Ресми

Тәртіптік кеңестің тәрбиесі

Өткен бейсенбі күні облыстық Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы өтті.

Әдетте, бұндай жиындарда ауылдық жерлердегі басшылардың үйірімен жүретіні белгілі… Кеңес мүшелерінің заңды білмейтін немесе білсе де білмегенситін әкім-қараларға аса шүйлігуі де сондықтан.

Бұл жолғы отырыс Ақтөбе облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Саламат Аманбаевтың өзі басқаратын мекемеде ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» және мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінің орындалу жөніндегі есебін тыңдаудан басталды. Бұған дейін бұл мекеме бастығының орынбасарының есебіне қанағаттанбаған Тәртіптік кеңес мүшелері директордың есебін күткендігі туралы жазғанбыз. Тиісінше, жалпы есепке байланысты бірқатар сауалдар болғанымен, атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Дегенмен кеңес мүшесі Үкітай Байжомартов жұмысшылардың қызметін, атқарған міндетін бағалауда нарықтық экономика талаптарына сәйкес әдістерді пайдалануды ұсынды. Ал кеңес төрағасы департамент тарапынан әзірленген әдістемелік құралға ризалығын айта отыра, құқық қорғау органдары есебіне ұқсастығын да атап өтті.

Мұнан соң қаралған мәселе Әйтеке би ауданынан келген бір топ лауазымды тұлғаға қатысты болды. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің облыстық басқармасының арнайы тексерулерінен соң бұл ауданда бірқатар былықтың беті ашылған. Атап айтқанда, конкурс өткізуде, бұйрықтар қабылдауда, өкім шығаруда жекелеген бөлім басшылары заң бұзушылықтарға жол берген. Нәтижесінде бес бірдей басшы «сөгіс» арқалап кетті.

Кеңес отырысында көпшілікті толғандырған немесе бірқатар ойларға жетелеген мәселе дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінің «Батыс» өңіраралық департаментінің бастығы Аманқос Дербісалинге қатысты болды. Бұл департаменттегі жоспарлы тексерулер кезінде негізгі заңнамалар мен тәртіптерге сай келмейтін заң бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, департамент бастығы іссапарлары кезінде өз орнына бөлім басшыларын тағайындап отырған. Ал бастықтың міндетін іс жүзінде орынбасарлары атқаруы тиіс екен. Алайда А. Дербісалин өңіраралық департаменттің басшысына екі орынбасардың тиесілі екендігін және олардың біреуі Орал қаласындағы филиалдың жетекшісі екендігін айтады. Ал тағы бір орынбасары сегіз айдан бері денсаулығына байланысты демалыста екендігіне тоқталды. Бұлай қарағанда бастықтың кінәсі жоқтың қасы. Бірақ Тәртіптік кеңес мүшелері қолданыстағы заңдардың қалайда орындалуы керектігін айтты. Қалыптасқан жағдайды жоғарыдағы басшыларына баяндау А. Дербісалиннің міндеті екендігін де ескертті. Түптеп келгенде, оның ісін жоғарыдағы басшыларына баяндау керектігі жөнінде шешім қабылданды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның орындалуына байланысты Алға ауданы прокурорлары білім бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімдерінің басшыларына қатысты да заң бұзушылықтарды әшкерелеген. Бұл лауазымдағы тұлғалар конкурстық комиссияның құрамында бола отырып, бірер заң бұзушылыққа көз жұма қараған. Нәтижесінде арнаулы рұқсаты жоқ мекемелер мемлекеттік маңызды жұмыстың жеңімпазы боп танылыпты.

Мемлекеттік қызметкерлер бұл жолы жеңіл жазамен құтылғандарымен, жеңімпаз серіктестіктерге қатысты қылмыстық іс қозғалуы әбден мүмкін.

Сөйтіп, кезекті жиында заң бұзушылықтардың бетін ашып, ақ-қарасын анықтаған Тәртіптік кеңес мүшелері шенеуніктерді заң шамаларын білуі жөнінде жетілдіру шараларының аздығына тағы бір мәрте көңіл бөлді.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button