Білім

Балдырған

Біздің алтын сарайымыз

Мен тұратын елді мекеннің аты — Жағабұлақ. Ауылымыздың тұрған жері — Орал тауларымен астасатын Мұғалжар тауының етегі. Ауылымыздың жанынан әйгілі Каспий теңізіне құятын Жем өзені ағып өтеді. Қар көп жауған жылдары өзен арнасына сыймай тасиды.

Ауылдың Жағабұлақ атануы өз алдына бір әңгіме. Ал менің бүгінгі айтпағым — сүйікті мектебім жайында болмақ.

Мен есімді білгелі оқыған бұрынғы мектебім бүгінгі мектебіме мүлде ұқсамайтын. Ол мектеп кірпіштен қаланған болатын, парталары мен тақталары да, мұғалімдердің үстелдері мен орындықтары да қарапайым еді, бір қабатты, шағын ғана бөлмелерде оқитынбыз. Кіп-кішкене дәлізде біз түрлі жарыстар мен жиындар өткізетінбіз. Бізге құпия сондай кіп-кішкене бөлмелерде ұстаздарымыз бас қосатын.

Мектепте спорт залы мүлде болған жоқ. Біз көктем және күз мезгілдерінде армансыз далада ойнап, ал қыс түссе, сыныпта отырып шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді үстел ойындарымен алданатын едік. Мереке сайын салтанатты шараларымыз, жәрмеңкелеріміз, тіпті Наурыз тойы да сыныпта өткізілетін. Сол кезде кішкентай болсам да, сәби жүрегім «әдемі, биік мектебім болса» деп армандайтын.

Бүгінгі күні өң мен түсімді айыра алмайтын ертегі әлеміне еніп кеткендеймін. Қазіргі мектебім — екі қабатты, көк шатырлы, әдемі дуалмен қоршалған хан сарайындай, ал мен сол сарайдың ханшайымына айналғандаймын. Кең, тап-таза бөлмелер, бірінші қабаттан екінші қабатқа баратын үлкен баспалдақ, кітапхана, акт залы, спорт залы, шеберхана, бәрі-бәрі де менің қиялымдағыдай. Заманауи құрал-жабдықтармен жабықталған әрбір сынып бөлмесі өзінше әдемі, оның ішінде өзім білім алып жатқан сыныбым, яғни «Өзін-өзі тану» кабинеті тым ерекшеленіп тұрады. Қабырғалар түрліше безендірілген, бәрі әдемі, бәрі жарасымды, тіпті білім беретін апайларымыздың өздері де сұлуланып кеткен сияқты.

Осындай жаңа мектебіміз тәуелсіздіктің бізге берген баға жетпес сыйлығы деп білемін. Өйткені Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт тірегі — білімді ұрпақ» деп атап көрсетті. Мен де өзге мектептестерім сияқты осы ордамның абыройын асқақтатуға,ұстаздар сенімін ақтауға бар күшімді саламын.

Рахмет саған, балалық шағымның, болашағымның бастауы болған, Мектеп-Ана!

Айкөркем САФАРҒАЛИ,

Жаңажол орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Сыр

Бақытқа барар жол қандай?

Біз қазірдің өзінде-ақ ақ пен қараны айыра алатын жасқа жеттік. Біз қазірдің өзінде-ақ өз бетімізбен шешім қабылдауға, өз мақсатымызға жету үшін алға ұмтылуға тырысамыз. Қазірдің өзінде-ақ біздер үлкен асудан көрінуге талпынып келеміз.

Өмір адамнан еңбекқорлықты, жақсы адам болуды талап етеді. Адам баласы өмір сүрген кезде бақытқа жеткісі келетіні анық. Көптеген адамдар бақытқа жетем деп тура жолдан тайып, оңбай қателесіп, бұған тағдырды кінәлап жатады. Бірақ бәрі керісінше ғой. Әр адам  тағдырдың жазғаны деп жүре бергенше, өз бетімен алға ұмтыла білуі қажет.

