Денсаулық

Қан қысымынан қауіп бар…

Қан тамырының қысымына алаңдамайтын адам жоқ. Бірақ жұрттың бәрі бірдей сақтану шараларын ойлай бермейді. Көзі көріп, көңілі сезіп тұрған нәрсенің өзін зиянды бола қояр ма екен деп ойлайды. Осындай салғырттық салдарынан елімізде әрбір оныншы адам қан тамыры қысымымен сырқаттанады. Бұл аурудың жүрек пен тамырды зақымдайтыны уақыт өте келе ғана белгілі болады. Емнің дер кезінде қолданылмауы жүректің жансыздануына немесе жүрек қыспасына әкеледі. Осыдан келіп жүректің бұлшық еттері әлсірейді, оның жұмысын тежейді. Мұның арты миға қан құйылуға, соқырлыққа, бауырдың нашарлауына ұласады.

Гипертония термині қан қысымының көтерілуін белгілеу үшін қолданылады. Қан тамыры қысымының жоғарылауы қан тамырының немесе оның ұсақ тармақтарының тарылуынан бастау алады. Кейбір адамдарда ұсақ қан тамырлары жиі тартылады. Әуелі қан тармақтарының жиырылуына, кейін тамыр қабырғаларының қалыңдауынан ұдайы тарылады. Осыған байланысты қан айналымы кезінде жүректің жұмысы күшейеді де, тамыр арнасына қан көптеп шығарылады. Мұндай жағдайға тап болған адамдарда негізінен қан тамырының қысымы жоғарылайды.

Адамның бір дене мүшесі зақымдануынан қан тамыры қысымы жоғарылайтын сәттер болады. Мұны қан қысымының қайталануы деп түсінген жөн.

Қан қысымынан емделмеген адамдар өміріне қауіп төне бастағанын аңғармайды. Қан қысымы асқынуының жиі кездесетін басты себептері – ми, жүрек және бүйрек сияқты өмірлік маңызды органдардың зақымдануы.

Қан қысымы неден пайда болады?

Біріншіден, жейтін тағамның көлемі артуынан. Салмақтың артуы кезінде қан тамырының қысымы жоғарылайды, бұл жүректі салмақпен жұмыс істеуге мәжбүр етеді.

Екіншіден, пайдаланатын майдың көлемі. Тамақпен бірге сіңетін майлар, әсіресе, майдан бөлінетін холестерин деңгейінің артуы қауіпті.

Үшіншіден, тұзды шектеудің қажеттігі. Өйткені тұз ағзадағы сұйықты бөгейді.

Қан қысымы бар адам дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Дәрігер мен оған қаралушының арасындағы сенімді қарым-қатынас қана қан қысымы ауруын емдеуге оң нәтижеге жеткізуі мүмкін екендігін ұмытпаңыз.

К. РОМАНҚҰЛОВ,

Г. ҚЫДЫРБАЕВА,

Б. САДЫҚОВА,

Б. ҚАПИЗОВА,

Х. НИЕТҚАЛИЕВА,

провизорлар.

***

Қымбат дәулеттің сақшылары

Медицина қызметкерлерінің  күнінде барша қауым дәрігерлердің еңбегін еске алып, құрмет көрсетеді. Себебі халқымыз қадірін әлдеқашан біліп, «Бірінші байлық – денсаулық» десе, олар – осы қымбат дәулеттің сақшылары. Бұл мамандықтың  жауаптылығы да, қызығы мен қиындығы да осында. Өзім дәрігер болғаннан кейін мұны жақсы білемін. Еңбек жолымды Ойыл, Хромтау аудандарының ауруханаларында бастадым. Соңғы он бес жылда Қарғалы қалалық ауруханасында дәрігермін.

Бұл мамандық кәсіби шеберлік пен білімді, үнемі ізденуді талап етеді. Дәрігердің адамға деген жүрек жылуы болмаса, қызметінің абыройлы болуы және мүмкін емес. Осы қасиеттерді ұштастыра алғандар ғана – нағыз дәрігерлер.

