Жаңалықтар

Стандарттау немесе бәсекелестік ортадағы тұрақтылық

14 қазанХалықаралық стандарттау күні

Халықаралық стандарттау ұйымының бастамасымен жыл сайын 14 қазан күні Халықаралық стандарттау күні атап өтіледі.

1946 жылдың 14 қазанында Лондонда бас қосқан 25 елдің делегаттары жаңа халықаралық стандарттау ұйымын құру жайлы шешім қабылдайды. Содан бастап атаулы күнге айналды.

Аталған ұйымның басты мақсаты — өндірістік стандарттарды халықаралық формаға сай үйлестіру және біріктіруге жәрдемдесу. Биыл Стандарттау күні «Шығындарды қысқартамыз, нәтижені жақсартамыз. Стандарттар тиімділіктерді жоғарылатады» ұстанымымен өтті.

Қоғамдық ортада ашық және қолайлы жағдайда әзірленген халықаралық стандарттарға әрбір мүдделі жақ (кәсіпорын, ұйым және т.б.) өзінің үлесін қосу арқылы шығынын азайта отырып, экономиканың дамуына әсер ете алады.

Халықаралық стандарттау ұйымы (ИСО), халықаралық электробайланыс кеңесі (МСЭ) және халықаралық электротехникалық комиссияның (МЭК)  бірлесе дайындаған халықаралық стандарттар әлемдегі қаржы тұрақсыздығы жағдайында кәсіпорын мен ұйымдарда шығындарды төмендету арқылы тұрақтылық пен тиімділікке қол жеткізуге әсерін тигізеді.

ИСО кеңесінің жұмысына қатысу біздің мемлекетімізге және барлық елдерге халықаралық стандарттау саласындағы стратегияны жасау мен құрастыруға белсенді қатысуға, ғаламдық мәселелерді шешуде өз ойларын ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда стандарттауды дамытуға қосымша екпін береді және республиканың  экономика секторының дамуына, кәсіпорындардың халықаралық стандарттарға белсенді ауысуына ықпалын тигізеді. Халықаралық стандарттар саясаткерлерге, өнеркәсіптер мен тұтынушыларға экономиканың күрделі өзгеруіне бірлесіп, қарсы тұруға қажетті жалпы құралдарды ұсынады.

ИСО тәжірибесінің негізінде тұрақты жетілдіруге ұмтылу бар. Бұндай көзқарас қауіпсіз өнімді шығаруға және көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Экономикалық дамыған елдерде басқарудың озық құралдарын қолданудың экономикалық тиімділігін әлдеқашан бағалаған болатын. Мысал ретінде Финляндияда орналасқан аты әлемге әйгілі «RAUTARUUKKI» металлургиялық зауытын алсақ та болады. Аталған зауыттың мамандары «мүлтіксіздікке жету мүмкін емес» деген пікірді ұстанады. Бұл кәсіпорында ХС ИСО енгізілген. Дегенмен, кәсіпорын басшылары «тексеріспен келетін аудиторлардың кемшілікті аз табуы – мекеменің нарық заманында алға жылжуына көп кедергі келтіреді» деп есептейді екен. Яғни сынға жол беру арқылы, өздерін шыңдауға бейімделген.

ДСҰ елдері халықаралық стандарттарға сай жұмыс жасайтын серіктестермен ғана иықтаса қызмет атқарады десек, алдағы уақытта Қазақстан да бұл талаптарды толық орындап, ДСҰ құрамына жақын арада мүше ретінде кіреді деп нық сеніммен айтуға болады.

ҚР «Техникалық реттеу туралы» заңы бойынша техникалық реттеудің халықаралық жүйесіне көшу барысында стандарттарды қолданудың аумағы айтарлықтай кеңейді және осы заңға заманына сай талап етілген тұрақты өзгеріс пен өзгертулер енгізілуде.

