Басты бет » Әлеумет » Кінәлі кім?

Кінәлі кім?

Алға ауданы Қарақұдық ауылының әкімі Талғат Сұлтановтың үстінен құзырлы органдарға арыз түсті. Арыз иесі – клуб меңгерушісі Күнсұлу Асқарова. «Ауыл басшысы қызметіне лайық жұмыс жасап жатқан жоқ. Әкімнің кесірінен біраз адам жұмыстан шықты». Арыз мазмұны осындай. Осыған байланысты біз жақында Алға ауданына қарасты Қарақұдық ауылына барған едік. Сонымен…

Сұлтанов Елбасы тапсырмасын орындамайды?!

Күнсұлу Асқарова:

–  Жиынға қатысып отырған адамдардың бәрі, расын айтқанда, әкімнің өз адамдары. Әрине, олар әкімнің сөзін сөйлейді. Бұған қазір жиын барысында көз жеткізетін боламыз. Егер осында ауылдың барлық адамдарын шақырса, біржақты пікір болмайтын еді. Шын мәнінде Талғат Сұлтановтың кім екені, қандай адам, қандай басшы екендігі айтылар еді.

Әкімнің әйелі – мектеп директорының орынбасары. Ол былтыр наурыздың 1-і күні мас болып кешкілік мектепке барды. Сол кезде би кеші болып жатқан. Бірде жиында жастар мәселесі туралы сөз болды. «Жастар бұзақы, тәрбиесіз» деген мазмұндағы әңгіме айтылды. Сонда мен әкімге: «Баланы ата-анамен қатар мұғалім де тәрбиелейді. Оқушы білім алған ортасына қарап көп нәрсені үйренеді. Ал сол мектептегі балаларға үлгі-өнеге көрсететін адамдардың бірі мектеп директорының орынбасарының өзі арақ ішіп, мас күйінде мектептегі би кешіне барса, оқушыларға тәрбие жөнінде әңгіме айтудың өзі қиын болар», – дегенмін. Әкіммен арадағы келіспеушілік осыдан басталды. Осыдан кейін әкім клубқа көмектеспейтін болды.

Осы жұмысқа, яғни клуб меңгерушілігіне 2005 жылы мені Талғат Сұлтановтың өзі шақырған болатын. Мен клубта оған дейін екі жылға жуық (2000 жылға дейін) жұмыс істегенмін. Содан денсаулығыма байланысты жұмыстан кетуіме тура келді. 2005 жылға дейін клуб жабық тұрды. Содан кейін әкім клуб жұмысын қайтадан жалғастыруымды өтінді. 2008 жылдың наурызына дейін әкімнің клубқа, маған деген ниеті түзу болатын. Ауданда, облыста өтетін шараларға үнемі көмектесіп, көлік тасымалын ұйымдастыратын. Әйелі туралы айтқанымнан кейін менімен өштесіп алды. Жұмыс жасауға мүмкіндік бермейді. Мені жұмыстан шығару үшін де біраз әуреге түсті. Шамалы уақыт жұмыссыз қалдым. Аудан әкімінің есебі кезінде шу шығып  кетпеуі үшін орнымда әрең қалдым.

Сәуір айының  28-і күні мен балаларды алып, аудандық «Жас дәурен» конкурсына баруым керек-тін. Көлік қажеттігін айтып, ауыл әкіміне өтініш жасадым. Ол кісі: «Көлікпен қамтамасыз ету менің шаруам емес. Көшеден ит ұстап мінесің бе, не істесең де, өзің біл», – деді. Мен амалсыздан Ақтөбеден інімді шақырып, соның көлігімен жетуге мәжбүр болдым. Білуімше, басқа ауылдардың әкімдері аудандық шараларға балаларды апару үшін көлік тасымалын ұйымдастырады. Мысалы, Маржанбұлақ ауылының әкімі әр кез сайыстарға қатысатын оқушылар үшін барлық жағдайды жасайды. Балалардың қарны ашып қалмасын деп  ақша да береді екен. Кешегі өткен «Жас дәурен» конкурсында Алғадан балаларды әкімнің өзі қарсы алды. Неге Сұлтанов солай істемейді?

Елбасы Жолдауында: «Жергілікті биліктің шешуі бойынша жолдарды, клубтарды немесе басқа нысандарды абаттандыру мен көгалдан­дыру, жөндеу керек», – деген болатын.  Ал Сұлтанов біраздан бері сенбіліктерде клуб маңын жинатуға тыйым салды. Айтатын уәжі: «Клуб меңгерушісі бар, өзі жинасын». Сонда Елбасы тапсырмасына қайтарған жауабы осы ма?

Айта кететін, жайт, Талғат Сұлтановтың мәселесі бір рет Тәртіптік кеңесте қаралды. Бірақ ескертуден ешқандай қорытынды шығарған жоқ.