Сондай кәсіп иелерін даярлайтын Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жөні бөлек. Онда  есімі тек республикамыз емес, онда тысқары елдерге  де аян медицина ғылымдарының докторлары, профессорлар Валентина Морозова, Алина Гизатулина, Ұлттық Ғылыми Академияның академиктері Намаз Ізімбергенов, Раиса Көзденбаева, басқа да білікті ғалымдар мен білімді ұстаздар студенттерге дәріс береді. Осы оқу орнының қабырғасынан  білім алып шыққан талай мамандар еліміздің барлық аймақтарында еңбек етіп жүр. Сондықтан мен осы қара шаңырақта ең қиын әрі ардақты мамандық иелерін даярлайтын оқу орны ұжымын, барлық әріптестерімді бүгінгі күнгі кәсіби мерекелерімен құттықтап, алда да үлкен табыс тілеймін.

Ардақ МЫРЗАҒАЛИЕВА,

М. Оспанов атындағы

Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина

университетінің оқытушысы,

жоғары дәрежелі инфекционист-дәрігер.

***

Туберкулез қауіпті, бірақ емделеді

Қазақтың сырқатты сыздатып барып емделетіні жасырын емес. Дегенмен аурудың алдын алатын, өріс алып кетуіне жол бермей, өзін де сақтайтын, айналасын да сақтандырып отыратын азаматтар да аз емес.

Ұлтымыздың соңынан ілесіп қалмай келе жатқан сырқаттардың бірі – туберкулез. Туберкулез – негізінде емделетін ауру.

Қазіргі кезде зерттеулер байқатып отырғандай, туберкулезді емдеудің де өз қиындығы бар. Ол төзімді туберкулездің пайда болуымен байланысты. Мұндағы негізгі назар аударатын ерекшелік, туберкулез таяқшалары ауруға қарсы қолданылатын негізгі дәрілерге бой үйретіп алады да, дәрінің ықпал ету деңгейі әлсірейді.

Бұның себебі адамның дұрыс емделмеуінен туындайды, яғни қандай да бір сылтаумен дәріні уақытша тоқтатқан соң пайда болады. Мұндайда емдеу күрделі бола түседі, яғни оның мерзімі он сегіз-жиырма бір айға дейін созылады. Оған және шыдамдылық танытқан жөн. Кейбір сырқаттар ауруханаға бүгін жатып, ертең жазылып шыққысы келеді. Мынаны есте сақтаған жөн: туберкулезбен ауырған адам емді ешқашанда үзбеуі тиіс.

Туберкулезді емдеу барысында ескеретін жайлар көп. Қоршаған ортаға бактерия бөлетін, емделуден бас тартып жүрген науқастар айналаға қиындықтар тудырады. Олар көп жағдайда өздігінен емделгісі келмейді және бір қызығы, тұрақты мекен-жайды да ұстанбайды.

Туберкулезді дер кезінде анықтаудың маңызы зор. Мұндайда бірден кіріскен ем де нәтижелі болмақшы.

Ең бастысы, адам ауырмай тұрып салауатты өмір салтын қалыптастырғаны дұрыс. Денесін күтініп, дұрыс және уақытында тамағын ішіп, уақтылы күн тәртібін ұстанған адам аурудан да аулақ жүре алады.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде». Бәріміз де осы қағиданы ұстанайық.

К. РОМАНҚҰЛОВ,

Г. ҚЫДЫРБАЕВА,

Б. САДЫҚОВА,

Б. ҚАПИЗОВА,

Х. НИЕТҚАЛИЕВА,

провизорлар.

**

Лебіз

«Ардагердің» шарапаты

Елімізде бейбіт заман болса да әскери қызмет кезінде түрлі жарақат алушылар әлі де бар. Мен де міндетті әскери қызметте жүргенімде мүгедектікке ұшыраған едім.

