Экономика

Өз өнімдеріміз өркен жаяды

Азық-түлік белдеуі

Өңірді өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты мәселелерінің біріне айналды. Осы тұрғыда жасалып жатқан нақты шаралар қазірдің өзінде көрініс бере бастады.

Өткен аптада облыс әкімі Елеусін Сағындықов қала маңындағы бірқатар шаруашылықтарда болып, жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысты.

Благодарный селолық огругіне қарасты аймақтағы «Izet Greenhouse» жылыжай кешені құрылысы негізінен енді ғана бастау алыпты. Жұмысшылар әзірге қалың етіп төселген құнарлы топырақ бетін тегістеуде. Осы қарқынмен жүйелі жүргізілетін жұмыстар биылғы жылдың төртінші тоқсанына дейін созылмақшы.

Бұл инвестициялық жобаның негізгі мақсаты – облыс тұрғындарын жыл бойы жаңа піскен көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етіп отыру. Жылыжай кешені пайдалануға берілгеннен кейін жалпы аумағы 3 гектар жерде 1800 тонна көкөніс өндірілетін болады.

– Құрылыс жұмыстарын жүргізуге 1,2 млрд теңге қаржы тартылды, – дейді жылыжай кешенінің басшысы Арман Құстыбаев, – Бұл жұмыс «2008-2010 жылдарға Ақтөбе облысы тұрғындарын картоппен және көкөніспен қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Жылыжай кешені құрылысының жобасы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қолдауымен жүргізіледі. Өндірісте голландық «Dalsem» фирмасының жабдықтары пайдаланылады.

Жылыжай кешені іске қосылуымен көптеген оң өзгерістер туындамақшы. Мәселен, жаңадан жүз жұмыс орны ашылады. Тағы бір игілікті тұсы – бұл алқап Ш. Берсиев атындағы Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжі оқу орнына таяу орналасқан. Колледж директоры Владимир Друзьяк өз оқушыларының тәжірибеден өтуіне, кәсіби дағды қалыптастыруына мұның игі әсері болатындығын айтады.

Жылыжайдың негізгі бағыты – қызанақ және сонымен бірге гүл түрлерін өсіру. Өнімдер ең әуелі облыс аумағын қамтиды, одан ауысқандарын басқа өңірлерге шығарады.

Құрылыс барысымен танысқан облыс басшысы бұл жобаның берері мол екендігіне тоқталды, сонымен бірге жұмысты қарқынды жүргізуге қатысты тапсырмалар берді.

Азық-түлік белдеуін құруға байланысты «Пригородный» ауыл шаруашылығы құрылымындағы  тамшылатып суаратын алқаптағы картоп және көкөніс өндірісінің бүгінгі қарқыны көңіл қуантады. Биыл 60 гектар алқапқа тұқым себілді. Оның 24 гектары картопқа, қалған 36 гектары көкөніске бөлінген.

«Әлем Капитал ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ермек Жұмағазиннің баяндауынша, бұл жоба қазіргі заманғы өндіріс технологиясын пайдалану есебінен картоп және көкөніс өндірісі көлемін ұлғайтуға бағытталған. Оны толығымен жүзеге асыруға БТА Банкі Ақтөбе филиалынан 22 миллион 191 мың 600 теңге несие алынған.

Жоба бойынша жұмыстар өткен сәуір айынан бері жүзеге асырылып келеді. Алқаптағы көктей бастаған өскіндер ертеңгі мол өнімнің нышанындай сезіледі. Егер бәрі көңілдегідей болып жатса, шынында да солай болмақшы. Мамандар күзге қарай әр гектардан шамамен 280-300 центнер картоп, түріне байланысты 400 центнерден 700 центнерге дейін көкөніс алуды болжамдауда. Тамшылатып суаруды пайдалану бойынша өнім өндіру жұмыстарымен отыз адам шұғылдануда.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов жүргізіліп жатқан жұмыстар барысына қанағаттанушылық білдіріп, бұл бағыттағы істер ауқымын одан әрі өрістете беруге байланысты, әсіресе, дайын өнімдерді сақтау, тұтынушыларға уақытында жеткізуге қатысты қала басшысы Архимед Мұхамбетовке нақты тапсырмалар берді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ерсайын Әжібаев далалық алқапта көрнекілік жағдайында агроөнеркәсіп кешеніндегі жаңа технологияны енгізу, инвестициялар тарту мәселелері туралы жан-жақты баяндап берді. Оның мәлімдеуінше, былтырдың өзінде мамандандырылған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында картоп және көкөніс өсіру алдындағы кезеңдермен салыстырғанда екі есе артыпты.

Облыс басшысы осында жүздесу барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге байланысты жергілікті билік тарапынан жасалып жатқан қолдау барысына да тоқталып өтті. Мәселен, жаңа технологияларды енгізуге орай «Ақтөбе-агросервис» ЖШС арқылы жергілікті бюджеттен 28,1 млн. теңге бөлінді. Картоп және көкөніс өнімдерін өндіру бойынша шығындарды жеңілдету бағытында республикалық бюджеттен 15,0 млн. теңге қарастырылды.

Бүгінгі күнгі зерттеулер бойынша Ақтөбе қаласының қажеттілігі картопқа 21,9 мың тонна, көкөніске 28,1 мың тонна құрап отыр. Әзірге осы қажеттіліктердің бірсыпыра мөлшері сырттан тасымалдану есебінен өтелуде. Ал жергілікті басшылық таяу жылдары өз өнімдеріміз өзімізге жеткілікті болу жағдайларын қарастыруда.

…Сонымен, күн өткен сайын қала маңындағы алқапта жұмыс қыза түсуде. Бұл – ертеңгі молшылықтың айқын белгісі. Ал Благодарный селолық округінің әкімі Людмила Ноль жаңа объектілердің пайдалануға берілуі ең алдымен жергілікті тұрғындар үшін жағымды болып отырғандығына қуаныш білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button