Жаңалықтар

Рәміздер күніндегі акция

Қаламызда 4 маусым күні Қазақстан Республикасы рәміздері күніне орай  «Менің Туым! Менің Елтаңбам! Менің Әнұраным!» деп аталатын патриоттық акция болып өтті. Абай атындағы саябақта ұйымдастырылған мәдени шараға жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, Т. Бигелдинов атындағы ӘҚК ӘИ курсанттары, ардагерлер, қоғамдық ұйымдар өкілдері, спортшылар және қала тұрғындары қатысты.

Құрметті қауым, сіздерді Рәміздер күнімен құттықтаймын. Еліміздің егемендігін, бірлігі мен тірлігін насихаттайтын рәміздерімізді маңдаймызға басып, құрметтеп өту – біздің адал борышымыз. Ұлттық мерекелердің бірі болып саналатын мейрамды биыл үшінші жыл тойлағалы отырмыз. Қазақстан қашан да Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбарлы. Сондықтан көк байрақтың астында барлығымыздың жүрегіміз Отан деп соқсын! – деп ақ тілегін білдірді қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова.

Осы күні қала көшелерінен байкерлердің салтанатты шеруі өтіп, рәміздер туралы өлеңдер оқылып, патриоттық әндер шырқалды. Сонымен қатар бір топ кәмелетке жаңа толған азаматтарға қалалық әділет бөлімінің бастығы Бауыржан Ерімбетов жеке төлқұжаттарын табыс етті. Қолдарына көк байрақ ұстаған курсанттардың шеруінен соң сахнаға көтерілген өңіріміздегі спорт шеберлері жұртшылықты ұлттық мерекемен құттықтады.

Отанымыздың көк байрағы сендер секілді рухы биік жастардың қолында. Ендеше, көк байрағымыз қасиеті мен қадірін жоғалтпағай! – деді әлем чемпионы Қадыржан Ізғарин.

Еліміздің көк байрағын көтерген жастардың көтеріңкі көңіл-күйлері Рәміздер күнінің ұлттық мерекелердің қатарынан саналатынын дәлелдеп  берді. Жиналған жұртшылық қолдарын жүрек тұстарына қойып, Әнұранды бірге шырқаса, №11 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары таэквондодан өз өнерлерін ортаға салды.

Лаура ПАЛМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button