Денсаулық

Алдағы жексенбі – Медицина қызметкерлері күні

Мереке

Жаңа туған нәрестеден бастап еңкейген қарттың түнде тыныш ұйықтауына да алаңдайтын нәзік жүрек пен аялы алақан иелерінің арқасында соңғы жылдары облыс тұрғындарының денсаулық көрсеткіштері едәуір жақсарды. Оның ішінде өмір сүру ұзақтығы ұзарды. Тұрғындар арасында өлім-жітім көрсеткіштері, аналар мен балалар өлімі азайды. Туберкулез, ішек аурулары, жүрек-қан тамыр ауруларының көрсеткіштері төмендеді.

Жыл басындағы санақ қорытындысы бойынша облыста 2807 дәрігер мен 5 мыңдай орта буын медицина қызметкері (медбике, фельдшер, акушер) бар. Осы аптаның соңы – ақ халатты абзал жандардың төл мерекесі. Оларды құттықтай отырып, денсаулық сақтау басқармасы бастығының экономика және жұмылдыру жұмыстары жөніндегі орынбасары Самат Данияровпен сұхбаттасқан едік.

Қанын берсе де, оны ешкім ерлікке санамайды…

– Кәсіби мерекеңізбен! Әңгімемізді денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыдан бастасақ…

– Бюджеттен бастайық. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының көлемі соңғы үш жылдың ішінде бір жарым есеге өсіп отыр, алдыңғы жылы 10 млрд. теңге, былтыр 14 млрд. теңге еді. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен денсаулық сақтау нысандарына, құрылыс нысандарына бөлінген қаржыны қосып санағанда, 19 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның 80 пайызы мемлекеттік тараптан кепілді түрде тегін көрсетілетін медициналық қызмет ұйымдастыруға жұмсалады.

– Медицина мекемелерінің материалдық базасы қандай екенін айтып өтсеңіз. Олардың қатары жаңа нысандармен толығып жатыр ма?

– Соңғы үш жылдың ішінде 42 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынып, іске қосылды. Халықтың жағдайы жақсарып, бала туу жиіледі. Қала ауруханаларына күш түсіп тұрғандықтан, қала маңы селоларына жеке босану үйлерін салу қарастырылды. Қазір Қарғалы ауруханасының жанында 80 кереуеттік әйелдер босанатын үй салынып жатыр. Медициналық жедел жәрдем ауруханасының қабылдау бөлмесі кезектен бір толастаған емес. Көрген боларсыз, кезекте тұрған халық сыймайтын. Сондықтан қабылдау бөлмесі кеңейтіліп жатыр. Қала маңы деп мән берілмей жүрген Кірпішті селосында, Заречный-1 ауылында дәрігерлік амбулатория салынып жатыр.  Ал Құрашасайдағы нысан салынып бітті, енді іске қосылады.

– Ал «Жол картасы» аясында не жасалып жатыр?

– Облыстық бюджеттен 634 млн. теңге бөлініп, 57 нысан күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Елбасының Жолдауына байланысты «Жол картасы» аясында тағы да 9 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осының арқасында жұмыспен қамту бөлімінде кезекте тұрған 720 жұмыссыз  адамды жұмыспен қамтамасыз еттік. Бір жағынан, мемлекеттік мекемені жөндеу арқылы жұмыссыздықты болдырмауға ат салысып жатырмыз. Бұл – дағдарысқа қарсы алынып жатқан шаралардың бірі. Республикалық бюджеттен көлемі 350 млн. теңге қаржы бөлініп, Алға, Темір, Мұғалжар аудандарының, жөндеуді қажет етіп тұрған Қобда ауданының ауруханасы, Мәртөк жедел жәрдем ауруханасы, облыстық туберкулез ауруханасы, Есет батыр көшесіндегі №4 емхананың филиалына жөндеу жүргізу басталды.

– Дәрігерлердің білім жетілдіру жағы қалай?

– Былтыр 11 адамды Израильде оқыттық. Әсіресе, облыс орталығындағы үлкен мекемелерге керек мамандықтар, оның ішінде жаңа туған нәресте денсаулығын қарайтын маман – неонатолог және кардиолог, хирургтар. 40 шақтысы Балтық жағалауы және ТМД елдерінде оқып келді. Биыл «Жол картасы» аясында 29 млн. 741 теңге қаржы бөлініп, 233 маман даярлықтан өтті. Оның 102-сі – дәрігерлер, 131-і – орта буын медицина өкілдері.