Ал мен үшін өмір өте қымбат. Адам баласының өмірі қамшының сабындай дейді ғой. Қазір мына өмір зымырап, тез өтіп жатыр. Мен осынау жарық дүниеге адам болып келгендіктен, адам болып қалғым келеді. Алдымнан шыққан түрлі қиыншылықтарға мойымай, «тек қана алға» деп, өз мақсатыма жетуге ұмтыламын. Менің адами қасиетім мен өмірімнің арасында тығыз байланыс бар деп түсінемін.

Жанымда жүрген жақсы адамдар, әрбір жетістігім, әрбір қуанышым мен үшін өмір сыйлаған үлкен сый болып есептелінеді. Сол сыйларды жоғалтпауға тырысамын. Мен үшін бәрінен де үлкен сый — менің адам болып жаралғаным. Енді мен бойыма жақсы қасиеттерді сіңіріп, білімді болып, адам болып қалуға ұмтыламын. Алдымдағы асулардан асып, қойған мақсаттарыма жету — менің басты мұратым. Және де жанымдағы әрбір адамды қуантып, бақытты ету  мен үшін парыз деп білемін.

Мен осылайша бақытқа қол жеткізгім келеді. Бақытқа өз еңбегіммен, өз жақсылығыммен қол жеткізіп, өмірімді осылайша нұрландырғым келеді.

Гүлсезім БАЙШОЛАҚОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

Тәуелсіздік

Қалықтайды көк аспанда қыраным,

Естіледі тұғырымнан жыр-әнім.

Тәуелсіздік арнасына қосылған,

Туған елім, мен де мөлдір бұлағың.

Нұржан ЕСЕНБАЕВ,

№32 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Бірлігіміз жарасқан

Тыныш болсын еліміз,

Тыныш болсын жеріміз.

Ағайындар, туыстар,

Достасайық, келіңіз!

Сәулесі мен шаттығын

Төксін бізге күн нұры.

Қазақстан халқының

Арта берсін бірлігі!

Нұрсезім ЖАНАРЫСТАНОВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Қыс

Ақ қолғаппен құшақтап,

Келіп қалды қыс аппақ.

Қала аппақ, дала аппақ,

Айналаның бәрі аппақ.

Аян ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.

В.И.Пацаев атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Алға қаласы.

Ана

Бар ізгілік бір өзіңнен өріпті,

Аналардың жүзі нұрлы, көрікті.

Ақ ниеті барлық жерге сыйымды,

Табыстырар қиыспайтын қиырды.

Аналардан қымбат кім бар өмірде,

Жүректердің сақтаймыз ең төрінде.

Айнұр ЕРТАЕВА,

Қарашоқат орта мектебінің оқушысы.

Шалқар ауданы.

Менің Ақтөбем

Жыр арнаймын қалама,

Сән берген ол далама.

Мақтан етіп қаламды

Дастан жазсам бола ма?!

Света БАЗАРБАЕВА,

№52 негізгі мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Сөзжұмбақ

Менің елім

Қырғыз

Алма

Зебра

Ана

Қар

Сан

Түн

Ақсақал

Нар

1. Ұлт. 2. Жеміс. 3. Теңбіл ат. 4. Ардақты жан. 5.  Қыстың сәні. 6. Цифр. 7. Тәулік мезгілі. 8. Қарт. 9. Бір өркешті түйе.

Құрастырған Дариға НЫСАНҚҰЛ,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

ГАЗЕТІМІЗДІҢ  №162-163 САНЫНДАҒЫ  (21. 12.2012) СӨЗЖҰМБАҚТЫҢ ЖАУАБЫ

1. Қауын. 2. Арман. 3.Озат. 4. Астана. 5. Құлып. 6. Су. 7. Тоқтар. 8. Тал. 9. Намыс.

Мен салған сурет

Тоңып қалма, қар адам!

Суретті салған Мирлан АЛДАБЕРГЕНОВ,

Талдысай орта мектебінің оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button