Құқық

Медиация рәсімінің сотта іс жүргізуден айырмашылығы

Елімізде 2011 жылдың қаңтар айынан бастап «Медиация туралы» Заң қабылданғаны баршаға мәлім. Аталған заң алғашқы жарияланған күннен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді. Алғашқы рет «Казахстанская правда» газетінде 5 ақпан 2011 жылы. «Егеменді Қазақстан» басылымында 8 ақпан 2011 жылы жарияланды.

Медиация (латынша mediatio) — делдалдық деген ұғымды білдіреді. Дауларды реттеудің дүниежүзінде кең тараған түрлерінің бірі, тараптардың арасындағы дауды соттан тыс шешуге бағытталған заңды рәсім.

28 қаңтар 2011 жылы қабылданаған «Медиация туралы» Заң еліміздің заң жүйесіне жаңашыл өзгеріс енгізіп, дауды шешудің тағы бір тиімді жолын айқындады.

— Соттағы іс жүргізу процесінен айырмашылығы медиация — еркін процесс. Рәсім сипаты жағынан — жария емес процесс. Онда тараптар дауды қарайтын тұлғаны, яғни медиаторды өздері таңдайды. Медиатор кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын жеке тұлға.

— Сот талапкердің талабымен шектеулі, талап шеңберінен шығуға құқысыз. Ал медиация рәсімінде тараптар талапкердің талабын қанағаттандыру тәсілі туралы келісімге келуге құқылы.

— Сонымен қатар, сотта шешім құқық пен заң нормалары негізінде қабылданса, ал медиация рәсімінде шешімді дау бойынша тараптардың өзі өз мүдделерінің жайғасымы негізінде қабылдайды. Дәлірек айтқанда, медиация — тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.

Аталған заңда медиацияның мақсаты айқын көрсетілген. Ол:

Біріншіден, дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу.

Екіншіден, тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.

1) Еріктілік — медиация рәсіміне қатысудың басты шарты. Дау бойынша тараптар өз еріктерімен, ешкімнің мәжбүрлеуінсіз, бітістіру рәсімін қолдануға келіседі.

2)  Медиация тараптары тең құқылы. Медиаторды, медиация рәсімін таңдауда тең құқыққа ие, тең міндеттер атқарады.

3) Медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы. Медиатор тараптардан, мемлекеттік органдардан, өзге де заңды, лауазымды және жеке тұлғалардан тәуелсіз болуы керек. Сондай-ақ, медиатор медиация құралдары мен әдістерін таңдауда дербес болады.

4)  Медиация рәсіміне араласуға жол берілмейді.

5)  Құпиялылық сақталды. Дауды шешуде белгілі болған мәліметтер жерия етілмейді.

— Сотта дауды шешу нәтижесінде, әдетте, бір тарап жеңеді, екінші жағы жеңіледі, яғни біржақты қанағаттандыру жөнінде шешім шығарылады. Екі жақтың да шешімге көңілі толмай қалатын кездері де болады. Ал медиация рәсімінде екі жақты да қанағаттандыратын шешім қабылданады деп сеніледі. Тараптар дауды шешуде бітімгершілікке келіп, болжай алатын және өздеріне жайлы, қолайлы қорытынды алады.

— Дауды шешу бойынша шығындар болатыны баршаға мәлім. Мысалы сот өндірісінде іс жүргізу шығындары. Тараптар үшін: мемлекеттік алым төлеу; адвокаттың, өкілдің қызметін төлеу; сараптама жүргізу бойынша шығындарды өтеу; т.б. Ал медиацияда тараптардың қаражаты үнемделеді. Олардың шығыны медиатордың сыйақысы, жол жүруіне және тұрғын пәтерге байланысты шығындармен ғана шектеледі.

— Сот өндірісінде істі қарау, 1-ші сатыдағы сотты, апелляциялық, кассациялық, қадағалау сот алқаларын қосқанда, біраз ұзақ мерзімге созылатыны анық. Ал медиация процесі неғұрлым жылдам жүргізіледі. Азаматтық құқықтық қатынас бойынша 30 күннен аспайды, 30 күнге дейін ұзартылуы мүмкін.

— Әлбетте, сот процесі іс жүргізу ережесін қатаң сақтай отырып, тараптардың бәсекелестігі тұрғысында жүргізіледі. Ал медиациядағы тараптардың қарым-қатынасы өзгеше болмақ. Оған ынтымақтастық, психологиялық жайлылық, қолайлылық сипаты тән.

— Сотта дауды шешудің салдарында тартыс шиеленісіп кетуі де, жаңа дауға әкеп соқтыруы да мүмкін. Ал медиация рәсімінде тараптың екінші тараппен жақсы қарым-қатынасын сақтауға мүмкіндігі бар.

— Медиацияның тиімділігі жөнінде тағы бір ескере кететін жәйт — шешімнің орындалуы. Сот қабылдаған шешімді орындау рәсімі оңайлықпен жүрмейтіні де анық. Сот тиісті шешім қабылдағанмен көптеген шешімдер ұзақ мерзім бойы орындалмай, тараптардың әуре сарсаңға түсуіне әкеп соғады. Ал медиация нәтижесінде қабылданған шешімнің орындалу деңгейі жоғары болмақ.

Медиация — азаматтық айналым қарым-қатынасының тартысу деңгейін төмендетуге, тараптардың қарым-қатынас мәдиниетінің, этикасының жоғарылауына, ерікті түрде орындаталын шешімдердің көбеюіне себеп болары хақ.

 

Н.СҰЛТАНОВ,

Облыстың қылмыстық істер

жөніндегі мамандандырылған ауданаралық

сотының төрағасы                                                                            

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button