1994 жылдан бастап Қазақстан Республикасы — Халықаралық стандарттау ұйымы (ИСО) және Халықаралық заң шығарушы метрология ұйымының (МОЗМ) толық құқықты мүшесі, ал 2004 жылдан бастап Халықаралық электротехникалық комиссияның (МЭК) бақылаушы мүшесі атанды. Сөйтіп ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздіктің жаңа сапалы деңгейіне, азаматтардың сапалы және қадірлі өміріне бет ала отырып, Егемендік Қазақстан стандарттаудың дамуындағы өз таңдауын жасады.

1997 жылы Стандарттар мен стандартты үлгілердің мемлекеттік ақпараттық орталығы, ал одан кейін 2000 жылы оның негізінде Қазақстанда Стандарттау мен сертификаттау институты құрылды.  Бұл институт — стандарттауды дамыту саласындағы жетекші кәсіпорынның бірі. Республикадағы әрбір облыстық орталықта филиалдар мен өкілеттіліктер құрылып, жұмыс атқаруда.

Өзінің тарихында Стандарттау мен сертификаттау институты техникалық реттеу жүйесінің қайта құрылу шегіндегі үлкен және маңызды жұмыс атқарды және атқарып келеді, ол ұлттық стандарттар тұғырын құрудың, сапа менеджменті жүйелерін дамытудың негізін қалаған. Қазақстан экономикасының шынайы секторының өкілдері саналатын барлық отандық тауар өндірушілер осы институттың қызметтеріне назар аударғаны жөн.

Стандарттау қорлары бойынша халықаралық байланыс орнатылды. Қазіргі уақытта ТМД мемлекеттері мен Еуропа ұйымдарының ақпараттық қорлары стандарттау, метрология және сертификаттау сұрақтары бойынша тығыз жұмыс атқарады.

Институттағы мемлекеттік қорда 66 мыңға жуық стандарттау жөнінде нормативті құжаттар бар, бұлар мемлекеттік, халықаралық, ұлттық және аймақтық стандарттарға ие. Осында 4 мыңға жуық мемлекеттік стандарттар қабылданған, оның ішінде 3 мың данасы халықаралық стандарттарға үйлестірілген.

Қазақстан Республикасының экономика салаларындағы стандарттарды әзірлеу үшін 53 стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер үлесін қосуда және бұл жерде  тәжірибесі мол ғылыми қызметкерлер жұмыс атқарады.

Осы жылға арналған мемлекеттік стандарттау жұмыс жоспары бекітіліп,  отандық кәсіпорындар мен мүдделі ұйымдардың ұсыныстарыман қамтылған. Келесі жылға арналған мемлекеттік стандарттау жұмыс жоспар жобасы қазіргі уақытта ашық талқылануда.

Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған техникалық реттеу және сапа инфрақұрылымын құру бағдарламасы бағыттарының бірі — халықаралық стандарттарға сай өнім өндіруге қолайлы жағдай туғызу, технологиялық жабдықтау және сапа менеджментін енгізу.

Қазіргі таңда облысымызда 275-ке жуық кәсіпорын мен ұйымдар сапа менеджмент жүйесін енгізді, ал 10-ға жуық кәсіпорын енгізу үстінде.

Жұмыс жоспарын жүзеге асыру мақсатында биылдан бастап «ҚазСтИн» РМК Ақтөбе филиалы, облыстық техникалық реттеу және метрологиялық комитеті департаменті және кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бірлесіп, Кеден одағы мен Қазақстан Республикасының техникалық регламенттеріне талдау және ұсыныс, өзгеріс енгізу мақсатында 8 дөңгелек үстел өткізді. Іс-шаралар барысында 2 кәсіпорыннан ұсыныс пен өзгертулер түсті, бұны Астана қаласына жібердік. Сондай-ақ биыл Ақтөбе филиалы техникалық реттеу және сапа менеджменті жүйесі саласында семинарлар ұйымдастырды. Осы жылы Орал қаласында өткен аймақтық семинарға ұйымдастыру жұмыстарына үлес қостық. Бұнда шетелден келген сарапшылар ақпараттық орталығы саудадағы кедергілер жөніндегі ақпаратпен бөлісті.

М.САРБОПИН,

«Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК

Ақтөбе филиалы директоры.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button