Спорт

Үзілістен соң

Екі апталық үзілістен соңғы кездесулерде көш бастаушылар ала-құла ойнады: 1 ұтыс, 1 тең, 1 жеңіліс. Дегенмен алғашқы үштік орындарын өзгерткен жоқ.
Жалпы 1-8 орындағылар бұл турда ілгері де, кейін де жылжымай, ерекше тұрақтылық көрсетті.
Ал қауіпті аймақта тұрған, «Оқжетпеске» сыңар болудан «дәмелі» көш соңындағылар (мысалы, «Жетісу», «Сұңқар», «Қайрат») ұтпаса да, жеңілген жоқ. Сөйтіп соңғы төрт орынға да (11-14) түзету енбеді.
Ойын кестесіндегі жалғыз ғана өзгеріс сол — тек «Қайсар» бір саты жоғарылап, «Атырау» бір саты төмендеді.
Енді ретімен баяндалық.
Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңында көкшетаулық «Оқжетпесті» қабылдады.
Әрине, жерлестеріміздің жеңіске жететіндігіне, оның үстіне көштің ең соңғы сатысында тұрған «Оқжетпесті» ірі есеппен ұтатындығына Орталық стадионға жиналған 7 мың жанкүйер еш күмәнданған жоқ. Тек ойынның ақырғы есебін күту ғана қалған.
Бірақ кездесу қызық басталды. Ең әуелі қонақтар есеп ашып кетті. Төрешінің ысқырығы белгі бергеннен кейін 35 секунд өтер-өтпесте Адриан Григорута қақпамызға бір допты сүңгітті де жіберді — 0:1.
Дегенмен сол қонақтар есепті қайтадан теңестіріп те берді. Лукаш Байер қақпа маңына әуелете тастаған допты кері қайтармаққа әрекеттенген шымкенттік Деян Мартинович қапылыста өз қақпашысын өзі «алдап соқты» — 1:1.
Бұдан соң ақтөбеліктер толассыз шабуылға көшті. Марат Бикмаев, Самат Смақов, Петр Бадло, Сергей Лисенков, Лукаш Байер бірнеше реттен есепті ұлғайту мүмкіндіктерін сәтті пайдалана алмай қалды. Тек 32-минутта ғана Самат Смақов қолмен қойғандай етіп тастаған пасты Александр Гейнрих кеудесіне оңтайлы қабылдап, қақпаның жоғарғы оң бұрышын дәл нысанаға алды — 2:1.
Ал 41-минутта Тимур Кападзе оқша зымырата тепкен доптың бағытын Сергей Лисенков кілт өзгерте қақырата теуіп, қақпашыдан айласын асырып кетті — 3:1.
Рас, бірінші таймда көкшетаулықтар да қарап қалды деуге болмас. Мысалы, басқаларын айтпағанда, Амановтың бір өзі ғана үш рет қауіпті соққылар жасады.
Екінші таймда да ақтөбеліктер тізгіннен айрылған жоқ. 77-минутта тиімді шабуылды Александр Гейнрих тиімді соққымен аяқтады — 4:1.
Екі минут өтпей жатып ақтөбеліктер тағы бір шабуылды бастады. Сергей Лисенков бастап, Марат Хайруллин қостаған бұл шабуылда команда капитаны Самат Смақов көзге түсті — 5:1.
Ұтылғандары анық болып тұрса да, көкшетаулықтар да намысқа тырысып бақты. 73-минутта қақпаны сәл қиыс көздеген Виталий Головешкин ақыры мақсатына жетті. Ол 84-минутта біздің қақпашымыз Андрей Сидельниковті қапы қалдырды — 5:2.
Сөйтіп «Ақтөбе» осы турдағы ірі есеппен аяқталған жалғыз ойынның қаһарманы атанды.
«Ақтөбе»-«Оқжетпес» — 5:2.
Гол авторлары: Григорута, 1-минут (0:1); Мартинович, 5-минут, автогол (1:1); Александр Гейнрих, 32-минут (2:1); Сергей Лисенков, 41-минут (3:1); Александр Гейнрих, 77-минут (4:1); Самат Смақов, 79-минут (5:1), Виталий Головешкин, 84-минут (5:2).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Петр Бадло, Самат Смақов (капитан), Лукаш Байер (Арунас Климавичус, 55-минут), Эмиль Кенжесариев, Сергей Лисенков, Юрий Логвиненко (Марат Хайруллин, 54-минут), Сергей Ковальчук, Александр Гейнрих (Антон Землянухин, 78-минут), Марат Бикмаев, Тимур Кападзе.

