Жаңалықтар

Мүдде және мүмкіндік

Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын «Әлемнің әміршісі — еңбек», — деп бастады. Олай болса, осы еңбек адамының мүдделері мен құқықтарын тиісті дәрежеде қорғау — кәсіптік одақтарға қойылған міндет. Білім беру қызметкерлерінің бары мен жоғын түгендейтін, мәртебесі мен мақсатын ойлайтын облыстық білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Осы тұрғыда біз облыстық білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы Раушан Серіковамен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Білім беру қызметкерлерінің мәртебесін мемлекеттік деңгейге көтеру мақсатында бірқатар жұмыстардың атқарылғаны белгілі. Өзіңіз басқарып отырған кәсіподақ комитетінің облыстағы қазіргі жағдайы туралы әңгімелеп берсеңіз?

— Біздің кәсіподақтың 38 мыңнан астам мүшесі бар. Кәсіподақ мүшелерінің жалпы санының 30 мыңнан астамы, яғни 70 пайызы — әйелдер, 18 пайызы — жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен оқушылары, 6 пайызы — зейнеткерлер. Ауылдық жерлерде мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептердің ашылуы нәтижесінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны көбейіп, жеке колледждерде де бастауыш ұйымдар құрылды. Биылғы өткен айлар ішінде кәсіподаққа 3383 адам қабылданған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 460 адамға артық екен. Жалпы облыс бойынша 549 ұжымдық шарт, 12 аудандық және 1 облыстық келісім жасалған. Облыстық келісім 2000 жылы облыстық білім басқармасы мен осы облыстық білім беру және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің арасында жасалды. Ал ұжымдық келісімшарт —  ұжымды да, жұмыс берушіні де қорғайтын және кепілдік беретін құжат. Ұжым жұмысының тұрақтылығы келісімшарт мазмұнының қаншалықты нақты және сапалы жасалуына байланысты. Мәселен, еңбекақы, жұмыс күні нормативі, емдеу-сауықтыру, еңбек демалысы, осының барлығы да ұжымдық шартта көрсетіледі. Осы келісімшартта кәсіподақ қандай кепілдеме бере алатыны нақты айтылады. Облыстық білім беру және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы 12 аудандық және 557 бастауыш ұйымды біріктіреді.

— Кәсіподақ кеңесі ең әуелі кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, азаматтық, еңбек құқықтары мен мүдделерін тиісті дәрежеде қорғап, еңбек орнында қауіпсіз еңбек жағдайын қадағалайтынын білеміз. Ұстаздар қауымы қандай мәселемен жиі хабарласады?

— Кәсіподақ кеңесі 6 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Соның бірі — еңбек дауын болдырмау. Шүкір, сотқа дейін шағымданып жүрген ұстаздарымыз жоқ. Әрине, ауызша да, жазбаша да хабарласып жатады. Олардың денін мектеп немесе оқу орны басшылығымен келісе отырып, шешіп жатамыз. Соңғы уақытта көбіне жас мамандар хабарласады. Олардың бәрі де мектептерден өз пәндері бойынша сағат ала алмайды да бізге хабарласады. Мысалы, жақында жас маман Данагүл Баймұқанова хабарласты. Өзі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екен. Былтыр облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында өз пәні бойынша сабақ берген. Биыл оған өз пәні бойынша сағат берілмей, тәрбиеші болу жүктелген. Сөйлесе келе, оған енді тәрбиешілікке қоса өз пәні бойынша алты сағат беретін болды. Сондай-ақ Шалқар қаласындағы Үргенішбаев атындағы мектептің география пәнінің мұғалімі Айсәуле Мақсотова да осы мәселемен хабарласты. Ол да жас маман. Бірақ қазір лаборант болып жүр. Өйткені, шын мәнінде, бұл ауданда география пәнінің мұғаліміне сұраныс жоқ. Орындар толық. Бірақ аудандық білім бөлімі жақын арада бір ұстаздың қоныс аударуына байланысты жас маманға сағат тауып беруге уәде берді. Көмек сұрап келгендерге қолымыздан келгенше көмектесіп, мәселесін шешуге ықпал етуге тырысамыз.

— Ал кәсіподақ мүшелерінің тұрмыс, денсаулық, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында нақты қандай шаруалар жасалып жатыр?

