Құқық

Пәтер ұрлығы көбейіп тұр

Жақында облыстық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Ақтөбе қаласында пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты қолға түсірді. Ұсталған 9 күдіктінің ішінде бір бойжеткен бар.

Облыстық ІІД баспасөз қызметі мамандарының мәліметінше, соңғы уақытта Ақтөбеде пәтер ұрлығы көбейіп кетті. Бұған дейін 8 бірдей пәтердің тоналғаны, бірақ күдіктілердің қолға түспегені жайында ақпарат тараған болатын. Жақында ақтөбелік полицейлер сол олқылықтың орнын толтырып, сезіктілерді қармаққа түсірді. Күдіктілердің жасы 20-22 аралығында.  Олардың барлығы да — Қызылорда облысының тұрғындары.  Пәтер тонауға машықтанған әккі ұрылардан әйел адамның 3 құндыз тоны,  «Панасоник» маркалы бейнекамера мен  «Аsеr» фирмасы шығарған ноутбук, бір сөмке әшекей бұйымдар және түрлі маркадағы 13 ұялы телефон тәркіленді. Анықтау барысында  күдіктілердің  Ақтөбе қаласының Кірпішті ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінің  пәтерінен әйелдің 2 құндыз тоны мен зергерлік алтын бұйымдарын, 50 мың теңге және 50 мың АҚШ долларын ұрлағаны да белгілі болды.  Сол сияқты, Сельмаш ауданындағы екінші бір үйден қымбат бағалы зергерлік бұйымдар мен  ұялы телефонның, 2 миллион теңгенің қолды болғаны анықталды.

Қазір жалпы шығын көлемі анықталып жатыр. Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс  қозғалып, 5 күдікті азамат қамауға алынды.

Осыдан тура бір ай бұрын ақтөбелік полицейлер 16 пәтерді тонаған қылмыскерді қолға түсірді. Ол ұрлықты қарапайым әдіспен жасаған, яғни есіктерді кезекпен қағып, үй иелері болмаған сәтте, құлыпты бұзып кіріп, бар дүние-мүлікті  тонаған. Жедел іздестіру шарасына кіріскен тәртіп сақшылары бұрын сотталған 23 жастағы күдіктінің ізіне түсіпті. Полицейлер арнайы бақылау  жүргізіп, қылмыскерді ұрлық жасау үстінде қолға түсіреді. Ол пәтерді арнайы құралдармен ашып, 90 мың теңге, алтын әшекейлер мен күміс тиындарды  ұрламақшы болған. Абырой болғанда,  полиция қызметкерлері оның бұл ісіне бөгет болды.

Жиырма бес жастағы қыздың пәтерін тонаған қылмыстың да беті ашылды. Жүрек жұтқан құрбысы досының үйіндегі 1,5 миллион теңгені қолды қылыпты.

Жақында полиция қызметкерлері тұрғын үйлердің балкондары арқылы пәтерлерді тонаумен айналысып келген қылмыстық топты ұстады. Төрт адамнан құралған қылмыстық топ Орал мен Ақтөбе қалаларындағы пәтерлерді тонаумен айналысқаны белгілі болды. Олардың көзі үйдегі ноутбуктер мен видеокамераға,  әйел сағаты, алтын және күміс әшекей бұйымдарға, ұялы телефондар мен  флэш карталарға түскен.

Құқық қорғау органына соңғы үш айда пәтер ұрлығына қатысты 150 дерек тіркеліпті. Мамандардың айтуынша, ақтөбелік тұрғындар қазір баспанасын иесіз қалдыруға қорқады. Өйткені әккі ұрылардың шамамен 20 пайызы есікті бұзу арқылы кірсе, 40 пайызы терезеден түсетін көрінеді.

 

Жыл басынан бері облыста 5500 ұрлық тіркелсе, оның 1000-нан астамы — пәтер ұрлығы. Пәтер ұрлығына қатысты қазір қылмыстың 50 пайызының ғана беті ашылды.  

