Спорт

Алға шыққан алтылық

Чемпионат басталғалы кезекті турдың ойындары алғаш рет бейсенбі күні өткелі отыр. Бұған дейін кездесулер негізінен жексенбі күндеріне, аракідік сенбіге белгіленетін.

Қалай болғанда да, бүгін жанкүйерлер чемпиондық пен жүлдеге үміткерлердің түпкі мақсатқа жету жолындағы кезекті қадамы қалай тартатынын аптаның ортасында біліп отыратын болды.

Биыл алтын медаль тура өткен жылғыдай «Шахтердің» еншісіне тиетіндігіне сенімділердің қарамы мол екені рас. Қарағандылықтар енді қалған үш кездесудің екеуін өз алаңында өткізетінін, оның біреуінде өзінен бес ұпай кем жинап келе жатқан, бірақ әлі де алтынға таласуы мүмкін, екінші орындағы «Ертісті» зор дайындықпен, асқан жауапкершілікпен қабылдайтынын ескерсек, бұл болжамға дау айту да қиын. Былтыр дара көш бастаған «Шахтер» биыл да уысына түскелі тұрған алтынды енді оңай сусыта қоймайтын шығар.

Ал екінші, үшінші орындардың тағдыры туралы біржақты баға беру қиын.

Себебі алғы шепке «Шахтерді» қосқанда алты команда қара үзіп шықты. Кейінгі бес команда арасындағы доп айырмашылығы — төрт-ақ ұпай (42-38). Бұлардың ішінде төртінші орындағы «Астана» мен алтыншы орындағы «Ақтөбенің» өзгелерден бір ойындары кем екенін де ұмытуға болмайды.

Ал Премьер-лигамен қош айтысып, бірінші топқа түсетін екі команданың біреуі белгілі де болды — «Оқжетпес». Оған серік болуға ең «лайықтылар» әзірге топқа биыл қосылған «Сұңқар» мен былтырғы күміс жүлдегер «Жетісу» болып тұр. Бір қызығы, соңғы турда бұлар өзара күш сынасады. Рас, оған дейін басқалар, яғни «қауіпті аймаққа» жақын тұрған «Атырау» мен «Қайрат» немесе «Қайсар» сүріне беруі тиіс. Одан әрі таратып айтсақ, сол «Атырауды» сол «Жетісу», сол «Қайсарды» сол «Сұңқар» бұғалықтауы қажет. Ондай бірнеше бақыт бірден қона қоя ма?

*   *   *

«Ақтөбе» өз алаңындағы он бір ойынның жетеуін жеңіспен аяқтады, үш кездесуде ірі есеп нәтижесімен ұтты, тең ойын — екеу, жеңіліс — екеу.

Ал сырт алаңда төрт рет ұттық, тең ойын — үшеу, жеңіліс — төртеу.

Жоғарыда жазғанымыздай, «Ақтөбенің» биылғы чемпионатты алғашқы үштіктің сапында аяқтауға толық мүмкіндігі бар. Қазір біздің командамыздың көшбасшылардан әлі де бір ойыны кем.

Біз енді чемпионат соңына дейін төрт командамен күш сынасамыз — өз алаңымызда «Астана», «Қайсар»  командаларын қабылдап, сырт алаңда, «Сұңқар», «Қайрат» командаларымен кездесеміз.

*   *   *

Осы кезге дейін Премьер-лигада 159 кездесу өткізіліп, 82 ойында қожайындар, 43 кездесуде қонақтар жеңіске ие болды, 34 ойын тең нәтижемен аяқталды.

Чемпионат басталғалы 388 гол, ал әр кездесуде орта есеппен 2,44 гол соғылды.

Әзірге чемпионат барысында ең көп (43 рет) қайталанған есеп — 1:0.

Ойын кестесі

Командалар           О         Ұ         Т         Ж        Д         Ұп

1  «Шахтер»           23         15       2          6          44-14  47

2  «Ертіс»                 23       12        6         5          42-20  42

3   «Тобыл»             23       12        6         5          36-24  42

4   «Астана»            22       12        5         5          31-21  41

5   «Тараз»               23       13        2         8          29-29  41

6   «Ақтөбе»           22       11       5          6          36-21  38

7   «Ордабасы»      22        8          7         7          23-22  31

8   «Ақжайық»         23       9          4         10       32-31  31

9   «Қайсар»            23       7          6         10       19-27  27

10  «Қайрат»           22       6          8         8          22-29  26

11 «Атырау»           23       7          4         12       15-30  25

12 «Сұңқар»            23       5          7         11       14-26  22

13 «Жетісу»             23       5          4         14       25-43  19

14 «Оқжетпес»       23       3          2         18       18-49  11

(О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай).

