Құқық

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Коммуналдық үй кезегіне тұра аламын ба?

Бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты анамын. Баспанам жоқ. Маған мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу кезегіне тұруға үміттенуге бола ма?

Несібелі,

Ақтөбе қаласы

«Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 67, 68-баптарына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй оған мұқтаж, сол қалада,  елді мекенде тұрақты тұратын (тұру мерзімінің ұзақ-қысқалығына қарамастан) және халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын, табысы аз топтарына жататын адамдарға беріледі. Әлеуметтік жағынан мемлекет тарапынан қорғалатын топтарға толық емес отбасылар, яғни, кәмелетке толмаған баланы (балаларды) жалғыз тәрбиелеп отырған әйелдер немесе ер адамдар (жұбайы қайтыс болған не одан ажырасқан, тіпті болмаса ешкіммен некеде тұрмаған болуы мүмкін) жатады.

«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану Тәртібін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1420 қаулысына сәйкес мұқтаж азамат тұрғын үй алуға есепке (кезекке) тұру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қалалық (аудандық) тұрғын үй қоры бөліміне отбасының барлық мүшелерін көрсете отырып,  бекітілген үлгі бойынша өтініш жазуы, азаматтарды тіркеу кітабын (түпнұсқасын және барлық беттерінің көшірмесін), өзінің және отбасы мүшелерінің меншігінде үй-жай жоқтығы туралы анықтама, әлеуметтік жағынан қорғалатын, табысы аз азаматтарға жататынын растайтын анықтама, отбасының барлық мүшелерінің соңғы 12 айдағы кірісі (зейнетақы, стипендия, жалақы, балаға жәрдемақы, алимент) туралы анықтама, жеке куәлігінің, баласының (балаларының) туу туралы куәлігінің, некені бұзу, жұбайының қайтыс болғаны туралы куәліктерінің түпнұсқасы мен көшірмелерін ұсынуы керек. Баланы жалғыз тәрбиелеп отырған, бірақ, ешкіммен некеде тұрмаған әйел (ер адам) азаматтық хал актілерін жазу бюросынан жеке басы мен отбасының ахуалы туралы № 4 үлгідегі анықтама алып, өтінішіне қоса тіркейді.

Қалай құтылуға болады?

Бір қызметкерді үш айлық сынақ мерзімімен жұмысқа қабылдап едік. Қызметтік міндеттерін атқара алмайтыны белгілі болып қалды. Енді оны қалай заңға сәйкестендіріп шығарып жіберуге болады?

Р. Жеткерген,

мекеме басшысы

Жұмысқа қабылданғаннан кейін сынақ мерзімінің кезеңінде оңды нәтиже көрсете алмаған қызметкерден құтылуға құқығыңыз бар. Тек еңбек шартын бұзатыныңыз туралы сынақ мерзімінің соңғы күнінен жеті күнтізбелік тәулік бұрын ескертуге міндеттісіз.

Көршіміз жанталасып жатыр

Ескі бес қабатты үйдің төртінші қабатында тұрамыз. Бізден жоғарғы қабатпен арамызды плиталар, бөренелер және едендік тақтайлар бөліп тұрады. Плиталар мен тақтайлардың арасы – 30 сантиметр. Жоғарыдағы көршілеріміз бөренелер мен тақтайларды алып тастап, пәтерлерінің қабырғаларын биіктету үшін жанталаса қимылдауда. Осы әрекеттері заңға сыя ма? Пәтеріміздің төбесі жұқарғасын дауыстары айқын – айқын естілетіні өз алдына, ескі плиталар омырылып түсіп, отбасымызды ойран ете ме деп қорқамыз.  

Ш. Жолкен

Ортақ тұрғын үйді пайдаланушылар өздерінен басқа тұрғындардың мазасын қашырмауға, қауіп-қатер жағдайында қалдырмауға, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның барлық талаптарын сақтауға міндетті. Пәтер құрылысына елеулі өзгеріс енгізу үшін көршілеріңіз тиісті құзырлы мекемелердің рұқсатын алуы тиіс еді. Енді уақыт оздырмай қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне барып, жағдайды баяндауыңыз қажет.

 Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

 8 (7132) 51-04-13; 8-701-586-11-10; 8-771-187-47-31;

8-707-892-55-14; 8-700-961-31-20

E-mail: sultan.ns@mail.ru

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button