* * *
«Ақтөбе» осылайша өз алаңындағы он ойынның жетеуін жеңіспен аяқтады, үш кездесуде ірі есеп нәтижесімен ұтты, тең ойын — екеу, жеңіліс — біреу.
Ал сырт алаңда үш рет қана ұттық, тең ойын — үшеу, жеңіліс — төртеу.
«Ақтөбенің» биылғы чемпионатты алғашқы үштіктің сапында аяқтауға мүмкіндігі бар екендігіне дау жоқ. Себебі қазір біздің командамыздың көшбасшылардан екі ойыны кем.
Біз енді чемпионат соңына дейін алты командамен күш сынасамыз — өз алаңымызда «Астана», «Қайсар», «Ақжайық» командаларын қабылдап, сырт алаңда «Атырау», «Сұңқар», «Қайрат» командаларымен кездесеміз.

* * *
Енді Премьер-Лиганың басқа кездесулерінің қорытындыларына келейік.
«Сұңқар»-«Астана» — 1:1.
Гол авторлары: Азат Нұрғалиев, 37-минут (1:0); Дамир Кояшевич, 40-минут (1:1).
«Тараз»-«Ертіс» — 3:2.
Гол авторлары: Мирослав Лечич, 6-минут (1:0), Ұлықбек Бақаев, 34-минут, пенальти (1:1); Мирослав Лечич, 58-минут (2:1); Абдулай Дикате, 80-минут (3:1); Предрат Говедарица, 88-минут (3:2).
«Қайсар»-«Атырау» — 1:0.
Гол авторы: Асхат Тағыбергенов, 24-минут (1:0).
«Жетісу»-«Тобыл»» — 1:1.
Гол авторлары: Милош Михайлов, 14-минут (1:0); Нұрбол Жұмасқалиев, 31-минут, (1:1).
«Ақжайық»-«Шахтер» — 0:1.
Гол авторы: Жамбыл Көкеев, 70-минут (0:1).
«Ордабасы»-«Қайрат» — 0:0.

* * *
22-турдың ерекшеліктері.
Біріншіден, бұл турда 18 гол соғылды. Бұл есеп чемпионат басталғалы, міне, бесінші рет қайталанып тұр. ІІ, ХІІ, ХVІІ, ХХІ турларда дәл осылай 18 гол соғылған болатын.
Екіншіден, өткен 21-турдағы секілді бұл жолы да үш кездесуде алаң иелері, бір ойында қонақтар жеңді, үш кездесу тең нәтижемен аяқталды. 1:0 және 1:1 есептері екі реттен қайталанды.
Үшіншіден, бұл турда бір рет қана ірі есеп нәтижесі (5:2) тіркелді.
Төртіншіден, екі футболшы (Александр Гейнрих, «Ақтөбе»; Мирослав Лечич, «Тараз») бір ойында екі голдан соқты.
Бесіншіден, екі рет он бір метрлік айып добы белгіленіп, оның біреуін «Шахтер» командасының футболшысы Жамбыл Көкеев қарсыластар қақпасына енгізе алмады. Бір футболшы ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін жасыл алаңнан қуылды (Владимир Яковлев, «Ертіс»).
Алтыншыдан, чемпионат басталғалы қонақтар сырт алаңда 40-рет жеңіске ие болды.
Жетіншіден, «Тобыл» қатарынан жетінші ойын бойы ұтылыссыз, бұл жолы тең ойнады.
Сегізіншіден, «Ақжайық» өз алаңында үшінші рет жеңілсе, «Оқжетпес» сырт алаңда оныншы рет ұтылды.
Тоғызыншыдан, «Тобыл» сырт алаңда үшінші рет 1:1 есебімен тең ойнаса, «Жетісу» өз алаңында дәл осылай үшінші рет 1:1 есебімен тең ойнады. Ал «Атырау» сырт алаңда үшінші рет 0:1 есебімен ұтылды.
Оныншыдан, «Астананың» жартылай қорғаушысы Ұлан Қонысбаев Премьер-лигадағы жүзінші кездесуін өткізді.
Осы кезге дейін Премьер-лигада 151 кездесу өткізіліп, 77 ойында қожайындар, 40 кездесуде қонақтар жеңіске ие болды, 34 ойын тең нәтижемен аяқталды.
Чемпионат басталғалы 366 гол, ал әр кездесуде орта есеппен 2,42 гол соғылды.
Әзірге чемпионат барысында ең көп (41 рет) қайталанған есеп — 1:0.