Қазір соғыс мүгедектеріне теңестірілген ІІІ топтағы Кеңес әскерінің мүгедегімін.

1998 жылдан бері қаладағы «Ардагер» емханасына есепке алынып, түрлі медициналық ем-дом алып жүрмін. Жылма-жыл осы емхана дәрігерлері барлық ағза мүшелерін тексерістен өткізіп, дәрі-дәрмек тегін беріледі. Тәжірибелі терапевт-дәрігерлер Ж.Дандарчиева, Т.Ляминалар, көз дәрігері А.Буренко, неврапатолог Ж.Бекниязовалар әр кез жылы қарсы алып, ақыл-кеңестерін айтады.

Жақында мен емханның бас дәрігері Тотия Иманқұлованың қабылдауында болдым. Себебі осы емханада 10 жыл бұрын салынған тіс протездері жөндеуді қажет еткен болатын. Бас дәрігер тіс салатын шеберлерге өзі жолығып, менің өтінішімнің оң шешілуіне жәрдемдесті. Медицина қызметкерлерінің мерекелері қарсаңында мен Тотия Сыдыққызы басқаратын «Ардагер» емханасының ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Отбастарына аманшылық, дендеріне саулық тілеймін.

Сағидолла ЖОЛЕКЕНОВ,

қала тұрғыны.

***

Бас ауырып, балтыр сыздаса…

Бөгетсайлықтар ауданға жүгірмейтін болды

Бірнеше ай бұрын Хромтау ауданына қарасты Бөгетсай селосында жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулатория ғимараты салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Бөгетсайда кезінде үлкен аурухана болған еді. Кейін ол ғимарат жарамсыз болып қалды. Соңғы жылдары Елбасымыздың ауыл тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағыттаған шараларының нәтижесінде ауылымыз көркейді. Ұзын жолдың бойында орналасқан, көгілдір отыны бар ауыл тұрғындарының саны жыл санап өсіп келеді. Қалаға көшу азайып, жас мамандар келе бастады. Зейнеткерлер мен балаларға медициналық қызмет көрсету сапасы әлдеқайда жақсарды. Ауылдың үлкен-кішісінің басы ауырып, балтыры сыздай қалса, аудан орталығына жүгірмей, жергілікті дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері – ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман Қуаныш Дүйсенбекова. Көптеген жас аналардың өмірге дені сау ұрпақ әкелуіне септігін тигізіп, уақытпен санаспай жүретін акушер-гинеколог маман Айзада Дәулетова мен қолы шипалы аға медбике Әсия Айдаралинаның қызмет көрсетуіне тұрғындар дән риза. Олар Бөгетсай селолық округіне қарайтын Қарлау, Шіліктісай, т.б. ауылдардың тұрғындарының да денсаулықтарын жіті қадағалап, кеңестерін айтып, дәрі-дәрмектерін беріп, егу жұмыстарын жүргізеді. Жаңа медицина мекемесіне қазір жаңа үлгідегі қондырғылар алынып жатыр.

Жуырда өзім науқастанып, осы селолық округтегі дәрігерлердің көмегіне жүгіндім. Олар тиісті дәрі-дәрмектерін беріп, емдерін жасап, жылы қабылдап жатыр. Өз ісіне шын берілген мамандардың жолын қуып, жастар да аға буыннан үлгі алсын. Елдің алғысын арқалаған ақ халатты абзал жандарға еңбектеріңіз жемісті болсын деймін.

Ысқақ ҚОНАҚБАЕВ,

Бөгетсай ауылының тұрғыны.

***

Дауа

Дәрілік өсімдіктер

Ғылыми медицинада және халық емшілігінде аскөк және ақжелкен шипалы өсімдіктер ретінде қолданылады.