– Ауылға барған жас мамандарға қандай жағдай жасалады?

– Облыстық бюджеттен де мамандарды даярлауға қаржы қаралған. Биыл да  аудандық емдеу мекемелерін маманмен толықтыру үшін ауылға барып жатқан жас мамандар үймен қамтамасыз етіледі. Салынып жатқан жаңа үйлерден беруді аудан әкімдері шешіп жатыр.  Әрбір ауданға баратын жас маманға (қала есептелмейді) 70 айлық көрсеткіш аясында ақшалай көтерме ақы төленеді. Сондай-ақ, бұрыннан ауыл дәрігерлерінің айлықтарына үстемақы, Арал маңындағы экологиялық аудандарға да белгілі бір мөлшерде ақы қосылатыны бар ғой.

– Кәсіби мамандықтың қарапайым халыққа көрінбейтін қырлары…

Қазір бір дәрігердің үстінен 10 құзырлы орган қарайды. Мәселен, бір дәрігер науқасты қарап отыр ма, есіктің алдындағы кезек күткен он шақты адам кәдімгідей қысым жасайды. Қабылдауына келген әр адамға жазып берген дәрілері үшін облыстық фармацевтикалық бақылау басқармасына жауап береді. Қызметтің сапасын тексеретін комитет бар, ол тоқсан сайын тексереді. Дәрілер қаржыға сатып алынатындықтан, қаржы бақылау басқармасы, одан соң қаржы полициясы, прокуратура келеді. Шағын кәсіпорындардағы тексеруді азайтуға мораторий жарияланған соң, бүкіл тексеру бюджеттің айналасында жүр. Денсаулық сақтау саласы  қызметкерлерінің жұмысы ауыр екенін жұртшылық түсінгенмен, мән бермейді. Жылына бір рет медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында ғана естеріне түседі. Халықтың айтатыны – «маған уақытында келмеді, кезек үлкен» деген шағымдар,  кілең дау. Дәрігер – өзі сияқты азамат, осы ортаның адамы. Оның да отбасы бар. Алайда өмірін, білімін біреудің денсаулығын сақтауға арнаған жандар. Бірнеше оқиға айтып бере алам. Әсіресе, әйелдер босанатын үйлерде айына үш-төрт рет қан болмай қалғанда, дәрігер өзінің сау екенін біледі ғой, сосын алдын ала тексеруден өте салып, науқастың қасында жатып, қан береді. Түнде жедел қан кажет болған жағдайда осылай өз қанын берген ақ халатты жандар қаншама?! Бірақ оны бізде ешкім ерлікке санамайды.

– Осындай әңгімеден соң тұрғындарға не айтар едіңіз?

– Қаланың шет жағындағы шағын аудандардың тұрғындары ауырып жатып, дәрігер шақырады, өздері үйлерінде жатады, аулада қабаған ит. Ит қаппаған бірде-бір медбике жоқ. Кейде осындай шағын аудандарда үйдің нөмірі түгілі көше жоқ. Әрең дегенде тауып алады. «Жедел жәрдем» қызметінде жұмыс жасайтынның 90 пайызы – әйелдер. Олар түнде шақырған жерге барса, подъездердің жарығы жоқ я болмаса лифт істемейді. Ал көлік есік алдына тұрайын десе, кедергілерден кіре алмайды,  ауладағы көліктерден бос орын қалмайды. Осындай мәселелерді қала әкімдігі мен пәтер иелері кооперативтерімен бірге шешіп жатырмыз. Дегенмен халықтың есіне салып қойсақ, артық болмайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Ертең облыстың медицина қызметкерлері кәсіби мерекелерін салтанатты түрде атап өтеді. Кәсіби мереке күні облыс әкімі Елеусін Сағындықов «Шапағат» сыйлығына ұсынылған 150 дәрігердің әрқайсысына 150 мың теңге, 100 орта буын қызметкеріне 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық тапсырады. Бұлардың бәрі бюджеттен тыс облыс әкімінің қорынан беріліп жатыр. Одан басқа 15 денсаулық сақтау қызметкеріне «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» деген атақ беріліп, төсбелгілері тапсырылады деп күтілуде. Бірнеше дәрігерге ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасы, бірсыпырасына облыс әкімінің Алғыс хаты, қала әкімінің сыйлығы берілмекші. Тағы бірнеше дәрігерге пәтер кілті тапсырылады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Сіздерді 21 маусым – медицина қызыметкерлері күні мейрамдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақытты ұзақ өмір және шығармашылық табыс тілеймін!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button