Білім

Үш ауысымды мектептер проблемасы қалай шешіледі?

«Биылдан бастап қаржыны әлеуметтік ғимараттарды жөндеуге, үш ауысымдағы мектептердің проблемасын шешуге бағыттау керек. Қазіргі кезде басталған мектептердің құрылысын аяқтау қажет. Апатты мектептерді жөнге келтірейік. Мектептердегі үш ауысымды жояйық».

 

(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 23 қаңтарда Ақордада өткен 2012 жылдың  қорытындысына және «Қазақстан — 2050» стратегиясын жүзеге асыруға арналған Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінен).

Дүйсенбі күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы коммуникациялар орталығының журналистерге арналған брифингіне арнайы шақыртылған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Елбасы сынға алған үш ауысымда білім беру мен апатты жағдайдағы мектептер проблемасының 1-2 жылдың ішінде шешілетінін айтты. Қазір елімізде үш ауысымда білім беретін 92 мектеп бар. Ал апатты жағдайдағы мектептердің саны — 189.  Соның оны —  біздің облыстың мектебі.   

Облыста қазір үш ауысымда білім беретін 5 мектеп бар. Бұл мектептердің  бесеуі де Ақтөбе қаласында орналасқан. Олар: №18, №50, №51, №53 және Құршасай орта мектептері.

Үш ауысымды мектептерді жоюда біздің облыста қандай істер тындырылып жатыр?  Біз осы жөнінде білмек ниетпен облыстық білім басқармасының бөлім бастығы Гүлжан Құлыбекованы сөзге тартқан едік.

 

Үшінші ауысым: 5 мектеп пен 516 бала

 

Қалаға қарасты 5 үш ауысымды мектепте үшінші ауысымда білім алатын балалардың саны — 516. Бұл балалар негізінен бастауыш сыныптың оқушылары. 2 білім шаңырағы: №51 және №53 мектептер биылғы оқу жылынан бастап үш ауысымды білім беретін мектептер қатарына қосылып отыр.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі мәліметтерді алсақ, үш ауысымды мектептер 1991 жылдан бастап әр жылдары Ақтөбе қаласында сақталып келген. Сол кезде облыс орталығындағы 1095 бала үшінші ауысымда білім алыпты. Ал аудандар арасында үш ауысымды мектеп 1992 жылы Мұғалжарда болып, онда 75 бала үшінші ауысымда оқыған. Бұл проблема көп ұзамай, 1993 жылы шешілді. Дегенмен кейінірек, 1996 жылы Темір ауданында 137 оқушы үш ауысымда білім алды. 2001-2002 оқу жылынан бастап облыста үш ауысымды мектептер қатары көбейген. Сол кезде Ақтөбе қаласындағы 214 бала, Темір ауданындағы 154 бала, Шалқар ауданындағы 22 бала үшінші ауысымда оқыған. Үш ауысымды мектеп мәселесі арада бір жыл өткен соң Шалқар ауданында, кейінірек 2004 жылы Темір ауданында шешілді. 2005  жылдан бері барлық ауданда үш ауысымды мектеп проблемасы жойылды. Тек Ақтөбе қаласында бұл мәселе толық шешілмей келеді. Мұның себебін Гүлжан Құлыбекқызы былай түсіндіріп береді:

Бұған ауылдардан облыс орталығына қоныс аударушылардың күрт көбеюі себеп болып отыр. Әсіресе, жеке тұрғын үй массивтерінде, яғни жаңадан құрылыс салынып жатқан 12-шағын ауданда, қалаға қарасты ауылдарда балаларды үш ауысымда оқытуға мәжбүр болып отырмыз. Кірпішті, Заречный, Заречный-2, Заречный-3, Заречный-4 ауылдарының тұрғындары көбейді. Бұл — бір. Екіншіден, мектептердің сыйымдылығы аз. Мысалы, Кірпішті ауылындағы №18 орта мектеп 160 орынға арналған. Ал ондағы оқушылардың саны — 534. №51 мектеп-гимназия 1296 баланың білім алуына арналған болатын. Алайда мұнда 1675 бала тәрбиеленіп жатыр.