Қорыта айтқанда, ауылдың қазіргі жағдайы қиын. Тыныш жұмыс істеуге ешқандай мүмкіндік жоқ. Жеке шаруа қожалықтарының иелері де іштен тынуда. Әкімнің кесірінен біраз адам басқа жақтарда жұмыс жасап жатыр. Олардың қатарында ауыл округінің маманы, ауыл дәрігері бар. Әкімнің көлік жүргізушісі де жиі ауысады. Түсінбейтінім, Талғат Сұлтанов қашанға дейін қарапайым халыққа күш көрсетеді? Бұған бір тоқтау болуы тиіс қой.

Тұрғындар:

«Біздің әкім тамаша!»

Гүлжиһан Аманжолова, мұғалім:

– Жұмыс барысында түсініспеушілік болады. Бірақ оны жарияға жар салудың қажеті жоқ сияқты.

Әкімнің жақсы істері көп. Бір мысал келтірейін. Менің балам мүгедек. Бірақ мен мүгедектерге берілетін жәрдемақы бар екенін білген жоқпын. Соны маған айтқан – осы ауылдың әкімі.

Күнсұлудың: «Әкім балаларды Алғаға апаруға көлік бермеді», – дегені дұрыс емес. Клуб меңгерушісі ауыл басшысына міндетсімей, өз шаруасын атқарғаны жөн. Мысалы, біз оқушыларды аудандық олимпиадаға апару үшін директордан машина тауып беруін талап етпейміз. Ауданда өтіп  жатқан семинарларға мұғалімдер өздері ақша жинап, көлік тауып барып қайтады. Яғни біз өзіміз үшін өзіміз әрекет жасаймыз. Директорға міндетсімейміз.

Оңайғали Бимурзин, ауыл тұрғыны:

– Ауылда түрлі ұлттардың өкілдері (өзбек, тәжік, орыс, татар, шешен, тағы басқа) тұрады. Расын айтқанда, қазақтардан басқа ұлт өкілдері басымырақ. Сонда айналдырған аз қазақ бір-бірімен араздасып жатыр. Бұл – елдігімізге сын. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын, жаманның жамандығын айт құты қашсын» деген бар. Өз басым Талғаттың жамандығын көргенім жоқ. Ілтипатты, ізетті адам.

Менің ойымша, Күнсұлу Асқарованы Талғатқа қарсы қойып жүрген біреулер бар. Әйтпесе ол соншалықты  әкімге шүйлікпес еді.

Айгүл, дәрігер:

– Осы ауылда жұмыс істегеніме алты ай болды. Содан бері ауыл басшысының оғаш әрекетін көрген жоқпын. Әр кез ауылдағы медицина қызметкерлеріне қолдау білдіріп отырады. Ұйымдастырушылық қабілеті де жақсы. «Жақсының соңынан сөз ереді» деген бар. Сұлтанов туралы жөнсіз әңгімелердің айтылуы содан.

Элеонора Кенесарықызы, мұғалім:

– Мен әкімнің кесірінен жұмыстан кетті деген дәрігердің қызымын. Бірақ әкемді әкім қуып жіберген жоқ. Жұмыстан өз еркімен шықты. Себебі дәрігерлік пункт өте салқын. Сондықтан денсаулығына байланысты жұмыстан кетуге мәжбүр болды.

Меніңше, Күнсұлу Асқарованың арызы негізсіз. Өз басым ауыл әкімінің жұмысына ризамын. Біздің әкім – тамаша адам.

Клуб пен клуб меңгерушісі

Бекжан Аппазов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы:

– Бұдан 10 жыл бұрын ауданда бір ғана клуб пен кітапхана болған еді. Оның өзі аудан орталығы Алғада болды. Қажыгелдиннің тұсында балабақша, кітапхана, клуб атаулының бәрі жабылды. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» демекші, сол кездері жаппай жабылып қалған мәдениет орталықтары енді-енді ашылып жатыр. Әрине, біраз жылғы үзілістен соң олардың  бірден қалыпқа келіп, жұмыстың бір ізге түсіп кетуі оңай шаруа емес. Маржанбұлақ пен Тоқпансайдағы клубтарды сатып алдық. Қазір Сарықобда ауылындағы клубты мемлекетке қайтару үшін жұмыс істеп жатырмыз. Аудан бойынша осы Қарақұдық ауылының клубы жеке адамның иелігінде. Бірақ оны да қайтару үшін қамданып жатырмыз.

Қазір аудандағы клубтарда, кітапханаларда бір-бір адамнан жұмыс жасайды. Клубтарға қаржы аудандық бюджеттен бөлінеді.

