қатысты бюджеттік қаражатты ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлайды. Ведомство мамандары өткен жылы аталған мекеменің директоры бас есепшімен Ақтөбе қаласында алдын ала сөз байласып, заңсыз түрде шын мәнінде жұмыс жасамайтын тұлғалардың жеке карточкалық шоттарына ақшаны аударып, еңбекақыны иемдену арқылы бөтеннің мүлкін ұрлап, жалпы сомасы 2,7 миллион теңге бюджеттік қаражатты ұрлағанын анықтайды. Айыптыларға ешқайда кетпеу түріндегі шара қолданылды. Қылмыстық іс айыптау қорытындысымен облыстық прокуратураға жолданды.

 

«Сова» ізге түсті

 

102 телефонына 42 жастағы ер адам хабарласып, бірнеше минут бұрын белгісіз адамның күш қолдану жолымен ішінде 70 мың теңге ақша, 200 АҚШ доллары, құжаттар және 4 ұялы телефон бар барсетканы ашық түрде ұрлап кеткені туралы хабар түседі.  Оқиға орнына жедел түрде полицияның кешенді күші жіберілді. Ақтөбе қаласында орын алған бұл жағдайға байланысты «Сова» түнгі жасағы арқылы жақын аулалар тексеріліп, ізіне түсу жолымен 21 жастағы жігіт қолға түсті. Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Шығын көлемі — 150 мың теңге.

 

 Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button