Спорт

…Әдемі болғың келсе – жүгір!

Өткен жұмада Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің спорт алаңында медицина қызметкерлері «Егер мықты, ақылды, әдемі болғың келсе – жүгір!» деген ұранмен спартакиада ұйымдастырды. Әрине, бұл алда келе жатқан медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне арналды.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру Ұлттық орталығының бастамасымен жыл сайын дәстүрлі түрде облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы өзара жаппай жүгіру шарасын өткізіп жүр. Биыл спартакиадаға қаладағы емдеу-алдын алу ұйымдарының медицина қызметкерлері, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының төрешілер ұжымы қатысты.

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Райхан Ыбраева: «Жүгіруге қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінен барлығы 300-дей медицина қызметкері қатысуда. Қаладағы мекемелерден жиналған желаяқтар бірнеше топқа бөлініп, сынға түсіп жатыр», – дейді.

І орынды (20-29 жас) «Чайка» санаторийінің қызметкерлері Диас Елеусінов және Нұрбану Батырова желаяқтығын танытып, жеңімпаз атанды.

30-39 жастағылар арасында ерлер арасында «Чайка» санаторийінің қызметкері Қ.Қанибаев, әйелдер арасында Қарғалы ауруханасының дәрігері Т.Бетерман мықтылық көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды.

40-49 жас аралығында І орынға ерлер арасында облыстық наркологиялық диспансердің қызметкері С.Жарылмағамбетов, әйелдер арасында «Чайка» санаторийінің қызметкері М.Орынбаева ие болды.

Ал 50 және одан жоғары жас арасында «Чайка» санаторийінің дәрігері В.Когай, әйелдер арасында №2 кеңес беру-диагностикалық емхананың дәрігері Н.Тағашева чемпион болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықпен және мақтау қағаздарымен марапатталды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button