Әлгінде Күнсұлу: «Әкім мені жұмыстан қысқартты», – деді. Шын мәнінде олай емес. Клуб жеке меншік болған соң жұмыстан босатылды. Расын айтқанда, бюджеттің ақшасынан бұл клубқа қаржы бөле алмаймыз. Себебі, Қарақұдықтағы клуб жеке қолда. Бірақ былтыр Талғат: «Ауылдағы клубты жаппағандарыңыз жөн болар еді. Себебі клуб жекенің меншігінде дегенді халық түсінбейді. Ауыл тұрғындары «Басқа ауылдарда клуб бар. Неге бізде жоқ?» деген әңгіме айтады», – деген соң, біз оның пікірімен келістік. Ал Күнсұлу бізді босқа кінәлап отыр. «Аудан әкімінің есебінде шу шығып кетпеу үшін орнымда әрең қалдым», – деп. Күнсұлу өз жұмысын білгені жөн. Клуб меңгерушісі қызметіне оның мамандығы сәйкес келмейді. Қажет болса, сол үшін де оны қысқартып жіберуіме болады. Расын айтқанда, Күнсұлудың істеген жұмысын мектептің мұғалімі де жасайды.

Меніңше, Күнсұлудың арызы – әншейін бос сөз. Әкімнің көлігі бір күн жүрсе,  екінші күні істен шығады.  Талғаттың  көлік жүргізушісі де жоқ. Сондықтан әркім басшыға міндетсімей жұмыс істегендері дұрыс.

Ауыл әкімі:

Күнсұлудың арызы негізсіз

Талғат Сұлтанов, Қарақұдық ауылының әкімі:

– Ауылда 203 түтін бар. Шүкір, тұрғындардың жағдайы жақсы. Мен ешкімді жұмыстан қуған жоқпын. Арызда көрсетілгендердің бәрі негізсіз. Дәрігер жалақысы аз болғандықтан кетті. Балалары – студент. Банктен алған несиесі бар. Ал оның бәріне жалақы аздық етеді. Сондықтан табысы мол жұмысқа ауысты.

Егер мен оның орнына туыстарымды алатын болсам, дәрігер апаларымның бірін алмаймын ба? Расында, мен туысымды немесе танысымды алғым келсе, Шалқардан дәрігер алмас едік. Қазір жұмыс жасап жатқан аға дәрігер Шалқар ауданынан келді. Оған тұрғын үй бердік. Ал маған жүргізушілердің тұрақтамауы  менің мінезімнен емес. Көлік жүргізушісінің жалақысы аз. Жиі алмасатыны содан. Сондықтан Күнсұлу Асқарованың арызы негізсіз.

«Бірлік бар жерде тірлік бар»

Нұрхан Ағниязов, Алға ауданы әкімінің орынбасары:

– Мен Алға ауданы халқының 90 пайызын білемін. Әр ауылдың жағдайы да жақсы таныс. Қарақұдық ауылында бірнеше ұлттың өкілдері тұрады.  Бұл ауылдағы моральдық-психологиялық жағдай барлық уақытта тәуір болды.

Ал мына мәселенің соншалықты ұзағанына түсінбеймін. Былтыр Күнсұлудың арызы  бойынша Тәртіптік кеңестің өкілі келді. Қаржы полициясы да тексерді. Заңға қайшы әрекет жоқ деген қорытынды жасады. Күнсұлуға Талғат Сұлтанов басшы болғандықтан, мүмкін, қатты сөз айтқан болар. Бірақ ол үшін оны жазғыруға болмас.

Елбасы Жолдауында: «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Сіздер өздеріңіз бас болып өзге отандас ағайындарға ұйытқы болыңыздар. Әрдайым кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлылық пен іскерлік көрсетіңіздер. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген аталы сөзді бәріңіз білетін шығарсыздар.
Олай болса, енді ұсақ-түйекті, берекесіз тірлікті доғарған жөн. Ел үшін, ұрпақ үшін «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығаратын кез келді, ағайын», – деген болатын. Сондықтан, болмашыға бола араздаспай, өзара келісімге келгендеріңіз дұрыс.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрхан Ағниязов, аудандық мәдениет  және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Бекжан Аппазов, Алға аудандық аппараты қызмет көрсету саласының бастығы Әнуарбек Қонжар қатысқан жиында айтылған әңгіме – осы. Жиналыста сөз алған тұрғындардың бәрі әкімге шаң жуытқан жоқ. Әкім де өзінің кінәсіз екендігін, ешкімге қиянат жасамағандығын  айтады. Күнсұлу Асқарова да дегенінен қайтпай отыр.

Қысқасы, бұл жиында екі жақ  түсінісе алмады.

Мәселенің анық-қанығын құзырлы органдар анықтайды деген ойдамыз.