Экономика

Урихтау мұнайы — ел игілігіне

Қоғамдық тыңдау

5 наурызда «Капитал-плаза» бизнес-орталығында Мұғалжар ауданындағы Урихтау кен орнын игеруші  «Урихтау Оперейтинг» ЖШС қоғамдық тыңдау өткізді. Онда жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, ардагерлер «Урихтау мұнай-газ конденсатты кен орнының тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануда кешенді жарақтандыру жобалық-сметалық құжаттамаларын жасау» жобасының қоршаған ортаға әсерін бағалады.

Жобаны жасаушы — Ақтау қаласындағы «ҚазНИПИмұнайгаз» АҚ және Ресейдің Самара қаласындағы «Гипровостокнефть» кәсіпорны. Аталған мекемелердің өкілдері жобаның ҚР заңдылық базаларына сәйкес орындалғанын, барлық мемлекеттік және халықаралық құрылыс нормалары мен ережелері, табиғатты қорғауға қатысты нормативті құжаттар талаптары орындалғанын айтты.

«Урихтау Оперейтинг» ЖШС Бас директорының міндетін атқарушы Жасұлан ЗАИРОВ бұл жобаның айырықша маңыздылығына жұртшылық назарын аударды.

— Урихтау газконденсатты кен орнын игеру — әлеуметтік маңызы бар жоба, — деді ол,— сол арқылы республиканың оңтүстік аймағының тұрғындары газбен қамтамасыз етіледі, сонымен бірге жобаны іске қосу көмірсутегі шикізатын өндіру көлемін арттырып, Қазақстанның молықтыруға мүмкіндік береді.

Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында «Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» магистральды газ құбыры құрылысы туралы қол қойылған үкіметаралық келісім аясында да «Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» Урихтау кен орнына ерекше көңіл бөлінген. Урихтау көмірсутегісі газ құбырын көгілдір табиғи отынмен толықтыру үшін ресурстық шикізат ретінде белгіленген.

Жиында негізгі мәселе бойынша «ҚазНИПИмұнайгаз» АҚ жер бетіндегі жобалау және іздестіру орталығының бас инженері Ахметжан САБЫРОВ сөз сөйледі.

— Тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану кезеңі 5 жылға соқзылады, — деді ол, — Жобаға сәйкес әр жыл сайын 997 миллион текше метр табиғи газды және 268 мың тонна газ конденсатын өндіру болжамдалуда.

Баяндамашының сөзіне қарағанда, жоба сегіз газ конденсаты ұңғымаларын, екі газ өлшеу қондырғысын, газ бен конденсат есебі комерциялық желісін жарақтандыруды қарастырады. Қабаттық қысымды ұстау жүйесі екі айдау және артезиандық ұңғымаларды қамтиды. Су бөлу блогы, кәсіпшілік және газ конденсатты құбыр желілері салынады.

Жоба тапсырмаларына сәйкес қатты жабындысы бар кәсіпшілікішілік жол жүргізу қарастырылады. Баяндамашы Урихтау кен орны аумағы бойынша ағып өтетін Жем өзенін қорғауды қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.

— Жарақтандыру нысандары су қорғау аймағынан тыс орналасқан, яғни 500 метрден астам қашықтық сақталып отыр, — деді Ахметжан Сабыров, — «Урихтау Оперейтинг» ЖШС қызметкерлері Жем өзеніне ағынды суларды жібермейді. Құрылыс жүргізу және нысанды пайдалану барысында өзеннің су жинақтау рельефі бұзылмайды.

Жоба авторлары Урихтау кен орнының құрылыстарын жүргізу және пайдаланудың штаттық режимінде табиғи ортаға теріс әсерлерге жол берілмейтіндігін айтады. Дегенмен, қоршаған ортадағы өзгерістер кейде табиғи өзгергіштік шегінен асатын жағдайлары болатындығын да жоққа шығармайды. Бұл жекелеген экологиялық жүйені болмашы бұзғанымен, табиғи ортаның компоненттері толық қалпына келуге деген өз қабілетін сақтайды.

Олыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі тарапынан қойылған жобада қандай апаттық жағдайлар қарастырылған және олардың алдын алу мен жоюдың превентивті шаралары қандай деген сауалға «Урихтау Оперейтинг» ЖШС Бас директорының міндетін атқарушы жобаға сәйкес кен орнында тек қана газ конденсатын өндіру жүзеге асырылатынын мәлімдей келе, өндірісті дұрыс іске қосу құрал-жабдықтарды тозуға тұрақтылық пен сенімділікке тексеру бойынша профилактикалық шараларды қарастыратынын айтты.

Мұнда барлық газ Жаңажол газ өңдеу зауытына бағытталады. Жинақтаушы жобалау жүйелері құбыр желілері ұзындықтары жақын аумақты қамтиды. Құбыр желісі бойынша ақау бола қалған жағдайда автоматтандырылған жүйе іске қосылады. Мұның барлығы құбыр желісінің ақаулы учаскесін оқшаулап тастау үшін жасалған.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен Жаңажол газ өңдеу зауытына газ жеткізу жөнінде өзара келісімі бар.

Жарыссөз қорытындысын «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалыстың Батыс Қазақстан аймағы филиалы» қоғамдық бірлестігінің директоры, қоғамдық тыңдау төрағасы шығарды.

— «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қоршаған ортаны қорғау мәселесі бойынша ҚР заңдарының бүкіл талаптарын орындайтындығына мен сенімдімін, — деді ол, — Ұсынылып отырған жобаны қолдаймын. «ҚазМұнайГаз» компания-оператор ретінде қоршаған табиғи ортаға тәуекелдер мен әсерлерді барынша азайтуға өзгелерге қарағанда көбірек мүдделі болуға тиіс деп ойлаймын.

… «Урихтау Оперейтинг» ЖШС — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100 пайыздық еншілес компаниясы.

Негізінде Урихтау мұнай-газ кен орны 1983 жылы ашылды. Мұнай-газ конденсаты кен орнының көмірсутегі қоры бірінші рет мемлекеттік балансқа 1988 жылы қойылды.

Ләззат ЕГІБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button