Сұрмергендер:

1. Ұлықбек Бақаев («Ертіс») — 11 (үшеуі —он бір метрлік айып добы).

2. Игорь Зенькович («Ақжайық») — 10 (3).

3. Бауыржан Жолшиев («(Тобыл») — 8.

4. Эдин Юнузович («Жетісу») — 8.

5. Таңат Нөсербаев («Астана») — 8

6. Мирослав Лечич («Тараз») — 7.

7. Гедеминас Вияюс («Шахтер») — 7;

8. Сергей Струков («Ертіс») — 6.

9. Нұрбол Жұмасқалиев («Тобыл») — 6.

10. Андрей Финонченко («Шахтер») — 6.

11. Игорь Юрин («Ертіс») — 6.

12. Азат Нұрғалиев («Жетісу) — 6 (2).

13. Йосип Кнежевич («Қайрат») — 6 (3).

*   *   *

«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:

Сергей Лисенков — 5.

Марат Хайруллин — 4 (үшеуі  — он бір метрлік айып добы).

Александр Гейнрих — 4.

Брана Илич — 3.

Лукаш Байер — 3.

Тимур Кападзе — 3.

Петр Бадло — 2.

Самат Смақов — 2.

Эмиль Кенжесариев — 2.

Арунас Климавичус — 1.

Дарко Малетич — 1.

Зоран Костич — 1.

Юрий Логвиненко — 1.

Сергей Ковальчук — 1.

Роберт Праймус — 1.

Исламбек Қуат — 1.

*   *   *

4 қазан, бейсенбі күні, яғни бүгін «Ақтөбе» өз алаңымызда «Астананы» қабылдайды.

 Қалған кездесулер:

«Қайрат» — «Шахтер»;

«Ақжайық» — «Ертіс»;

«Ордабасы» — «Тобыл»;

«Тараз» — «Оқжетпес»;

«Жетісу» — «Атырау»;

«Қайсар» — «Сұңқар».

Төртеудің бірі — «Ақтөбе»

Өткен сенбі және жексенбі күндері Қазақстан Кубогы жолындағы ширек финалдың қарымта кездесулері өткізілді. Осы кездесулерде іріктеліп шаққан төрт команданың бірі келесі маусымда еліміздің Кубок иесі ретінде Еуропа Лигасында ойнайтын болады.

Ақтөбеліктер бұл жолы Шымкентке барды. 19 қыркүйекте Ақтөбеде өткен алғашқы кездесу тең аяқталғандықтан (0:0), бұл ойында жартылай финалға жолдама алуға екі команданың да мүмкіндігі тең еді. Екі команда да сол мүмкіндікті пайдалануға тырысып бақты.

Жасыл алаңда сәтті, сәтсіз қимылдар, ұрымтал ұмтылыстар алма-кезек ауысып отырды. Екі команда да қорғанысты еш ұмытпай, сонымен қатар реті келгенде шабуылдар ұйымдастырумен болды. Бәлкім, осы тепе-теңдік екінші таймның соңына дейін де жалғасар ма еді, бірақ 49-минутта ордабасылық Мохамед Арури бір ойында екінші рет ескерту қағазын алып қалды да, жасыл алаңды тастап шықты. Ал мұндай жан алып, жан беріскен ойында әр футболшының орны тым бөлек болатыны белгілі. Осының себебі ме, әлде ақтөбеліктердің басымдылығы даусыз болды ма, әйтеуір, 84-минутта Марат Хайруллин қақпашының қақпадан ілгерірек кетіп қалғанын байқап қалып, допты алыстан әуелете тепті. Доп қақпашы Бекбаевтың төбесінен асып түсті.

Гол соққан ақтөбеліктер жаңаша күшке мінді, қарсыластарына еркін қимылдауға мүмкіндік бермей қойды. «Ордабасының» жаттықтырушылар штабы жасаған алмастырулар, рас, шымкенттіктердің қорғанысын күшейтті, бірақ есепті теңестіруге, одан әрі ұлғайтуға тырысуға еш мүмкіндік бермеді.