Облыста жалпы 448 мектеп бар. Ондағы балалардың саны — 114 036.  Былтыр қала мектептерінде 48 728 оқушы білім алса, биылғы оқу жылындағы балалардың саны — 49 818.

Яғни өткен оқу жылымен салыстырғанда қала мектептеріндегі оқушылардың саны 1090-ға көбейді. Бұл, шамамен алғанда, бір үлкен мектептің немесе екі шағын мектептің сыйымдылығы деген сөз. Ақтөбе қаласында биылғы оқу жылында біреу- екеу емес, 5 мектеп іске қосылды. Дегенмен мәселе шешілмей жатыр. Себебі, Ақтөбе қаласының аумағы жыл сайын жаңа құрылыстардың есебінен кеңейіп, тұрғындардың саны артып келеді, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

2012 жылдың еншісі — 10 мектеп, 3 балабақша

 

Үш ауысымда білім беретін мектептердің проблемасын шешудің жолы — жаңа мектептер салу. Бұл мақсаттағы жұмыстар туралы Гүлжан Құлыбекова былай дейді:

Облыста апатты жағдайдағы және үш ауысымда білім беретін мектептерді жою, сонымен қатар мектебі жоқ елді мекендерде мектеп салу мәселесі облыс әкімдігінің басты назарында тұр. Бұл проблемаларды шешу мақсатында нақты шаралар қабылдануда. Мысалы, қазір 17 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде, биыл 4 үш ауысымды мектептің проблемасы шешіледі. Мысалы, биыл Құршасайда 150 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл мақсатта жергілікті бюджет есебінен 50 миллион теңге бөлінеді. Құршасайдағы қазіргі мектеп 1942 жылы салынған. 160 балаға арналған мектепте қазір 254 бала білім алып жатыр. Оның ішінде алты бала  үшінші ауысымда оқиды. 

12-шағын ауданда жаңа тұрғын үйлер көп салынып жатыр. Сол себепті мұнда мектеп жасындағы балалар өте көп. Сондықтан  аталған шағын ауданда биыл 600 орындық жаңа мектеп бой көтереді.

Биыл Заречный4 ауылында республикалық бюджет есебінен  1000  орындық жаңа мектеп құрылысы басталады. Сонымен қатар алдағы уақытта «Нұр Ақтөбе» қалашығында 1200 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Осы жаңадан ашылатын 2 мектепті іске қосудың нәтижесінде  Қарғалыдағы үш ауысымда білім беретін №53 және Заречный ауылындағы №50 мектептердің проблемасын шешу мүмкіндігі бар. Кірпішті ауылындағы мектептің проблемасы да қараластырылуда.     

Осы оқу жылында Назарбаев зияткерлік мектебі іске қосылады. Конкурстық іріктеудің нәтижесінде, аталған білім шаңырағына 720 бала қабылданатын болады. Зияткерлік мектепте оқитын балалардың арасында №50, №51  мектептердің балалары да бар. Мұның өзі үш ауысымды мектептердегі бала санының азаюына аз да болса ықпал етеді.

Оқу жылының басында облыста  үш ауысымда білім беретін 6 мектеп болыпты. Өткен жылдың аяғында «Гүлдер» шағын ауданында 900 орындық №8 мектептің пайдалануға берілгені белгілі. Соның арқасында №52 мектепте үш ауысымды білім беру проблемасы шешілді. Бұл мектепте үш ауысымда 24 бала білім алған болатын.

Жаңа мектептер салынғанмен проблемасы толық шешілмеген де үш ауысымды мектеп  бар.

