Жаңалықтар

«Жол картасы» – Сәңкібай батыр даңғылында

Қалада кең өріс алған «Жол картасы» бағдарламасы бойынша тағы бір жол құрылысы жұмыстары басталып кетті.

Атап айтқанда, Сәңкібай батыр даңғылында Ә.Молдағұлова даңғылынан Ғ.Жұбанова көшесіне дейінгі аралықтағы күрделі жұмысты «Пилон-С» ЖШС жүргізуде. Серіктестік директоры Сергей Авраменко мынадай жұмыстардың: көшенің оң жақ қапталынан 1,5 метрлік тротуар салу, сол жақ қапталынан жолды 5 метрге дейін кеңейту жүргізілетінін айтты. Бұл учаскенің жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайды.

Соымен қатар Ғ.Жұбанова көшесі мен Сәңкібай батыр даңғылының қиылысында автокөліктерге бір көшеден екінші көшеге өту қиын екені жүргізушілерге белгілі. Енді осы жерде айналма жол салынады. Бұл көліктердің өтуін жеңілдететіні анық. Ал Сәңкібай батыр даңғылы бойындағы М.Оспанов көшесімен қиылысатын тұстан бастап орналасқан жеке сектор ауданында көлік жүретін қосымша көше жасалып, шағын Сәңкібай батыр көшесі деп аталатын болады.

Қазіргі кезде бордюрлар қондырылуда. Электр қуатын беру желісі де өзгертілуде. Бұл жұмысты серіктестіктің энергетиктер бригадасы атқаруда. Жұмысқа қалалық еңбек биржасынан 80-ге жуық әлеуметтік жұмысшы қабылданған. Сондай-ақ, қазірдің өзінде 30 студенттен тұратын құрылыс отряды еңбек етуде.

Серіктестік директоры алдағы уақытта жұмысшылар саны 200-ге дейін көбейетінін, техникалардың жеткілікті екенін, сондықтан бұл жұмыс тамыздың аяғына дейін аяқталатынын айтып берді.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button