Мәдениет

«Халықтық» әшейін беріле салатын атақ емес

Ертең Ақтөбеде ІІІ халықаралық «Әлия гүлі» достарын шақырады» балалар шығармашылығы фестивалі басталады.

Осы өнер мерекесі қарсаңында біз «Әлия гүлі» халықтық қазақ биі ансамблінің көркемдік жетекшісі және балетмейстері Шолпан Айнабекованы әңгімеге тартқан едік.

– Шолпан, өзіңіз басқарып отырған өнер ұжымының тарихына тоқтала кетсеңіз. Бүгінде Қазақстан ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне танылған «Әлия гүлінің» құрылғанына 30 жыл толып отыр емес пе?

– Ансамбль 1979 жылы Ақтөбе қалалық Мәдениет үйі жанынан құрылған. Ансамбльге талантты студент, жұмысшы жастар іріктеліп алынған. Қазақ ән-би ансамблін құру жолында Қайырғали Қожанбаев, Медеу Баубеков, Дихан Жәлекеновтер үлкен еңбек сіңіріпті.  Сол еңбектері текке кетпеген: үш жылдан кейін «Әлия гүліне» «халықтық ансамбль» атағы берілген. Бұл зор құрмет еді. Ансамбль ел ішін аралап, облыс, республика көлемінде үлкен мәдени-көпшілік шараларға шақырылған, шетелдерге де шыққан. Мысалы, бұл ұжым Германияда, Египетте, Сауд Арабиясында өнер көрсетті. Түйінін айтар болсам, Ақтөбе жерінің бір үлкен мақтанышына айналған. Бірақ тоқсаныншы жылдары қаржы тапшылығына байланысты ансамбль тараған. Тек қағаз бетінде аты ғана бар, ал іс жүзінде «Әлия гүлі» жоқ…

– 1998 жылы «Әлия гүлінің» қайта өмірге келуі өнерсүйер қауым үшін үлкен қуаныш болғаны есімізде…

– Ол кезде мен филармонияда, облыстық драма театрында еңбек етіп, жеке шығармашылығыммен жүргенмін. Өнерге ерекше жақын, әсіресе, ұлттық өнерге жанашыр адамдар бар ғой. Сондай жандардың бірі Ақзипа Төремұратқызының тілегі бойынша облыс орталығындағы №32 мектеп-гимназияда «Айналайын» би тобын құрдым. Оқушыларымыз тез-ақ жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Ал Ақзипа Төремұратқызы: «Біздің қаламызда неге қазақ би ұжымы жоқ? Өз биімізді, төл өнерімізді алға апару үшін неге үлкен қадамдар жасалмайды?» – деп сол мәселені көтеріп, тіпті, басшыларға да барды. Бір күні мені қалалық мәдениет бөлімі шақырды. Ол кезде бөлім бастығы Мұрат Мырзатаев еді. «Сахнадан қазақ биі жоғалмауы тиіс. Осы істі қолыңа алсаң…», – деп ұсыныс айтты. Келістім. Әрине, жаңа ұжым құрамыз десек те, ешкім қарсы болмас еді. Бірақ «Әлия гүлін» қайта жаңғыртуды жөн көрдік. Әлия – киелі есім. Құндылықтар алмасып, жұрттың жаны жүдеу жүрген алмағайып тұста Әлияның есімі көңілдерге сүйеу, демеу болады деп шештік.

– Екінші жағынан, Әлия – құтты есім: әрдайым сәттілікке жетелеп тұрады ғой?

– «Әлия гүлі» қайта өмірге келгеннен кейін, келесі жылы-ақ Алматыдан арнайы комиссия шақырып, «халықтық» атағын қайтарып алдық. Бұл әшейін беріле салатын атақ емес. Оны әр үш жыл сайын қайта қорғап отырасың. Яғни кәсіби шеберлігіңді шыңдап, репертуарыңды жаңартып, әрдайым ізденіс үстінде жүруге тиіссің. Ол жылы «халықтық» атағын қайтарып алумен бірге жас бишілеріміз «Айналайын – 1999» облыстық фестивалінде бас жүлдені иемденді. Ал келесі жылдан бастап аймақтық, республикалық, халықаралық фестивальдарға қатыстық. Өз еліміздің, көршілес Ресейдің көптеген қалаларында, Украинада, Түркияда, Польшада, Болгарияда, Венгрияда, Эстонияда болдық. Он жыл ішінде отыз шақты халықаралық деңгейдегі жарыстарға, фестивальдарға қатысып, талай жерде жүлдегер атаныппыз. Расымды айтсам, әр жолы қатты толқимын. Әр сапар біз үшін – үлкен жауапкершілік. Өйткені Әлияның есімін иемденгеннен кейін биіктен көріну, батыр апамыздың рухын риза ету – бізге парыз.