Аскөк шөбінің тұндырмасы мен қайнатындысы тәбетті ашып, астың қорытылуын жақсартады, ішек жолдарының түйілуін болдырмайды. Қан қысымы жоғарылағанда да оны пайдалану жақсы нәтиже береді. Дәндерінің ұнтағы өт айдайды, іш қатқанда үлкен дәреттің жүруін жеңілдетеді. Сонымен қатар емшек сүтінің молаюына  септігін тигізеді.

Осы күнге дейін ақжелкен секпілді, пигмент дақтарын кетіруге пайдаланып жүр. Халық емшілігінде тамырының қайнатындысы маса, ара, сона тәрізді жәндіктердің шаққан жерін емдеу үшін қолданылады.

Аскөк дендерінің тұндырмасын әзірлеу үшін сырлы ыдысқа салынған 2 ас қасық дәнге 1 стакан қайнаған су құйып, 15 минут су моншасында қыздырады. Сонан соң 45 минуттай салқындатып, сүзіп, тұндырмасының көлемін 200 мл-ге жеткізеді. Сақтау мерзімі 2 тәуліктен аспау керек.

Тұндырманы стаканның үштен бір бөлігіндей етіп, күніне 3-4 рет жылы күйінде ішеді.

Ақжелкен дәнінің тұндырмасын даярлағанда 1 шай қасық ұнтатылған дәндерін жарты литр салқындатылған қайнаған суға 8-10 сағаттай тұндырады.

Жарты стаканнан күніне 3-4 рет ішеді.

Гүлхан БАБАНОВА,

теміржол ауруханасының провизоры.

***

Жүзжылдықтың жүз емі

Көп үйдің терезесінің алдында көзге көп байқала бермейтін, халық аузында «жүзжылдық» аталып жүрген алоэ өсімдігі өсіп тұрады. Бірақ көпшілігі оның бойында көптеген емдік қасиеті бар екендігін біле бермейді.

Алоэ – көптеген жарақат, соғып алу, қабынулар кезінде бірден-бір таптырмайтын көмекші. Ең бастысы, оны дұрыс қолдана білу.

Халық медицинасында жас жапырақтың шырынын жүйке аурулары, бас аурулары және өзге де ауру түрлеріне қолданса, ал бал мен шошқа майының қосындысына араластырып қолдану – туберкулезді емдеудің бірден-бір жолы.

Қытай медицинасында алоэ өкпе туберкулезіне, қан тамыр ауруларына, климактерий және климактерийден кейінгі кезеңдерде, аменорея (етеккірдің келмеуі) кезінде (жүктілік кезінде кері әсерін тигізеді), балалардың тырыспасы бар ауруларында пайдаланылады.

В.П.Филатов әдісі бойынша жапырақтарынан консервіленген алоэ сығындысы алынады. Препарат көз аурулары (шыны тәріздес дененің бұлдыруы, алыстан көрмеушіліктің өршуі, конъюктивит (көздің дәнекер қабығының қабынуы) және т.б., сонымен қатар асқазан және ұлтабар, жегі аурулары кезінде қолданылады. 30-45 күн емдеу курсында күніне ішке 1 шай қасықпен 3 рет қабылдайды.

Жас жапырақтан алынған алоэ шырынын тері сыртындағы іріңді жараларға, күйген, қабынған жерлерге қолданады, сонымен қатар гастрит, іш қату кезінде күніне 3 рет 1 шай қасық мөлшерінде қабылдайды. Алоэның жас жапырағының шырыны ферменттерге, дәрумендерге бай және бактерицидті әсері бар. Сонымен қатар алоэ ішті тазартуға көмектеседі.

Егер сіздің үйіңізде алоэ гүлі өсіп тұрса, онда сіздің де қолыңызда кішкене дәріханаңыз бар деп есептей беріңіз. Алоэның кесілген жапырағын қолданар алдында 1 сағаттай тоңазытқашта ұстау керек, кейін тағайындаған емге қолдана беруіңізге болады.

Гүлжәмила САРБӨПЕЕВА,

№2 қалалық емхананың дәрігер-терапевті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button