Ресми

Ынтымақтастық ілгеріге бастайды

Қоғамдық бірлестіктермен жұмысты жандандыру ең алдымен қоғам алдында тұрған міндеттерді оңтайлы шешуге бастар жол болып отыр. Осыған байланысты облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңесі уақыт талабына сай ілгері істерге мұрындық болуда. Мұны біз өткен жұмада өткізілген кезекті мәжіліс кезінде де айқын аңғардық.

Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова күн тәртібіне қойылып отырған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды бірлесіп жүзеге асыру, сондай-ақ бірлескен әлеуметтік жобаларды қалыптастыру мәселесінің бүгінгі жағдайда маңыздылығына арнайы тоқталды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ахат Мырзалин қазіргі уақытта өңірде үш жүзге жуық үкіметтік емес ұйымдар тіркелгендігін, оның шамамен бестен бірі маңызды шаруаларда белсенділік танытып жүретіндіктерін тілге тиек етті. «Біз олармен бірлесе отырып көптеген қайырымдылық акцияларын өткізудеміз, үкіметтік емес ұйымдар 2003 жылдан бері әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қатысуда», – деді ол. Баяндамашы биылғы жылы жиырма төрт үкіметтік емес ұйымның, жалпы алғанда, 14 млн. теңгеге тапсырыстарға ие болып отырғандығын жүргізіліп жатқан нәтижелі жұмыстың мысалы ретінде айтты. Үкіметтік емес ұйымдар негізінен қайырымдылық шараларымен шұғылданады, сондай-ақ жастарға тәрбие беру, түрлі мәдени-әлеуметтік қызмет көрсету игіліктерін жүзеге асырады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Жәнібек Нармұхамедов тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру, олардың ұзақ өмір сүруіне қажетті алғышарттар жасау бағытындағы қоғамдық бірлестіктердің атқаратын қызметінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, осы аталған мақсаттағы ақпараттық-насихаттық шаралардың бүгінгі күні жолға қойылғандығы айтылды. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды орындауға биыл 16 млн. теңге бөліп отырған облыстық денсаулық сақтау басқармасы алдағы уақытта атқарылар істер ауқымын кеңейте түспекші.

Кеңес отырысына қатысқандар үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, сондай-ақ тапсырыстарды орындауға қажетті қаржы бөлу талаптарын реттеу, жобаларды бағалау мониторингін жүргізуге қатысты проблемаларды қозғады.

Кеңес мүшелері үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттыру, олардың жобаларды жүзеге асыруға ынталылығын көтеру қажеттігіне тоқталды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button