– Ал «Жүрек жылуы» қайырымдылық концерттері жөнінде не айтасыз?

– Қайырымдылық концерттерді 2002 жылдан бастап беріп келеміз. Сол жылы 27 қазанда өткен алғашқы концертімізді «Құралай» мүгедектер ансамбліне арнадық. Ақтөбеде, Алға қаласында жыл сайын бірнеше қайырымдылық концерттер береміз. Түскен қаржыны балалар үйлеріне, мүгедектердің өнер ұжымдарына көмек ретінде ұсынамыз. Мысалы,  «Клоунада» мүгедектер ансамбліне, есту қабілеті нашар балалар мектеп-интернатының ансамбліне, «Шағала» саяжайы жанынан құрылған би ансамбліне, басқа да осындай ұжымдарға көмек ретінде концерттер ұйымдастырдық. Ал Алға балалар үйінің жас өнерпаздарын тікелей қамқорлыққа алдық. 2006 жылы Алға балалар үйінің «Қызғалдақтар» қазақ биі ансамблі «Әлия гүлінің» филиалы болып қабылданды.

– Репертуар мәселесіне келсек…

– Бүгінде «Әлия гүлінің» репертуарында қырықтан астам би бар. Әрине, орта және кіші топтардан гөрі, студенттер мен 15-16 жастағы жеткіншектерден құралған ересек топтағылардың репертуары бай болады.

– Әрине, әр жаңа бидің өз қызығы мен қиындығы болмақ…

– Шығармашылық адамы болған соң, әрдайым ізденіс керек. Ой-қиялыңнан туған жаңа биді жарқ еткізіп сахнаға алып шығу оңай бола бермейді. Көбіне музыка жағынан қиналамыз. Бізде биге арналған музыка жазатын сазгерлер жоқ. Ал лайықты музыка тапсаң, оны өңдету керек. Әр жаңа биге жаңа костюм және керек. Бұл дегеніңіз – үлкен ақша. Әрине, қалалық әкімдік, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бізге барынша қолдау көрсетеді. Дегенмен бюджеттің қаржысы бәріне бірдей жете бермейді. Демеушілер іздеуге тура келеді. Қайткенде де жыл сайын репертуарымызды 3-4 жаңа бимен толықтырып отыруға тырысамыз. Биыл «Әлия гүлінің» 30 жылдық мерейтойына орай үлкен концерт береміз. Бұл концертке отыз би әзірлеп жатырмыз.

– «Әлия гүлі» достарын шақырады» фестиваліне оралсақ…

– Алғаш рет фестиваль 2005 жылдың маусым айында өткізілді. Құрылтайшылары – Ақтөбе қалалық әкімдігі мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, ал ұйымдастырушылары – Ақтөбе қалалық Мәдениет үйі мен «Әлия гүлі» ансамблі. Бұл өнер мерекесі әр екі жыл сайын өткізіліп тұрады. Бірінші фестиваль Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 85 жыл толуына арналды. Ресейден, Украинадан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-ден астам  бала Ақтөбеде бас қосқан үлкен өнер мерекесі болған еді. Қазандық «Шарм» вокалды ансамблінің Назаровтың «Ақтөбем» әнін әзірлеп әкеліп қуантқаны естеріңізде болар? Ал сарапшылар кеңесіне ресейлік профессор Павел Громов жетекшілік еткен болатын. Екінші фестивальды облысымыздың 75 жылдығына арнаған едік. Енді үшінші фестиваль Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына арналмақ. Біз 300-дің айналасында қонақ күтіп отырмыз: өз отандастарымыз бар, сондай-ақ Ресейден, Украинадан бірнеше өнер ұжымдары келеді. Қатысушылар алдымен Әлияның туған жеріне – Әлия ауылындағы мұражайға барып қайтады. Ал фестиваль соңында қайырымдылық концерт беріледі.

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button