Спорт

«Шапшаңдықпен жеңіп шығуға тырысамын»

Бүгінде қазақ күресінен екі мәрте әлем чемпионы атағына жеткен үш-ақ палуан бар екен. Солардың бірі — ақтөбелік Бақтыбай Қисықов. Бақтыбай 2008 жылы Ресейдің Орск қаласында және 2010 жылы Астанада өткен әлем біріншіліктерінде жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, ол — бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы; екі мәрте Азия чемпионы; әлем кубогының иегері (2009 жыл); Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері; 2007 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп жүрген бапкер.

«Қазақстан барысы» турнирінің қыркүйектің 22-сіне белгіленген ақтық сыны қарсаңында біз Бақтыбайды әңгімеге тартқанды жөн көрген едік.

 

Қазақ күресі Олимпиада бағдарламасына қашан енеді?

— Қазақ күресінің тамыры — тереңде. Сөйтсе де ол халықаралық аренаға кейінгі жылдары ғана шыға бастады. Бүгінгі күні қазақша күрестен бірнеше әлем чемпионаттары өтті, ұлттық күресіміз Универсиада бағдарламасына енгізілді. Қазақ күресінің өткені, бүгіні, болашағы туралы Сіз не айтасыз?

— Иә, күрес — ежелден-ақ әлемде кең тараған спорт түрі. Соның ішінде, қазақ жерінде де күрес өнері барынша қанат жайған. Қажымұқан, Балуан Шолақ сынды бабаларымызды айтпағанда, беріде, мысалы, 1980 жылғы Олимпиада Ойындарында екі бірдей қазақ жігітінің — Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков ағаларымыздың — грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы атануы тіпті де тегіннен-тегін емес: ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрдің, қанда бар өнердің жарқ етіп көрінуі болса керек.

Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін күрестің ұлттық түріне барынша көңіл бөліне бастады. 2004 жылы Берлинде өткен Еуропа қазақтары Құрылтайында (немесе Дүниежүзі қазақтарының кіші Құрылтайы деп те аталады) халықаралық Қазақ күресі федерациясы құрылды. 2010 жылы ол Халықаралық күрес түрлері федерациясының (ФИЛА-ның) құрамына қабылданды. Бүгінге дейін үш рет әлем біріншілігі; бірнеше мәрте Азия чемпионаты; Еуропа чемпионаты; жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Бұл — үлкен жетістік. Сонымен қатар, қазақ күресі Бүкіләлемдік студенттер ойындарының (Универсиада) бағдарламасына енгізіліп отыр. 2013 жылы татар жұртының астанасы — Қазан қаласында өтетін Универсиадада қазақ күресінен белдесулер өтетін болады. Алдағы уақытта қазақ күресі Азия Ойындары бағдарламасына да енгізіледі деген үміт бар.

— Бүгінде қазақ күресі қай елдерде жақсы дамыған спорт түріне айналды?

— Қазақ күресі барлық құрлықтарға жетіп отыр. Соның ішінде, Азия елдерінде өте қарқынды дамып келеді. Қырғызстан, Моңғолия, Қытай елдері палуандарының өнері қазақтардың өздерінен кем түспейтіндей деңгейге жеткен. Бұған халықаралық жарыстарда сан рет көз жеткіздік. Еуропа елдерінде де қазақ күресіне деген ықылас бар. Мысалы, Германия палуандары халықаралық жарыстарды жібермей қатысады. Еуропа елдерінде қазақ күресін дамытуға сол мемлекеттердегі қазақ диаспоралары күш салып келеді. Ал Америка құрлығына келсек, өздеріңіз білесіздер: биыл Бразилияның Сан-Паулу қаласында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті. Осы біріншілікте жарыс қожайыны — Бразилиямен қатар, Гватемала, Чили, Уругвай елдерінің палуандары өнер көрсетті.

— «Қазақ күресі Олимпиада бағдарламасына енгізілсе» деген арман да естіліп жүр?

— Бүгінгі күні қазақ күресі бойынша халықаралық федерация құрамында 50-ге жуық ел бар. Кез келген спорт түрін Олимпиада бағдарламасына енгізу үшін, алдымен 100-ден астам ел қатысқан әлем біріншілігін өткізу керек. Әрине, үміт бар. 2020 жылға немесе 2024 жылға дейін олимпиадалық спорт түрі қатарына қазақ күресі, бәлкім, қосылып та қалар?

— «Қазақстан барысы» турнирі жөнінде айтсаңыз?

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан барысы» турнирі биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. «Қазақстан барысы» турниріне іріктеу үш кезеңді қамтыды: алдымен — ауылдарда, одан соң аудандық, облыстық деңгейде жарыстар өткізілді. Қыркүйектің 22-сінде өтетін республикалық турнирге әр облыстан және Астана, Алматы қалаларынан екі палуаннан барады. Олардан бөлек, Олимпиадада өнер көрсеткен палуандар мен былтырғы турнирдің жеңімпаздары да қатыса алады. Талап бойынша, «Қазақстан барысы» республикалық турниріне қатысатын палуандардың салмағы 74 келіден жоғары болуы тиіс. Турнирдің өткен жылғы жеңімпазы қызылордалық Ұлан Рысқұл екенін жұртшылық біледі.

«Қазақстан барысына» палуандар ғана емес, жалпы халық үлкен қызығушылық танытып отыр. Өткен жылы тамашалағысы келгендер жұрт «Дәулет» спорт кешеніне сыймай қалды, сондықтан биыл турнир 9 мыңнан астам адам сыятын «Сарыарқа» велотрек спорт кешенінде өтеді.

— Былтыр турнирге облысымыздан төрт палуан қатысқаны есімізде?..