Былтыр Заречный-2 ауылында 150 орындық жаңа білім беру нысаны пайдалануға берілді.  Бұл мектепті ашқандағы басты мақсат сол ауылдың маңында тұратын балалардың өз ауылдарындағы мектепте білім алуына жағдай жасау және сол ауылға жақын ауылдардың балаларын қамту болатын. Сөйтіп, үш ауысымда білім беретін Заречный ауылындағы №50 орта мектептің проблемасын шешпекші болғанбыз. Дегенмен  бұл мектепті әлі үш ауысымды білім беруден шығара алмай отырмыз. Себебі, ата-аналардың көпшілігі балалары үйренген мектепте білім алғанын қалайды. Сонымен қатар №50 мектеп орналасқан аумақтағы мектеп жасындағы балалардың саны мектептің сыйымдылығынан артық болып отыр, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері Гүлжан Құлыбекқызы.

Оның айтуынша, біздің облыс білім беру ғимараттарын салу жөнінен республика бойынша екінші орында тұр. Былтыр  24 мектептің және 3 балабақшаның құрылысы жүргізілді. 2012 жылы 10 мектеп пен 3 балабақша пайдалануға берілді. 10 мектептің бесеуі — Ақтөбе қаласында бой көтерді. Жалпы, 1991 жылдан бері облыста 64 мектеп еңсе тіктепті.

 

Ауыл оқушылары азайып бара жатыр 

 

Мұның да себебі ішкі көші-қонға байланысты болып отыр. Облыстағы 448 мектептің — 365-і ауыл мектебі. Сол 365 мектепте оқитын балалардың саны — 51 497. Өткен оқу жылымен салыстырғанда 451 балаға азайып отыр. 2011-2012 оқу жылдарындағы жағдай бұдан да нашар болатын. 2008 балаға азайған еді, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Биылғы оқу жылында 7 мектеп қайта құрылыпты. Мысалы, Алға ауданындағы Құмсай негізгі мектебі Құмсай бастауыш мектебі болып мәртебесін өзгерткен. Ырғыз ауданына қарасты Қалалыкөл негізгі мектебі Қалалыкөл бастауыш мектебі болып құрылды. Қысқасы 7 мектептің алтауы бала санының аздығына байланысты мәртебесін өзгертіп, бастауыш мектеп атанды (Тек бір ғана мектеп — Ойыл ауданындағы Соркөл негізгі мектебі ғана орта мектеп мәртебесіне ие болды). Ел Үкіметінің 2007 жылғы желтоқсаннның 21-і күнгі Қаулысына сәйкес, негізгі мектепте бала саны 41-ден кем болмауы тиіс.

Ауылдарда бала санының аздығына байланысты бастауыш мектептердің өзін сақтап қалуы мүмкін болмай отыр екен. Талап бойынша ауылда 5 бала болса, онда бастауыш мектеп ашылады. Егер бала саны 5-ке жетпесе, тиісті ережеге сәйкес бұл мектеп жабылуы тиіс.

Бала санының аздығына байланысты 4 мектеп жабылды. Сонымен қатар тағы  1 мектеп (Хромтау ауданында Ақбұлақ  бастауыш мектебі) қауіпсіздік жағдайына байланысты жабылды. Жабылған мектептердің үшеуі (Көктөбе, Ақбұлақ бастауыш мектептері және Аралтөбе негізгі мектебі) — Хромтау ауданының мектептері болса, қалғаны — Әйтеке би мен Шалқар аудандарының мектептері, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

 

Уақытша қиындықтың үш себебі   

 

Жәния РОМАНОВА, №53 орта мектептің директоры:  

— №53 орта мектеп Қарағалы ауылында орналасқан. Біздің ауылда 2 үлкен мектеп бар. Бірі — қазақ мектебі, екіншісі осы №53 аралас мектеп. Біздің мектепте 1218 бала тәрбиеленіп жатыр. 46 сынып бар. Оның 20-сы — бастауыш сыныптар.

Бұған дейін біздің мектеп үш ауысымды болған жоқ. Проблема биылғы оқу жылында басталды. Биыл Заречный-4 ауылында 1000 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар алдағы уақытта «Нұр Ақтөбе» қалашығында 1200 орындық мектеп салынатын болады. Осы мектептер ашылса, мектебіміздің проблемасы шешіледі.

