Денсаулық

Жүрегіңіз ауырмасын!..

Елімізде бірнеше жылдан бері көрсеткіш бойынша жүрек-қан тамыры аурулары алдыңғы қатарда тұр. Мұны ұлт болашағына қатер төндіретін дерт десек те болады. Себебі 18 бен 50 жас арасындағы адамдардың 53 пайызы осы дертке шалдығады екен.

Елімізде үш жыл бұрын науқастарға 61 аурухана кардиологиялық жәрдем көрсетті. Одан басқа Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскеменде кардиологиялық немесе жүрек-қан тамыры ауруларын емдейтін өзге де орталықтар бар. Өзіміздің Ақтөбе қаласында да осындай орталық ашылды.

Кәсіби мереке қарсаңында біз бұл орталықтың қызметі мен қызметкерлерінің жұмысын газет бетінде тағы бір көрсеткіміз келді. Әлқисса….

Новый елді мекенінде Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті орталығы негізінде ашылған кардиологиялық орталық қазіргі таңда жүректің ишемиялық ауруымен ауыратын науқастарды емдеуге қол жеткізді. Бұл орталықта тәжірибелі, кәсіби деңгейлері жоғары, тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде кәсіби шеберлігін жетілдірген дәрігерлер жұмыс жасайды. Олардың еңбектері нәтижелі деп айтуға болады.

Әуелі осы орталықта орналасқан М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті дәрігерлердің білімін жетілдіру факультетінің терапия кафедрасының жетекшісі, профессор Бекболат Жолдин жоғары білікті 6 медицина қызметкерінің кардиоорталықтың консультациялық және емдік процедураларына қатысатынын айтты. Оның ішінде, Мәскеуде білімін жетілдірген медицина ғылымдарының кандидаты Наталья Николаенко эхокардиография жасаса, медицина ғылымдарының кандидаты Лаура Рақым жүрекке ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) жүргізеді.

– Осы ұжымның жұмыла істеген істері арқылы науқастарға жоғары деңгейдегі медициналық көмек көрсетіледі, қажет болса, кардиохирургиялық ем жүргізіледі. Тек қана операция емес, басқа да ем жасалады, оның ішінде тамырлар іші арқылы өткізілетін манипуляциялар, медицина тілінде айтқанда, тамырішілік процедуралар жасалады. Мәселен, бітеліп қалған тамырларға стент қою, ал оны өткізу процедурасы арнайы ангиографиялық кабинетте өтеді. Осы уақытқа дейін жасалған тамырішілік шағын операциялар сәтті өтті деуге болады, – деді профессор Бекболат Құлжанұлы.

Ангиограф бөлімшесінің меңгерушісі Оразбек Саховтың айтуынша, ангиография кабинетінде 750 науқасқа коронарография жүргізілді, яғни осынша адамның жүрек тамырларының зақымдануы анықталды. «Ал жүректің тамырына стент қою шағын операциясы 100-ден астам науқасқа жасалды», – дейді ол.

Мұндағы кардиохирургиялық бөлімшенің жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты Берік Қасымов: «Орталық ашылғаннан бері жасалған операциялар саны 100-ге жақындап қалды. Негізінен, аурудың үш  түрі бойынша операция жасаймыз. Оның бірі – жүректің ишемиялық ауруы, аортакоронарлы шунттау операциясы. Содан кейін жүрек клапанын ауыстырамыз, үшіншісі туа біткен және жүре пайда болған ақауларға операция жасаймыз», – деді.

Қазір аймақтық кардиологиялық орталықта 15 дәрігер жұмыс жасайды. Оның үшеуі – кардиохирург. Одан басқа бірнеше орта буын медицина қызметкерлері бар. Кардиоорталық дәрігерлерінің бәрі де Ресейде, Израильде, Балтық жағалауы елдерінде білімдерін жетілдіріп қайтқан. Орталық ашылар кезде келіп жатқан бес маман-дәрігерді қолдау мақсатында облыс және қала әкімдіктерінен үй бөлінді.

Аймақтық орталықты аралап көрдік. Орталық базасына 40 орындық кардиология бөлімшесі мен 10 кереуеті бар кардиохирургия бөлімшесі кіреді. Біз барғанда түстегі демалыс мезгілі екен. Бәрі ұйықтап жатыр. Бір науқаспен тілдестім. Өзін

Орынбасар Иманғазиев деп таныстырған 28 жастағы жігіт Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Жанама селосынан келіпті.

– Бәрі де сол ревматизмнен басталды. Дәрігерлер «Митралды-аорталық жүрек ақауы, IV дәрежелі  аорталы клапанның жетіспеушілігі» деген нақтама қойды. Осында келген соң мені операцияға дайындады. 4 маусым күні операцияға түстім, клапанды ауыстырған. Ертеңіне қан кетіп, қайта жасапты. Содан мен 9 маусымға дейін интенсивті тепарияда ем қабылдадым. Жағдайымды өзіңіз көріп отырсыз, шүкір, жақсымын. Емдеуші дәрігерім Мақсат Төребеков болды. Менің аңғарғаным, мұндағы ақ халаттылардың науқастарға ықыластары ерекше екен. Олардың жылы сөздері жаныңа қуат береді. Гүлсинат, Әлия, Бибігүл есімді медбикелер де әр науқасқа ерекше ілтипатпен қызмет көрсетеді. Орталықта науқасқа жағдай жасалған. Операциядан соң қозғалуға ыңғайлы кереуеті, үнемі шалқаңнан жатқаныңды да ескеріп, медбикелер жасайтын массаж – бәрі де үйлестірілген. Кәсіби қызметтеріне қоса жүрек жылуын аямаған жандарға айтар алғысым шексіз. «Алтын қолдарына» қуат берсін! Кәсіби мерекелері құтты болсын! – деді Орынбасар.

Осындай пациенттер сөзінен соң біздің аймақтық орталық қазір жаңа ғасырда аурухана қандай болуы керек, қандай медициналық көмек көрсетілуі керек деген талаптарға толық жауап береді деуге болатын шығар.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button