Сөйтіп 30 қыркүйек күні Қажымұқан атындағы стадионға жиналған 3 мың жанкүйердің де, жалпы шымкенттердің де іші әбден удай ашығаны анық. Өйткені биылғы чемпионатта бұлар үздік үштіктің сапынан орын алмайтыны белгілі де еді. Міне, Кубок жорығы да күрт үзілді.

«Ордасы» — «Ақтөбе» — 0:1.

Гол авторы: Марат Хайруллин, 84-минут.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Роберт Праймус, Самат Смақов, Эмиль Кенжесариев, Юрий Логвиненко, Тимур Кападзе, Марат Бикмаев (Лукаш Байер, 80-минут), Марат Хайруллин, Абат Айымбетов (Исламбек Қуат, 87-минут), Сергей Ковальчук, Александр Гейнрих.

Ескерту қағазын алғандар: Юрий Логвиненко, 21-минут; Самат Смақов, 27-минут; Александр Гейнрих, 83-минут; Исламбек Қуат, 90+2 минут.

Басқа кездесулердің нәтижесі:

«Шахтер»-«Жетісу» — 1:0 (алғашқы кездесу — 1:1).

«Тобыл»-«Ертіс» — 1:0 (0:3).

«Астана»-«Қайсар» — 4:1 (0:1).

Осылайша жартылай финалға «Шахтер», «Ертіс», «Астана» және «Ақтөбе» командалары шықты.

Жартылай финалдың жеребесі 12 қазан күні тартылады да, кездесулер 1 және 5 қараша күндері өтеді.

Ал финалдық ойын өтетін күн — 11 қараша.

Айта кететін бір жай, бұл Кубокты бұл төрт команданың ішінде «Шахтер» футболшылары ғана қолға ұстап көрген жоқ. Қалған үш команда да бір-бір реттен Кубок иесі атанған болатын.

Тізімде үш футболшымыз бар

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мирослав Беранек Аустрия командасымен ойнайтын футболшылардың тізімін жариялады. 12 және 16 қазан күнгі кездесулерге төмендегі футболшылар шақырылды.

Қақпашылар: Антон Цирин («Ақжайық», Орал), Андрей Сидельников («Ақтөбе»), Александр Мокин («Шахтер», Қарағанды)

Қорғаушылар: Қайрат Нұрдәулетов («Астана»), Михаил Рожков («Астана»), Марк Гурман («Қайрат», Алматы), Мұхтар Мұхтаров («Ордабасы», Шымкент), Александр Киров («Шахтер», Қарағанды), Виктор Дмитренко («Астана»), Юрий Логвиненко («Ақтөбе»).
Жартылай қорғаушылар: Ұлан Қонысбаев («Астана»), Марат Хайруллин («Ақтөбе»), Валерий Коробкин («Астана»), Генрих Шмидтгаль («Гройтер Фюрт», Фюрт, Германия), Дмитрий Шомко («Ертіс», Павлодар), Павел Шабалин («Ертіс», Павлодар), Бауыржан Исламхан («Тараз»), Анатолий Богданов («Тобыл», Қостанай), Бауыржан Жолшиев («Тобыл», Қостанай), Азат Нұрғалиев («Сұңқар», Қаскелең), Марат Шахметов («Астана»).
Шабуылшылар: Дәуренбек Тәжімбетов («Ордабасы», Шымкент), Сергей Остапенко («Астана»), Таңат Нөсербаев («Астана»), Сергей Гридин («Шахтер», Қарағанды)
Резерв: Владимир Логиновский («Жетісу», Талдықорған), Александр Кислицын («Тобыл»), Антон Чичулин («Ертіс», Павлодар), Жамбыл Көкеев («Шахтер», Қарағанды), Мақсат Байжанов («Шахтер», Қарағанды), Игорь Юрин («Ертіс», Павлодар).

5-9 қазан аралығында командамыз Талғардағы ұлттық құрама базасында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 10 қазаннан бастап дайындықтарын Астанада жүргізеді. 15 қазанда Аустрияға ұшамыз. Егер негізгі тізімдегі футболшылар қандай да бір себептерге байланысты ұлттық құрамадан шет қалса, онда резервтегі ойыншылардың бірі шақырту ала алады.

Естеріңізге сала кетейік, 12 қазан күні Астана уақытымен сағат 22.00-де Мирослав Беранек бастаған ұлттық құрамамыз елорданың «Астана-Арена» стадионында Аустрия құрамасын қабылдайды.

Бетті әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button