Біздің мектепте өзіміздің ауылдың балаларынан бөлек, Қызылжар, Ақжар, Заречный-2, Заречный-3, Заречный-4 ауылдарының, «Нұр-Ақтөбе» қалашығының және «Энергетик» пен «Солнечный» бау-бақша ұжымдарының балалары оқиды.

Биылғы оқу жылында Заречный-3 ауылында №46 мектеп пайдалануға берілді. Ол мектепке 13 оқушымыз ауысты.  Біз сол мектептің есебінен балалар азаятын болар деп ойлаған едік. Дегенмен оқу жылы басталып кеткен соң ата-аналар балаларын басқа мектепке ауыстырғысы келген жоқ.

Мектептің үш ауысымда білім беруінің үш себебі бар.

Біріншісі, ішкі көші-қонға байланысты. Себебі, жыл сайын ауыл үлкейіп келеді. Сондықтан жаңа оқу жылында бала саны біз жоспарлағаннан да күрт өсті. Екінші себеп — біздің мектеп орыс тілінде де білім беретін Қарғалыдағы жалғыз мектеп. Біздің ауылдың маңындағы, яғни қалаға жақын ауылдардағы мектептерде орыс сыныптарының қысқаруы, немесе орыс және өзге ұлт өкілдерінің біздің ауылға көбірек қоныс аударуы да осыған себеп болып отыр. Өйткені орыс сыныптарына келушілер көп. Үшінші себеп, 1-сынып оқушыларының күрт көбеюі. 1-сыныпта 3 орыс сыныбы болады деп жоспарлағанбыз. Дегенмен 4 орыс сыныбын ашуға тура келді. Жалпы біздің мектепте 1-сынып — жетеу. Оның үшеуі — қазақ сыныптары. 1-сыныптың біреуі — инклюзивті сынып. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар білім алады. Бұл сынып та да сабақ орыс тілінде (15 бала) өтеді.

Қыркүйек айында ата-аналарды жинап, бұдан былай мектеп үш ауысымда білім беретіндігін, мұның уақытша мәселе екенін түсіндірдік. Бірінші ауысымға сабақ таңертең 8.00-де басталады. Екінші ауысымда оқитын балалар түскі сағат 14.00-де келеді. Үшінші ауысымда оқитын балаларға сабақ сағат 11.00-де басталады. Үшінші ауысымда бастауыш сыныптардың оқушылары, нақтырақ айтқанда, 4-сыныптың балалары оқиды. 4-сыныпта 4 сынып (110 бала) бар. Бастауыш сыныпта 4 сабақтан артық сабақ болмайды.

Үш ауысымда білім беру оқу процесіне айтарлықтай кедергі келтіреді деп айта алмаймын. Бірақ үш ауысымда білім беру ыңғайлы деуге де негіз жоқ.

Мектептің 35 жылдық тарихы бар. Ескі мектеп болғанмен, күрделі жөндеуге қаржы бөлініп жатыр. Соның арқасында мектебіміздің материалдық жағдайы жақсы. 2011 жылы шатыры жаңартылды. Былтыр мектептің жылу жүйесіне толық жөндеу жүргізілді. 3-қабаттың едені толықтай жаңартылды. Мүмкіндігімізге қарай жиһаздарды да жаңартып жатырмыз. Болашақта мектептің терезелерін жаңартқымыз келеді.

«Көркейе бер, туған жер!» акциясының нәтижесінде біраз шаруа тындырылды. Мектептің әр жылдары бітірген түлектері 5 сыныпты парта, орындықпен қамтамасыз етті. Басқа да қажетті жабдықтарды сыйға тартты. 4 кабинеттің едені жаңартылды.

Мектепте маман жеткілікті. Оқу жылының басында мектебіміз үш ауысымда білім беретін болатындықтан, қалалық білім бөліміне 4 сыныпқа 4 мұғалім керектігін айтып сұраныс бердік. Үш ауысымды оқыту проблемасы шешілген соң да мамандар жұмыссыз қалмайды. Сыныптарымен бірге жаңадан ашылған мектептерге ауыстырылатын болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button