 

Түнгі патруль тиімді ме?..

 

Ақтөбе қаласында қыркүйек айынан бастап «Сова» атты түнгі патрульдік қызмет  енгізілді.

Облыс орталығында қылмыстың бетін ашу операциясын жоғарылату мақсатында түнгі патрульдер құрылып, жұмыс жасай бастады. Бір аптаның ішінде 10 қылмыстың ізін суытпай ашқан полицейлер заң бұзушылық оқиғаларының басым бөлігі таң алдында жасалатынын айтады.

«Сова» түнгі патрульдік қызметінің мақсаты — түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстың ізін суытпай ашып, заң бұзушылық оқиғаларының алдын алу.

Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қаныбек Жақсығалиевтің айтуынша, түнгі патрульдегі экипаж құрамында жедел полиция өкілі, жол сақшысы, патрульдік полиция қызметкері мен учаскелік полиция инспекторы бар. Келісіп дайындалған кестеге сәйкес, арнайы экипаж Ақтөбе қаласында автопатрульдеу арқылы түнгі сағат 23.30-дан таңғы 8.00-ге дейін қызмет етеді. Қазір күн сайын қала аумағында түнгі патрульге 10 экипаж тұрақты шығып жүр.

«Сова-2» полиция экипажының командирі Ораз Жылқаманов түнгі уақытта ұрлық пен қарақшылық оқиғаларының жиі тіркелетінін айтады.  Мәселен, жуырда таңғы сағат 5-тер шамасында «102» нөміріне бейтаныс азамат қоңырау шалып, белгісіз біреулердің Қонаев көшесі бойындағы «Халық Банкі» ғимараты маңында тұрған «Мерседес» маркалы автокөліктің құрал-жабдықтарын ұрлағаны жөнінде хабарлайды. Оқиға орнына дереу жеткен «Сова-1» автопатрулі қылмыстың ізін суытпай, «Фольксваген-Венто» маркалы автокөлігін тоқтатып, көлік ішіндегі 24-26 жас аралығындағы 3 жігітті ұстайды. Полиция экипажы күдіктілер мінген автокөліктен көлемі R-15 төрт дөңгелек, автомагнитола тәркіледі.

Қазір осы дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің  175-ші «Ұрлық» бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

О.Жылқамановтың айтуынша, мұндай жағдай жиі тіркеледі. 17 қыркүйек күні түнгі сағат 01.00 шамасында қаланың Құрмыш ауданының 30 жастағы тұрғыны  «102» нөміріне ұялы телефон арқылы ішкі істер департаменті жедел басқару орталығына хабарласып, бейтаныс жігіттің алаяқтық әдіспен ақшасын алып кеткендігі туралы мәлімдепті. Оқиғаны ести салысымен департаменттің  жедел басқару орталығының операторлары кезекшілікте жүрген полиция жасақтарына шұғыл хабарлама беріп, күдіктінің түр-тұлғасын сипаттаған. Оқиға болған аймақта жүрген «Сова-5» автопатрулі 31 жастағы күдіктіні қолға түсіріп, алаяқтық жолмен алдап алған 15 мың теңгені тәркілейді.

Қазіргі таңда осы дерек бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің  177-ші «Алаяқтық» бабына сәйкес қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде.

Қылмысты ауыздықтаудың сан түрлі әдісі болғанмен, сол тәсілді тиімді қолдана білудің де реті барын ұғынған ақтөбелік полицейлер алдағы уақытта да қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмысын жандандыра бермек.

 

Уақытша бостандықта жүр

 

Теміржол бойындағы рельс төсемдерін сатқан 4 ұрыны ақтөбелік полицейлер құрықтады. Әккі ұрылар рельстерді қара металл қабылдайтын орындарға сатып, одан түскен ақшаны да жұмсап үлгеріпті.

