Спорт

Палуандардың табысы

Маусым айының 5-7-сі күндері Астана қаласында белбеу күресінен ересектер және әйелдер арасында ел чемпионаты өтті. Бұл жарыс ақтөбелік спортшылар үшін олжалы болды.

Мысалы, 60 келі салмақ дәрежесінде Бекзат Нұрекешов чемпион атанды. Ал Нұрлан Шортанбаев жүлделі екінші орынға қол жеткізген.

73 келі салмақ дәрежесінде Димаш Молдашов үшінші орынға ие болды.

Ал қыздар арасында Тұрсын Алдиярова және Гүлнар Амантаевалар жүлделі екінші орынға қол жеткізді.

Жалпы, біздің команданың жүлде қорында 1 алтын, үш күміс және бір қола медаль бар.

– Жарысқа барлығы он үш команда қатысты. Осыған қарап-ақ біздің нәтижені жоғары бағалауға болады.

Жарыстың жеңімпаздары әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болды. Ол Ташкент қаласында өтеді. Ал екінші орын алған спортшылар Азия чемпионатына қатысады. Ал Бекзат Нұрекешов Вьетнам астанасы Ханой қаласында өтетін Азия біріншілігіне де қатысатын болды.

Ересектер арасында қашаннан бәсеке жоғары болғандықтан, дайындық күшті болатыны анық, – дейді «Жастар» спорт мектебінің жаттықтырушысы және белбеу күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Сәндібек Ахетов.

Бапкердің айтуына қарағанда, қазір Астана және Павлодар қалалары командаларының тегеуріндері мықты екен. Араларында әлемдік додалардың жүлдегерлері бар бұл құрамалар әзірге қарсыластарына дес беретін емес.

Сонымен қатар дүние жүзінің 60 елінде мойындалған бұл спортқа ден қойып отырғандар жетерлік. Ал Африка елдері белбеу күресін дамытуға ерекше үлес қосып келеді.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button