Әлеумет

Халық санағы

ДАМУЫМЫЗҒА ҚАЖЕТТІ  МӘЛІМЕТТЕР

Әуелі ауданда санақ жүргізудің бекітілген ұйымдастырушылық жоспарлары негізінде жұмысқа тартылатын санақ кадрларына – есепшілерге, нұсқаушы бақылаушыларға және санақ бөлімдерінің меңгерушілеріне деген қажеттілік анықталды. Жалпы, аудан бойынша санаққа тартылған қызметкерлер саны 100-ден асады. Соның ішінде 79 есепші, 20 нұсқаушы-бақылаушы, 3 санақ бөлімінің меңгерушісі, санақ бойынша 1 уәкілетті тұлға қызметтеріне кірісіп кетті.

Санақ жүргізетін қызметкерлер орта мектеп оқушылары мен мемлекеттік және басқа да мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлерінен іріктеліп жасақталды. Оларға облыстық статистика департаменті бастығының қолы қойылып, мөр басылған куәлік беріледі. Аталған куәлікпен бірге санаққа тартылған қызметкер жеке басын куәландыратын төлқұжатын алып жүруге міндетті.

Іріктеу кезінде санақ кадрларына талаптар қойылды. Атап айтар болсақ, санақ қызметкерлері сауатты, тіл табысқыш, кішіпейіл, әдепті, шыдамды, жазба нұсқауларды жіті ұстанатын, өзінің ойын объективті түрде жеткізе алатын, сонымен қатар жұмыс тобында жағымды атмосфера қалыптастыра алатын болуы керек. Мысалы, белгілі бір елді мекенде тұрғындардың табыс көзі, тұрмыс деңгейі қандай? Коммуналдық қызмет түрлерімен қамтылған ба? Ауруханада, балабақша мен мектептерде орын жеткілікті ме? Осы секілді сауалдарға жауап алынып, алдағы шаралар жоспарлы дайындалады. Алынған мәліметтер Үкімет назарына ұсынылады әрі еліміздің алдағы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетін бірден-бір фактор болып табылады. Сондықтан әр адам бұл іске аса жоғары жауапкершілікпен қарауы керек.

Бүгінде ауданда халық саны 5 мыңнан жоғары ірі елді мекендердің картографиялық материалдары дайын. Өткен жылдың 5 қазаны мен 5 қарашасы аралығында барлық тұрғын үйлер, саяжайлар, басқа да мекен-жайларды тіркеушілер аралады. Сол жұмыстардың қорытындысы негізінде елді мекендер мен үйлердің нақты тізімдері жасалды. Ал қарашаның екінші онкүндігінде аудандық статистика бөлімінде санақты өткізу жоспарлары әзірленіп, бекітілді. Әзірлік басталғаннан бері аудандық ықпал жасау комиссиясының төрт отырысы өтті. Селолық әкімдер мен мекеме қызметкерлері санақ жөнінде дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Насихаттау шаралары көшеде, қоғамдық көліктерде, ұжымдар мен мекемелерде жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар тұрғындармен тікелей жұмыс жасайтын есепшілер санақты сұраққа жауап түрінде жүргізеді және ешқандай құжаттар талап етілмейді. Сұраққа жауап қорытындылары еш жерде жарияланбайды және құпиялылығы толық сақталады. Санақшылардың қауіпсіздігін полиция қызметкерлері қамтамасыз етеді. Санаққа қатысты қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда аудан бойынша барлық селолық округтер телефон желілерімен қамтамасыз етілуіне орай анықтама ала аласыздар. Аудан орталығының тұрғындары үшін санақ бөлімінде 23-6-56, 22-4-74 телефондары жұмыс жасап тұр.

Ж. АМАНЖОЛОВ,

аудандық статистика бөлімінің

санақ жөніндегі өкілі,

Байғанин ауданы.

САПАЛЫ САУАЛНАМАЛАР

Санаққа аудан тұрғындарының  әзірлігі қандай? Үгіт-насихат жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Біз ұлттық санаққа дайындық туралы нақтырақ білмек ниетпен аудандық   статистика бөлімінің  бастығы Темірбек Жұмашевты сөзге тартқан едік.

– Әйтеке би ауданындағы 15  селолық округте 32  елді мекен бар.

Өткен жылы қазанның 5-і мен қарашаның 5-і аралығында барлық тұрғын үйлерді тіркеушілер аралады. Алдын ала есеп бойынша, ауданда шамамен 25 мыңнан астам адам бар. Әрине, нақты саны  алдағы санақта анықталады.