— Мәселен, ауыр ота жасау кездерінде немесе отбасында бір қайғылы жағдай орын алса, қаржылай қол ұшын береміз. Сондай-ақ балалар үйлеріне тұрақты көмектесіп тұрамыз. Атап айтсам, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында оқып жүрген Алға облыстық балалар үйінің үш түлегі үшін оқу ақысын төлеп отыруды өз мойнымызға алдық. Жақында сол үш студент — Амангүл Нұрмұхамбетова, Әйгерім Мүсірәлі, Мәдина Исламғалиева келіп, сынақ кітапшаларын көрсетіп кетті. Жағдайларын сұрап, қадағалап отырамын. Оқу үлгерімдері жақсы. Сондай-ақ жақында бізге Қандыағаштағы №3 орта мектептің кітапханашысы Жанесова өтінішпен келді. Зейнет жасына енді жеткен оның үш баласы бар екен. Бір қызы темір жол колледжінде, бір баласы Мұхаметжан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында ақылы оқиды екен. Жағдайын айтқан оған қызының бір жылдық оқу ақысының жартысын төлеп беруге уәде бердік. Сондай-ақ республикалық кәсіподақ федерациясының еліміздің бірқатар санаторий және сауықтыру орталықтарымен арнайы келісімі бар. Жыл сайын білім беру мекемелерінің қызметкерлері өтініштері бойынша сауықтыру орталықтарында тынығып қайтады. Бірақ арамызда жыл сайын «мен ғана демалу керекпін» дейтін кәсіподақ мүшелері де бар. Санаулы жолдамаларды кезектесіп алған жөн болар еді. Енді бірі жолдаманы алып алады да, тойға бола бара алмай қалатындары да кездеседі. Алдын ала ескертпеуінің кесірінен жолдама босқа «күйіп кетіп» жатады.

— Кәсіподақ қызметкерлердің білім беруден тыс кезгі тіршілігін де назардан сырт қалдырмайтыны белгілі…

— Жыл сайын Түрікпенбай Айжарықов басқарып отырған облыстық кәсіподақтар кеңесі кәсіподақ комитеттері мен ұйымдардың мүшелері арасында облыстық спартакиада өткізуді дәстүрге айналдырды. Спартакиаданың мақсаты — дене шынықтырумен белсенді айналысу, педагогтар тұрмысына салауатты өмір салтын енгізу. Сайыста үздік танылған командалар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Биылғы жарыста біздің кәсіподақтың атынан шыққан команда ІІІ орынға ие болды. Оның ішінде спорттың төрт түрі бойынша жеңімпаз атанғандарға жолдамалар берілді. Олар бөлініп, Алматыдағы «Көктем» және Батыс Қазақстан облысындағы «Ақжайық» шипажайларында демалып қайтты. Сондай-ақ дәстүрлі түрде «Ең үздік бастауыш ұйым», «Үздік кәсіподақ ұйымы», «Үздік кәсіподақ көшбасшысы» байқауларын ұйымдастырып тұрамыз. Бес жылдан бері «Күшті бастауыш ұйым — күшті кәсіподақ» байқауын өткізіп жүрміз. Қазір бұған аудандардағы үміткерлер құжаттарын тапсырып жатыр. Бұл байқауды қараша айында қорытындылаймыз.

— Білім саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін қандай шаруалар жасалуда?

— Облыстық білім басқармасымен, облыстық әдістемелік орталықпен, облыстық кадрлар біліктігін арттыру және қайта даярлау институтымен бірлесіп жасаған сайыстар мен байқауларға біздің кәсіподақ комитеті демеуші болады. Ұстаздар тәжірибе алмасу үшін республикалық түрлі семинарларға барады. Сондай-ақ педагогтардың мерейлі жастарын атап өту кештері, ұстаздар күнін мерекелеу ұйымдастырылады. Мәселен, жақында қалалық Оқушылар сарайында облыстық білім басқармасымен бірігіп, 200 ардагер ұстазды шақырып, мерекелік кеш ұйымдастырдық. Естелік сыйлықтар берілді, ұлағатты ұстаздарымыз өнерпаз оқушылар әзірлеген концертті тамашалады. Бұл — ардагер ұстаздар үшін облыста ұйымдастырылып жатқан бірінші жағдай екен. Сондай-ақ «Атамекен» мейрамханасына 120 ұстаз шақырылып, олардың әрқайсысына бағалы сыйлық жасалды. Сондай-ақ осы кеште кәсіподақ белсенділері марапатталды. Атап айтсам, Хромтау аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлжан Ақановаға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медалі тапсырылды. Дәл осындай медальды қыркүйекте облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының директоры Шолпан Көбеноваға табыстаған едік.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button