Рельстердің ұрланғаны жайындағы ақпаратты Хромтау аудандық ішкі істер бөліміне жергілікті 52 жастағы кәсіпкер хабарлаған. Арызданушының мәліметінше, Хромтау қаласынан 13 шақырым жердегі әлі қолданысқа берілмеген «Бадамша-Шілікті» теміржол бекеті аралығындағы рельстерді бейтаныс біреулер түн мезгілінде ұрлаған көрінеді. Оқиға орнына дереу жеткен тексеру тобы жалпы ұзындығы 320 метр қара металдың қолды болғанын анықтайды. Нақтырақ айтсақ, 52 дана темір бастырма,  520 рельс төсемдері, 2080 дана балдақ шегелер, 156 дана болттар мен гайкалар ұрланған.

Әрине, бұл ұрлықтың бетін ашу тәртіп сақшыларына оңайға соққан жоқ. Бір аптаға жуық ұрылардың ізін кесіп, мұқият ұйымдастырылған жедел іздестіру шарасының нәтижесінде Хромтау аудандық ішкі істер бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері 20-47 жас аралығындағы 4 ақтөбелік тұрғынды ұстады. Олар 6 метрлік теміржол рельсін 2,5 метрден кесіп, «ГАЗель» автокөлігіне тиеген. Кейін күдіктілер рельстерді қара металл қабылдайтын орынға өткізіп, оңай олжадан түскен пайданы өзара бөліп алыпты.

Қазіргі таңда осы дерекке сәйкес Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің  175-ші «Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде. Ұрланған заттардың бір бөлігі ғана тәркіленді. Келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр. Күдіктілер қала аумағынан ешқайда кетпеу туралы қолхатпен уақытша бостандыққа жіберілді.

 

 

Қонаққа келіп, қаза тапты

 

Сейсенбі күні Ақтөбе қаласы «Ет комбинаты» саяжай ұжымындағы үйлердің бірінде 56 жастағы ер адам көз жұмды.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі мамандарының хабарлауынша, тергеу барысында оның денесі мен бетінде ұрып-соғудың белгілері анықталған.

«Сова» түнгі патрульдік қызметі оқиға орнынан қаза тапқан ер адамның 22 жастағы күйеу баласын тапты. Белгілі болғандай, алкогольді ішімдіктер ішкен екеудің арасында ұрыс-керіс туындаған. Нәтижесінде қайын атасы күйеу баласының қолынан қаза табады.

Анықталғандай, қайтыс болған ер адам Ресейдің Орынбор облысындағы Соль-Илецк ауылының тұрғыны болып шықты. Ақтөбеге қызының үйіне қонаққа келген.

Аталған дерек бойынша қазір Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 103- бабының 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті азамат уақытша тергеу абақтысына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қазір екеудің арасындағы жанжалдың себептері анықталу үстінде.

 

Манекеннен киім ұрлады

 

Полицейлер дүкендегі манекендерде ілініп тұрған әйелдер кеудешелерін шешіп алып кеткен ұрыны ұстады. 

Ұрының бұл әрекеті туралы ақпаратты құқық қорғау органы қызметкерлеріне ақтөбелік 41 жастағы кәсіпкер әйел хабарлаған. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі мамандарының мәлімдеуінше, дүкенші сатып алушыларға  қызмет көрсетіп тұрған кезде белгісіз адам 2 манекендегі киімдерді шешіп алып,  оқиға орнынан ізін суытқан.

Іздеу шараларын өткізу барысында Ақтөбе қалалық ІІБ қылмыстық полиция қызметкерлері осы іске қатысты күдіктіні ұстады. Жұмыссыз жүрген отыз төрт жастағы ер азаматтың бұған дейін де қылмыс жасағаны анықталды. Тергеу барысында, оның ұрлаған заттарды сатып, одан түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны да белгілі болды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 175-бабы («Ұрлық») бойынша қылмыстық істі қозғау мәселесі шешілуде. Ал күдікті азамат қала аумағынан кетпеу туралы қолхат толтырды.

 Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button