Қазір ауданда 3 санақ бөлімі құрылып, бөлім меңгерушілері тағайындалды. Бөлімдерге арнайы жұмыс  бөлмелері беріліп, телефон жүйесі орнатылып,  стендтер мен картографиялық материалдар ілінді.

Жалпы, аудан бойынша санақ жүргізуге қатысатын адамдардың саны -116. Онда 3 санақ  бөлімінің меңгерушісі, 22 нұсқаушы-бақылаушы және 90 есепші бар.

Санақ кадрларын іріктеу кезінде  мамандарға мынадай талаптар қойылды: адамдармен тіл табыса алуы қажет, қолға алған ісін тиянақты, мұқият орындауы керек. Сондай-ақ, құжаттарды сауатты толтыруы мен ұйымдастырушылық қабілеті де ескерілді.

Биылғы санақтың ерекшелігі, отбасындағы әрбір адамға 45 сұрақтан тұратын сауалнама  ұсынылады. Әзірлік басталғаннан бері аудандық комиссияның 5 отырысы болып өтті. Селолық округтердегі санақ бөлімшелері  орналасқан бөлмелер телефон, т.б. жабдықтармен  қамтамасыз етілген. Барлық селолық оругтерде, соның ішінде Комсомол, Қарабұтақ селоларында көшелердің толықтай жарықтандырылуын, сондай-ақ санақ қызметкерлерінің  қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаңғыбас иттерді атуды ұйымдастыру жөнінде жұмыстар жүргізілді. Санақ қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында  құқық қорғау органдарымен де шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар селолық округ әкімдеріне округтерде орналасқан  санақ учаскелерінің толық жұмыс істеуін қадағалау және санақ жүргізу кезінде көлікпен қамтамасыз ету міндеттелді.

Қазақстан Республикасы Статистика агентігі мен Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктерінің бірлескен  бұйрықтарына сәйкес, бұларға қарасты мекемелерде санақ өз қызметкерлерінің күшімен жүргізіледі. Ал бізге сол қызметкерді оқытып, құжаттармен қамтамасыз  ету міндеті жүктелген. Санақ жұмыстарын  жүргізуге 1 автокөлік, 3 компьютер алынса, аудандық әкімдік тарапынан өткен жылдан бастап қосымша санақ жұмысына  пайдалануға 1 компьютер берілді. Ақпан айының 2-сінен бастап  нұсқаушылар жұмысқа кірісті. Барлық құрал-жабдықтар толықтай әкелінді.

Санаққа қатысты қандай да бір сұрақтар болған жағдайда аудан тұрғындары сол жердің санақ бөлімдеріне  хабарласа алады.

Комсомол селосы тұрғындары үшін телефон: 21-2-72, 21-7-42.

Қарабұтақ селосы тұрғындары үшін телефон:          25-5-63.

Г.СМАЙЛҚЫЗЫ,

Әйтеке би ауданы.

СҮЗГІДЕН СОҢ

Ақпанның 25-і мен наурыздың 6-сы аралығында өтетін еліміздің ұлттық санағы – өте маңызды саяси науқан. Санақтың мақсаты – демографиялық және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді анықтау. Сондай-ақ, еңбекке жарамдылардың санын, олардың кәсіби дайындықтарын, білім деңгейін анықтау. Санақ кезінде алынған ақпараттардың сапасы ең алдымен тұрғындардың жауаптарына байланысты. Қазір ауданда ұлттық санаққа әзірлік қызу жүргізіліп жатыр. Үгіт-насихат жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

Жақында облыстық статистика департаментінде Алға ауданы бойынша санақ өткізуді ұйымдастыру жоспары сүзгіден өтті. Ауданға қарасты елді мекендердің сызба-жоспарлары мен Алға қаласының картографиялық материалдарының негізінде ауданның аумағы 4 санақ бөліміне 33 нұсқаушы, 131 есеп учаскесіне бөлінді. Осыған байланысты санақ жұмысын бірқалыпты ұйымдастыру үшін кадрлар іріктелді. Мамандардың жалпы саны 170-ке жуық. Олардың арасында есепшілер, нұсқаушы-бақылаушылар және бөлім меңгерушілері бар.

Санақтың қыс мезгілінде өткізілетіні, оның үстіне, жол қатынасы қиын ауылдар мен елді мекендерде өтетіні ескеріліп, кадрлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар қолға алынды.

С. ІЗТІЛЕУОВ,

аудандық статистика бөлімінің бастығы,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button