Білім

ҰБТ Ақтөбеде жақсы деңгейде өтті

Маусымның 4-і мен 6-сы күндері біздің облыстың түлектері ұлттық бірыңғай тест тапсырды.  Еліміз бойынша бұл сынақ ертең аяқталады.

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегі Арман Құсайынов 124 ұпай жинады. 68 түлек «Алтын белгіні» қорғады.

Биыл ҰБТ жақсы деңгейде өтті. Мәселен, былтыр 75 түлек «Үздік аттестаттан» үміткер болып, оның 5-еуі ғана қорғаған еді. Ал биыл 69 үміткердің 29-ы «Үздік аттестат» иесі атанды. Тағы бір мысал, өткен жылы «Алтын белгіге» үміткер 134 түлектің  41-і ғана өз білімдерін дәлелдеген болатын. Ал биыл 149 «Алтын белгіге» үміткердің 68-і «Алтын белгі» алады. Қысқасы, биылғы көрсеткіш былтырғыдан көш ілгері, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлжан Құлыбекова.

Облыс бойынша жалпы 4945 оқушы тестілеуге қатысты. Негізінде 5109  метеп бітіруші ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріп, өтініш жазыпты. Облыстық білім басқармасының бас маманы Майра Өтепбергенова 164 оқушының сынаққа қатыспауының себебін былай түсіндіреді:

–  Дәрігерлердің рұқсатымен 9 түлек емтихан тапсырудан босатылды. 54 бала – халықаралық жарыстардың жеңімпаздары. Олар ҰБТ-ның қорытындысынсыз-ақ ақысыз білім алады. Сонымен қатар тестілеуге қатысуға өтініш білдірген балалардың арасында біраз уақыт шетелде білім алып, одан кейін біздің мектептерге ауысқан оқушылар да бар. Олардың сынаққа қатыспауына рұқсат етілген. Сондай-ақ, шетелде білім алуға ниет білдірген түлектер де ҰБТ-дан босатылады.

ҰБТ нәтижесі бойынша облыстың орташа балы – 77,6 пайыз. Бұл – өткен жылмен  салыстырғанда 9,4 пайызға артық деген сөз. М. Какимқызы биылғы түлектердің сынаққа өте жақсы деңгейде әзірленгендіктерін айтады.

Былтыр облыс түлектерінің 35,9 пайызы шектеулі балл жинай алмаған болатын. Ал биыл 45 ұпайды мектеп бітірушілердің 10 пайызға жуығы алмаған.

Түлектердің арасында сынаққа кешігіп келген немесе ұялы телефон, калькулятор пайдаланып, яғни министрліктің ережесін бұзып, аудиториядан қуылғандар болған жоқ. ҰБТ ережеге сәйкес, өз мәнінде өтті. Бұл түсіндіру жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізілгендігіне байланысты, – дейді Майра Какимқызы.

Тестілеу көрсеткіші бойынша облыс мектептерінің арасынан облыстық физика-математика мектеп-интернаты алдыңғы қатарда. Аталған білім шаңырағының орташа көрсеткіші – 112,8 пайыз. Одан кейінгі кезек қазақ-түрік лицейінің еншісінде (106,3 пайыз). Ал М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың орташа балы – 104,3 пайыз. Аудан мектептерінің арасында І орынды Шұбарқұдық гимназиясы иеленді. Бұл білім ордасының көрсеткіші – 101,4 пайыз. Аудандар бойынша Қобда ауданы алда (79,1 пайыз). Ал ұпайы төмен аудан – Алға ауданы (66,5 пайыз).

Облыстағы 10 орта мектепте ҰБТ өткен жоқ. Оның ішінде Ақтөбе қаласындағы

№5, №12 мектептерде тестілеу болған жоқ. Бұған кейбір мектептерде  түлектер жоқтығы себеп болып отыр. Ал кейбір мектептердің оқушылары тест тапсыруға ниет білдірмеген.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button