— Иә, өткен жылы ақтық сында 64 палуан өнер көрсеткен еді, биыл ұйымдастырушылар әр облыстан екі палуаннан ғана шақырып отыр. Біздің облыстан екі жолдаманы Нұрсұлтан Иманғазин екеуіміз жеңіп алдық. Нұрсұлтан — дзюдо күресінен жетістіктерге жетіп жүрген палуан. Сондай-ақ қазақ күресінен спорт шебері. Қазақ күресінен ҚР кубогының күміс жүлдегері. Жеке бапкері — Эдуард Саламатов. Қазір қазақ күресінен облысымыздың аға жаттықтырушысы Орынбасар Жолмағамбетовтің жетекшілігімен дайындық жүргізіп жатырмыз. Астанаға осы айдың ортасына қарай аттанамыз.

— Лондон Олимпиадасындағы  палуандарымыздың өнерін қалай бағалайсыз?

— Олимпиадада Қазақстан спортшыларының әрқайсысына тілектес болдық, еліміздің қоржынына түскен әр жүлдеге қуандық. Лондондағы қазақ елінің табысы — әлемді таң қалдырған жетістік болды. Елімізде спортты насихаттау, спортшыларға қолдау бар, спортшылар Елбасының тікелей қамқорлығын сезініп отыр, сондықтан бұл табыс заңды деп ойлаймын.

Күрес түрлерінен еліміздің қоржынына үш жүлде түсті. Жалпы, біздің палуандарымыз қай-қай Олимпиададан да құр қайтқан емес қой. Ал мен өз басым осы жолы дзюдошыларымыздан жүлде күткен едім. Өйткені, дзюдо біздің ұлттық күресімізге жақындау… Өкінішке орай, үмітім ақталмады. Дзюдошыларымыздың өнері, деңгейі төмен деуге келмейді, бірақ белдесулер барысында түрлі қателіктер жіберіп алды. Асхат Жіткеевтің Пекиндегі күміс жүлдесі әзірге дзюдошыларымыздың Олимпиададағы жалғыз ғана жетістігі болып тұр.

 

Осал қарсылас болмайды…

— Өзіңіз спортқа қалай келдіңіз?

— Он жасымнан бастап қазақ күресін серік етіп келемін. Алғашқы бапкерім — Рүстем Ермағамбетов. 2004 жылы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысып, жүлдегер атандым. Сол жылдан бастап Орынбасар Жолмағамбетовтің шәкіртімін.

— Өткен жылғы «Қазақстан барысы» турнирінде салмағы жағынан сізден әлдеқайда басым Бейбіт Ыстыбаевтан жеңіліп қалдыңыз. Орта салмақтағы палуанға аса ауыр салмақтағы палуанмен белдесу тіпті де оңайға түспесе керек? Ұйымдастырушылар мұны ескеруі тиіс емес пе?

— Иә, үшінші айналымда Бейбіт Ыстыбаевтан жеңілдім. Кейін оның финалға шыққанын білесіздер. Қазір мен 81 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрмін, ол кезде 74 килограмм салмақ дәрежесінде едім. Ал Бейбіттің салмағы — 135 килограмм.

Десе де «Қазақстан барысы» турнирі «Күш атасын танымас» принципі бойынша өткізіледі. Мұны әділетсіздік деп санамаймын. Өйткені қазақ күресінде салмағы өзіңнен басым палуанды шапшаңдықпен, түрлі әдістермен жеңіп шығуға әбден болады. Әрине, шапшаңдықпен жеңіп шығуға тырысу керек.

— Жалпы, төрешілер әділетсіздігіне ұшыраған кезіңіз болды ма?

— Өмір болған соң, әділетсіздік болмай тұрмайды. Спортта да әділетсіздік бірде болмаса, бірде алдыңнан шығады. Ең бастысы — жасымау. Келесі жолы сол әділетсіздікке жол бермеу үшін, өзіңді-өзің қамшылап, шеберлігіңді шыңдауға ұмтылу керек. Өз ұстанымым осындай.

— Қарсыластарыңыздың арасынан кімді ерекше атай аласыз?

— Қарсыластың қай-қайсысын да мықты деп есептеу керек деп білемін. Мәселе — спортшының атақ-даңқында емес, сол кездегі бабы, дайындығы қай деңгейде екендігінде. Мысалы, біздің дзюдошымыз Максим Раков Лондон Олимпиадасына әлем бойынша ең мықты палуан ретінде барды. Бірақ әзірбайжанның еш атағы, жетістігі жоқ жас палуанынан жеңіліп қалды. Осындай жағдай болмау үшін, қарсыласыңның ешқайсысына да осал деп қарамау керек.

— Ал жанкүйер ретінде спорттың қай түрі сізге жақын?

— Әлемде ең жанкүйері көп спорт — футбол. Мен де футбол қараймын. Англияның «Челси» клубының жанкүйерімін.

 

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

—    «Қазақстан барысы» турнирінің ұйымдастырушылары — Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру ісі  жөніндегі агенттігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қызылорда облысының әкімшілігі, «Қазақстан барысы» Қазақ күресін дамыту қоры және Қазақстан Республикасының Қазақ күресі федерациясы. Бас демеушісі — «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры.

—    «Қазақстан барысы» турнирінің жүлде қоры өте қомақты: жеңімпазға алтыннан құйылған «Тайтұяқ» және Алтын белбеу, оған қоса 150 мың доллар қаржылай жүлде беріледі. Көрермендер де құр қалмайды: билеттер лотерея ұтысында ойнатылады, бас жүлде — автокөлік.

—    Бақтыбай Қисықовтың лақап аты — «Шөмекей аюы»; «Қазақстан барысына» Ақтөбеден қатысатын екінші палуан — Нұрсұлтан Иманғазиннің лақап аты: «Мұғалжар қыраны».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button