Ойын кестесі

Командалар О Ұ Т Ж Д Ұп

1 «Шахтер» 22 14 2 6 42-14 44
2 «Тобыл» 22 12 6 4 36-23 42
3 «Ертіс» 22 11 6 5 39-20 39
4 «Астана» 21 11 5 5 28-21 38
5 «Тараз» 22 12 2 8 28-29 38
6 «Ақтөбе» 20 10 5 5 31-17 35
7 «Ордабасы» 21 8 7 6 23-19 31
8 «Ақжайық» 21 8 4 9 27-26 28
9 «Қайсар» 22 7 6 10 19-24 27
10 «Атырау» 22 7 4 11 15-28 25
11 «Қайрат» 21 5 8 8 20-28 23
12 «Сұңқар» 22 5 7 10 14-24 22
13 «Жетісу» 22 5 4 13 25-42 19
14 «Оқжетпес» 22 2 2 18 17-49 8

(О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай).

Сұрмергендер:
1. Ұлықбек Бақаев («Ертіс») — 10 (үшеуі —он бір метрлік айып добы).
2. Игорь Зенькович («Ақжайық») — 9 (3).
3. Бауыржан Жолшиев («(Тобыл») — 8.
4. Эдин Юнузович («Жетісу») — 8.
5. Мирослав Лечич («Тараз») — 7.
6. Таңат Нөсербаев («Астана») — 7.
7. Сергей Струков («Ертіс») — 6.
8. Гедеминас Вичюс (Шахтер») — 6.
9. Нұрбол Жұмасқалиев («Тобыл») — 6.
10. Андрей Финонченко («Шахтер») — 6.
11. Игорь Юрин («Ертіс») — 6.
12. Азат Нұрғалиев («Жетісу) — 6 (2).
13. Йосип Кнежевич («Қайрат») — 6 (3).

* * *
«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:
Сергей Лисенков — 5.
Марат Хайруллин — 4 (үшеуі — он бір метрлік айып добы).
Брана Илич — 3.
Александр Гейнрих — 3.
Петр Бадло — 2.
Тимур Кападзе — 2.
Лукаш Байер — 2.
Самат Смақов — 2.
Арунас Климавичус — 1.
Дарко Малетич — 1.
Зоран Костич — 1.
Юрий Логвиненко — 1.
Сергей Ковальчук — 1.
Роберт Праймус — 1.
Эмиль Кенжесариев — 1.

* * *
23 қыркүйек, жексенбі күні «Ақтөбе» сырт алаңда «Атыраумен» кездеседі.
Қалған кездесулер:
«Шахтер» — «Сұңқар»;
«Астана» — «Қайсар»;
«Оқжетпес» — «Жетісу»;
«Тобыл» — «Тараз»;
«Ертіс» — «Ордабасы»;
«Қайрат» — «Ақжайық».

Кездесетін күн нақтыланды

Премьер-Лигада үш кездесу кейінге қалдырылып келгені белгілі.
Мысалы, ауа райының күрт құбылуына байланысты Шымкент пен Астана футболшылары 18 наурыз күні жасыл алаңға шыға алмаған еді.
Ал Еуропа Лигасының іріктеу кездесулеріне қатысатындықтан «Ақтөбенің» екі ойыны кейінге шегерілген болатын.
Міне, енді осы ойындардың өтетін күні белгіленді.
26 қыркүйек. «Ақтөбе» — «Ақжайық». 18-турдың ойыны.
24 қазан. «Қайрат» — «Ақтөбе». 19-турдың ойыны.
25 қазан. «Ордабасы» — «Астана». 2-турдың ойыны.

* * *
Сондай-ақ Шымкентте Қазақстан Кубогы үшін болатын ширек финалдың қарымта кездесуі бір күнге шегерілді.
«Ордабасы» мен «Ақтөбе» бұрын хабарланғандай 29 қыркүйекте емес, 30 қыркүйекте кездесетін болды.

Жаза: 5 кездесу және айыппұл

Дүйсенбі күні Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік бақылау комитетінің кезекті отырысы болып, төмендегідей шешімдер қабылданды.
Қазақстан жастар құрама командасының сапында болған кезде тәртіп бұзғандары үшін Евгений Горячий («Астана»), Сергей Лисенков («Ақтөбе»), Рахымжан Розыбакиев («Қайрат») және Саят Сариев («Жетісу») Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан Кубогы ойындарында 5 кездесуден шеттетілді.
22-турдағы «Тараз»-«Ертіс» кездесуінде тараздық футболшыға қол жұмсағаны үшін Владимир Яковлев («Ертіс») 5 кездесуге қатыстырылмайтын болды. Ал команда негізінен нашар мінез-құлық көрсеткені үшін «Ертіс» футбол клубына 150 мың теңге айып салынды.
Осы турдағы «Қайсар»-«Атырау» кездесуіндегі өрескелдіктері үшін атыраулықтар клубы 200 мың теңге айыпқа жығылды.

Бетті әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button